"Жарқын болашақ" және қазақ тілі

Dalanews 08 мам. 2016 03:23 260

30 сәуір күні Елорда төріндегі «Қазақстан» концерт залында айрықша, бұған дейін болмаған шара өтті. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына және 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры ҚР Білім және ғылым министрлігі және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге «Жарқын болашақ» деген атаумен Халықаралық тіл және мәдениет фестивалін өткізді.  «КАТEV»  – бұған дейін елдегі ізгі бастамалардың жаршысы болып келе жатқан бірегей ұйым. Әсіресе, мәдениет үндестігін, өркениеттік сабақтастықты және заманауи ағартушылықты, ел мен елдің татулығын іске асыру бағытында жұмыс істеп келе жатқан азсанды ұйымның бірі десек болады. «Жарқын болашақ» осыған дейін елімізде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан өнер жарысы болатын. Еліміздегі мектеп оқушылары жыл сайын «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасына қатысып, арнайы жүлделермен, ЖОО гранттарымен марапатталатын игі дәстүр енді халықаралық белеске көтеріліп отыр.

2d947679c6f88cedcc6b7135ca423952Фестиваль аясында өткен концерттің шымылдығы Африка құрлығынан келген ФОЛ МБЕГИ мен қазақстандық Ерлан Әбдіхалықтың орындауындағы «Үш қоңыр» әнімен ашылды.

Сенегалдық Фол Мбегиге бұл әнді еліміздегі қазақ-түрік лицейінде бірнеше жыл қызмет еткен түрік азаматы үйреткен көрінеді.

Осылай басталған концертте әр елден келген жасөспірімдер бар өнерін салып, Астана жұртшылығын серпілтуге тырысты. Алматыда өткен Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасында І-ші орын иегері Дина Мурашева «ДАТ» поэмасынан үзінді оқып, елдің ыстық ықыласына бөленді.

 

Белгілі әнші Ибрагим Ескендір және 8-ші республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы «Әнші бұлбұлдар» номинациясының гран-при иегері Жаңабаев Абзал мен Угандадан келген Бирумасу Роджерс бірігіп айтқан қазақ әні зал толы жұртшылықтың зор қошеметіне ие болды.

dalanews bolashak01Осындай әсерлі сәттері көп кешті қорытындылау барысында шараны ұйымдастырушы  «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте біраз сүйінші хабарларды қалың жұртшылыққа жеткізді.

Биыл «Жарқын болашақ» олимпиадасының 42 жүлдегеріне еліміздің жоғары оқу орындарының білім гранттары беріліпті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі – ғажап тіл, тек біз оны насихаттай білуіміз керек» деген сөзін ту етіп, жыл сайын «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы өтіп келеді. Бұл олимпиаданы өткізудегі басты мақсат – мемлекеттің мәртебесін көтеру, қазақ және өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру, оларға ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді, тарихымызды бойына сіңіру арқылы «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру болып табылады», – деді ол.

«Осы жолы олимпиадаға бірінші рет Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Алтай өлкелерінен келген қандастарымыз қатысты. Кіндік қаны тамған жерге келген бірқатар қазақ баласына да жоғары оқу орындарының гранттары бөлініп, оларға атажұртында білім алуға жағдай жасалды», – деді Д.Өте.

Осылайша «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры шетелдегі қазақ қандастарымыздың елімізде білім алуына жағдай жасап жатқаны айтылды. Ұйымдастырушылар шетелдегі қазақ балаларына ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерінің әсемдігін көрсетіп, олардың елжандылық сезімдерінің оянуына мүмкіндік жасап жатырмыз дейді.

«Мұның сыртында әлем халықтарының достығын нығайтып, жасөспірімдер арқылы Қазақстанның қандай ел екенін әлемге насихаттамақшымыз» дейді олар.

dalanews bolashakБұл олимпиадаға оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың арасында еліміздің барлық облыстарынан келген қазақ тілі мен әдебиеті бойынша 7-11 сынып оқушылары 5 бағыт бойынша («Тілші-әдебиетшілер», «Жас ғалымдар», «Жазушылар», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар») білімін сарапқа салған болатын.

