Алтынбек Сәрсенбаев

Dalanews 11 ақп. 2017 06:52 433

Осыдан тура 11 жыл бұрын мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, дипломат, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының денесі қасындағы екі көмекшісімен бірге Алматы қаласының маңынан табылды. Үш бірдей адамды атып өлтірген жендеттер кейін ұсталып, өлтіруге бұйрық бергендердің аттары аталды. Қылмыстық іс бойынша «жеке бас араздығы үшін қастандық жасауға тапсырыс бердім» деген Ержан Өтембаев пен қылмысты орындағандар ұзақ уақыттық сот процесінен кейін сотталған болатын. Бірақ өткен жылы Ержан Өтембаев бұл қылмысқа қатысы жоқтығын айтып, қайта шағымданды. Қазақ соты араға тоғыз жыл салып, «оның жазықсыз екендігін» дәлелдеді. Қым-қиғаш оқиғалар мен болжамдарға толы бұл оқиғаның ақ-қарасы әлі толық анықталмай келеді.

[caption id="attachment_9194" align="alignright" width="241"]Алтынбек Сарсенбаев фотооо_3 Алтынбек Сәрсенбайұлы отбасымен. Фото А. Әбдірайымовтікі[/caption]

Тәуелсіз Қазақстан қоғамы өткен ғасырдың соңғы он жылдығында айрықша оқиғаларға толы болды. Егемендік алған соң, жекешелендіру, нарықтық экономика, сөз бостандығы мен демократия ұғымдары санамызға еніп, биліктің әр саладағы шешімдері күннен күнге өзгеріп жатты. Қоғамдық формацияны меңгеру, түсіну қарапайым халыққа да, билік өкілдеріне де оңайға түспегені анық. Халық сауда жағалап, аш өзектеріне тамған азғантай нәрді талғажу етіп жүрсе де, ертеңгі шұғылалы күнге үмітпен қарады. Әсіресе, билік басына келген жас кадрлардан көз алмай, олардың әр саладағы жемісті еңбектеріне дән риза болысып жатты. Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Иманғали Тасмағамбетов, Өмірзақ Шөкеев, Марат Тәжин, Болат Әбілов, Мұхтар Әблязов, Ғалымжан Жақиянов бастаған топтың еңбегіне, жан-жақтылы біліміне сенгендер көп болды. Міне, осы топтың ішінде небары 29 жасында министр болған Алтынбектің мысы да, сұсы да бөлек-тұғын. Біздің сөз етпегіміз Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейін Қазақ билігінің бұл оқиғадан қаншалықты сабақ алғаны, нені түйгені, қай бағытта әрекет еткені туралы болып отыр.

[caption id="attachment_9195" align="alignleft" width="145"]Айдос Айдос Сарым, саясаттанушы[/caption]

Алтынбек Сәрсенбайұлы ақпараттық саланың дамуына зор үлес қосқан тұлғаның бірі. Ол Қазақстанның баспа және ақпарат саласын оншақты жыл бойы басқарып, сөз бостандығының қалыптасуына еңбек етті. Ол кездері газет пен телеарналар еркін хабар таратуға құлшына кірісетін дейді сарапшылар. Алтынбек Сәрсенбайұлы бір сұхбатында пікір білдірудің еркіндігі азда болса бар екендігін былай деп тұжырыпты. «Ой-пікір айтуға мүмкіндік бар. Рас, шектеулі. Ол сол шектеулілігімен де құнды. Мәселен, тың ой-пікірді айта алатын азаматтарды да, оны жеткізе білетін ақпарат құралдарын да халық құрметтейді және соларға үйірсек болады».
Ұлттың таңдауы, саралануы жүретіндей көрінеді. Енді тағы бір жаңа толқын, мазмұны да, форматы да өзгеше, білімді, білікті толқын саясатқа араласуы бек мүмкін. Баяғыда бір ағамыз бізге бір Алтынбек емес, мыңдаған Алтынбек керек деп еді.

Саясаттанушы Айдос Сарым Алтынбек Сәрсенбаев ақпараттық саланы басқарған кездері бұл салада сабырлылық пен сәлиқалық, салқынқандылық қалыптасқанын айтады.

