Сенатор: «Мамин мырза, Байқоңырды жалға бергенімізбен, ондағы халқымызды жалға берген жоқпыз ғой»

Dalanews 12 қар. 2020 12:44 210

Бүгінде Байқоңыр қаласында 77 мыңнан аса халық тұрса, соның 70%-ы  қазақстандықтар екен. Осы ретте Сенат депутат Мұрат Бақтиярұлы қаладағы «отандастарымыз» өз жері мен елінде тұрып Қазақстан заңына сай білім ала алмай жүргенін ашып айтты. Ол дәл осы мәселені Үкімет басшысына сауал ретінде жолдады.

Қазіргі таңда қазақ тілінде білім беретін Байқоңыр қаласындағы 5 мектепте бүгінгі күні 5 236 бала білім алса, ресейлік 7 мектепте 4049 бала білім алады, оның 1 508-і, яғни 37% Қазақстан азаматтарының балалары.

Байқоңырда қазір Ресейге қарасты 7 мектеп бар. Депутат олардың сыйымдылығы толық қамтылмағанын жеткізді. Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, қала тұрғындарымен кездесу барысында орыс тілінде оқытатын қазақстандық мектепке сұраныстың жоғары екенін ескеріп, осы 7 мектептің бірін мемлекет меншігіне өткізуді сұрады.

– Бұл жағдай, ресейлік мектепте оқитын балалардың мектеп бітіргеннен соң ҰБТ-ға қатысуына және қазақстандық жоғары оқу орындарына түсуіне көп кедергі келтіруде. Себебі емтиханның міндетті пәндері – Қазақстан тарихы, қазақ тілі, қазақ әдебиеті ол мектептерде оқытылмайды, – деді сенатор.  


Осылайша Байқоңырдың орталық аудандарында Ресей Федерациясының меншігіндегі, сыйымдылығы толық пайдаланылмай тұрған 13 балабақша бар екен. Депутат халықтың бірнеше балабақшаны мемлекеттік юрисдикцияға өткізу талабы орынды деп санайды.

– Олар Қазақстан аумағында туып-өскенімен, өз жерінде тұрып, менің Отаным – Ресей, менің астанам – Мәскеу деп, Ресейдің арғы-бергі тарихын, тілі мен әдебиетін оқып, әрине ресейлік патриотизм рухында тәрбиеленеді. Айта өтуіміз керек, біз жерімізді жалға бергенімізбен, сол жерде тұрып жатқан халқымызды жалға берген жоқпыз ғой, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатор Үкімет басшысынан Байқоңыр қаласы тұрғындарының білім беру саласына қатысты осы түйткілді мәселесін басты назарға алып, оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x