Тоқаев айтатын әділдік шын өмірде бар ма?

Dalanews 25 шіл. 2019 05:39 255

Жоқ. Жұқанасы да жоқ. Болмаған да. Орнамаған да. Әділдік әдемі сөз ғана біз үшін, ал әділетсіздпен әлбетте күнбе-күн бетпе-бет келеміз. Күнбе-күн.

Төңірегіміз тола әділетсіздік. Төңірегіңізге көз жүгіртіңізші. Осыған дейінгі өміріңізде "әділдік салтанатты құрды" дегенді естідіңіз бе, осы елде?

Осы отыз жылда әділдік іздеп мұратына жеткен кімдердің атын атап, түсін түстеп берер едіңіз, егер есіңізде болса?

Әділетсіздікке күрес ашып, әділдік іздегендер болмады емес, болды-ау. Олар қайда қазір? Сайда саны, құмда ізі бар ма олардың?.. Ал әділетсіздік ше? Оның қылшығы да қисайған жоқ.

"Әділдік жеңді" деп таразыға тартатын тым құрығанда бір мысал табыла ма біздің елде? Әй, қайдам...
Есесіне әділетсіздік әділдік үстіне әңгір таяқ ойнатқан талай оқиғаға куәсіз. 

Етіңіз өліп кеткен. Әділетсіз өмірге мойынсұнғаныңыз, көндігіп кеткеніңіз сонша "осыған да шүкір" дегеніңізді аңдамай қаласыз арасында. 

Адам әділдік үшін емес, әділдік адам үшін жұмыс істейтін әлгі озық дамыған отыз елдің өміріне қызыға, қызғана қараудан өзге амалыңыз жоқ. 

Әділдік әдемі сөз ғана біз үшін, ал әділетсіздпен әлбетте күнбе-күн бетпе-бет келеміз. Күнбе-күн. 


Айталық, осы аптада: 

«Пара алған, ақша жымқырған, қызметін асыра пайдаланған» вице-министр Сұханбердиеваның сот залында бостандық алғаны әділетті ме?

11 млн үптеп, 6 млн өтеп құтылған оның төсегінде тыныш ұйықтарына күмән-күдігіңіз болмасын. Парамен ұсталып, айыппұлмен құтылғандардардың арасында Сұханбердиева алғашқысы да, соңғысы да емес. Әділетсіздік оларды, ондайларды қанатының астына алады әрдайым.

Өмірінің он жылын темір торда өткерген Мұхтар Жәкішевтің обалы кімге? Оны түрмеде шіріту кімнің мақсат мұраты? Әділетсіздік Жәкішевті жасытқан жоқ, әйтсе де осы әділетті ме? 

Сұханбердиева мен Жәкішевтің соты - Қазақстанды Тоқаев емес, әділетсіздік билеп-төстеп тұрғанын тағы бір мәрте әшкерелеп берді. 


Иә, тағы бір мәрте. Өткен отыз жылдың қиралаң-бұралаңына көз жүгіртсеңіз әділетсіздіктен аяқ алып жүре алмайсыз. 

Тоқаев айтатын әділдік аспаннан түспейді. Осыған дейінгі әділетсіздіктер әшкереленбей әділдік орнамайды әлбетте. Мұны түсінуге Тоқаевтың түйсігі жетпейді дегенге сенгіміз жоқ.
Әділетсіздік бізді әбден талады, әбден...

Думан БЫҚАЙ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x