"Жарқын болашақ" фестивальінің маңызы неде? Бұл мереке "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" ұғымының шын мәніндегі іске асуының бір көрінісі. Біздіңше, мұндай ауқымды фестивальді жыл сайын тұрақты түрде өткізу әрі қазақ тілінің керегесін кеңейту үшін оның жарнамалық мазмұнын тіпіт де айшықтай түсу маңызды іс болмақ. Қазақ тілінің болашағы жоқ деген құлдық түсінікті тек біз осы секілді нақты да шынайы істер арқылы бұза аламыз. Биыл 25 елден қазақ тілінде ән айтып, шығарма жазатын балалар келсе, ертең одан да көп елдерден шақыруға мүмкіндік туады.

Қазақстанға келген балалар қазақ тілін ғана емес, Қазақ елін де мақтан тұтып, өзінің тұрғыластарына, сыныптастарына, достарына мәңгілік айтып жүреді. Оларды көрген өзіміздің қаракөздер де рухани түлеп, өз тілін жақсы меңгеруге ұмтылады.

 

Обама мен Пан Ги Мунның құттықтауы

Бұл тіл және мәдениет фестивалінің халықаралық сипат алуы қазақ тілінің ғана емес, Қазақстанның беделін әлемге паш етті деуге толық негіз бар.

Оған АҚШ Президенті Барак Обама мен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның құттықтау хаты дәлел.

АҚШ Президенті Б.Обаманың қысқа мазмұнды хаты былайша өрбіген: «Әр мемлекеттің өзіндік ерекше мәдени мирасының танылуына мүмкіндік беретін бұл сияқты фестивальдар арқылы игілікті істерге куә болудамыз. Сіздердің әлемнің түкпір-түкпірінен жас жеткіншектерді жинау үшін қаншама қажыр-қайрат төккендеріңізді білемін. Адамзат қауымын бір-бірінен бөліп, ерекшелеген мәдени кедергілерді жойдыңыздар. Сіздер әлем халықтарының достық жібін құруды көздедіңіздер әрі бұны жүзеге асырып отырсыздар. Баршаңызды осы жетістіктеріңізбен құттықтаймын» деді.

Ақпарат құралдарынан хабардар болғанымыздай, Халықаралық Тіл және мәдениет фестивалі үшін әлемнің түкпір-түкпірінен Америкада жиналған балалар БҰҰ Бас штабына да барған екен.  БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун осы балаларға арнап жолдаған қысқа хатында: «Сендердің әлемдік деңгейдегі тұлға болуларыңа үміт артамын» деді. Сонымен қатар БҰҰ өкілдерімен кездескен оқушылар өздерінің дарындары мен білімдері арқылы көпшілікті таңғалдырды. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, АҚШ Президенті Барак Обамадан да арнайы жолдау хатын алған балаларға, БҰҰ Бас хатшысының хаты да олардың демдеріне дем беріп, ынталарын арттыра түскендей.

БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік кеңесінің орталығында өткен жиынға әлемнің түрлі елдерінен  80 оқушы қатысты. Ұлттық киімдерімен сахна төріне шығып, өз өнерлерін паш еткен оқушылардың қай-қайсысы болмасын ерекше дарын иесі екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеп, көрермендерін тәнті етті. Әлемнің әрбір елінен жиналған оқушыларды арнайы құттықтаған Пан Ги Мун: «Халықаралық Тіл және Мәдениет фестиваліне шақырылғаным үшін өте қуаныштымын. Маған осындай мүмкіндік берген және 27 мемлекеттен жас жеткіншектерді жинап, мәдениет пен тілімізге тән ұлтаралық ерекшеліктерімізді танып, бір-бірімізді құттықтауымыз үшін осы шараны ұйымдастырған ұйымға алғысым шексіз», – деді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x