– Қазір ақпарат саласына 40 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалса, Алтынбектің кезінде 180-190 млн теңгеден аспайтын. Бірақ ақпараттық бірлік, жарасымдылық бар еді. Егер ол кісі тірі болып, бүгінгі күні де ақпарат саласын басқарып тұрған болса, ең алдымен іштегі сепаратистік пиғылдарды анықтап, алдын алуға күш салар еді. Еркін баспасөз болған жерде, қоғамдағы түрлі топтар мәдениетті пікір алмасуды үйренеді. Бізде сол енді қалыптасып келе жатқан болатын, – дейді Айдос Сарым.

[caption id="attachment_9196" align="alignright" width="136"]Амиржан Косанов Әміржан Қосанов, саясаткер[/caption]

Алтынбек Сәрсенбаев билікте де, оппозицияда да өте беделді болғанын айтқан саясаттанушы «Бүгін сондай ықпалды тұлғалар неге аз?» деген сұраққа:

– Немістің бір әйгілі жазушысы қоғам тек бір адамға қарап, соның ғана сөзіне сенсе, соған ғана арқа сүйесе, ондай халықты дүрелеу керек деген. Сондықтан бүгін беделді тұлға жоқ екен деп түңілуге болмайды. 1994-95 жылдары Қазақстанда нарықтық жүйе еніп, ауыр жағдай қалыптасқан еді. Сол кезде билікке келген толқын мықты болды. Әлі де билікте солардың көбі отыр. Біздіңше, сол ситуация тағы қайталанатын сияқты. Ұлттың таңдауы, саралануы жүретіндей көрінеді. Енді тағы бір жаңа толқын, мазмұны да, форматы да өзгеше, білімді, білікті толқын саясатқа араласуы бек мүмкін. Баяғыда бір ағамыз бізге бір Алтынбек емес, мыңдаған Алтынбектер керек деп еді. Меніңше, бізге миллиондаған Алтынбектер керек, – деген пікірін білдірді.
Алтекең де кезінде билік сапында болды, оның биігінде жүріп, шын ниетімен Президентке қызмет етті. Ол да тарихи факт

Ал саясаткер Әміржан Қосанов қандай салада болса да белгілі бір тұлғаларды абсолюттік деңгейге көтеруге қарсы екенін айтады. «Алтекең де кезінде билік сапында болды, оның биігінде жүріп, шын ниетімен Президентке қызмет етті. Ол да тарихи факт», – деп пікір білдірген саясаткер, алайда ақпарат саласына сіңірген еңбегін жоғары бағалайтынын жеткізді.

– Бірақ басқа министрлерден оның бір айырмашылығы болды. Оппозицияға кетпей тұрып, ол журналистер қауымының қамын ойлады, сөз бостандығына үлес қосты. Қазір болса, сөз бостандығы, оны жоқтайтын министр түгілі, лауазым иелері қалмады. Қаншама БАҚ жабылып жатыр, қаншама журналист өзінің кәсіби міндетін атқарғаны үшін сотталып, ұрылып-соғылып, аштық жариялап жатыр. Олардың мұңын мұңдап, санасатын ешқанадй шенеунік жоқ, – дейді Әміржан Қосанов.
Алтынбектің қазасынан билік сабақ алған жоқ, сабақ алуы да мүмкін емес. Керісінше, Алтынбек пен оның екі жолдасын айуандықпен өлтіргелі бері билік бұрынғысынан бетер кері кетіп барады.

[caption id="attachment_9197" align="alignleft" width="160"]ЖАСАРАЛ КУАНЫШАЛИН Жасарал Қуанышәлин, саясаткер[/caption]

Қазақ билігі Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан ешқандай сабақ алмағанын айтқан саясаткер, қоғам белсендісі Жасарал Қуанышәлин билік жүйесінде өзіне қарсы шыққанның бәрін қудалау күшейгенін жеткізді.

– Алтынбектің қазасынан билік сабақ алған жоқ, сабақ алуы да мүмкін емес. Керісінше, Алтынбек пен оның екі жолдасын айуандықпен өлтіргелі бері билік бұрынғысынан бетер кері кетіп барады. Жеке басқа табыну қалыпты жағдайға айналды. Мұны растайтын мысалдар қажет болса, олар бастан асады. Сондықтан, әрине, мұндай жағдайда сөз бостандығы жөнінде әңгіме қозғаудың өзі әшейін бекершілік, – деп өз ойын ортаға салды. Ол, сондай-ақ, дәл бүгінгі күні биліктің өзгере қоюы, демократиялық құндылықтарға орын беруі неғайбыл екенін де сөз етті.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x