Орта Азия. Бірігу үшін Батыстың жолымен жүру керек

Dalanews 05 мау. 2019 05:33 226

Орта Азия. Осы аймақтағы айналдырған 5 ел алдағы уақытта етене әріптесудің ұтымды амалдарын таба ма?

Бес елдің мүддесі тоқайласқан ортақ мәселелерді ойласа шешетін мезгіл жетті. Ал бұл тарапта кесе көлденең жатқан қандай кедергілер бар? Олардың түйінін тарқатудың тиімді әдіс-тәсілдері табыла ма?

Dalanews.kz осы бір сауалдарды сарапшылар талқысына тастап, олардың ой-пікірін білді.

 Орта Азия Батыстың жолымен жүруі керек 


 «Орта Азия елдерінің бірігуіне кедергі келтіріп отырған бірден-бір фактор – демократияның жоқтығы. Осы аймақтағы 5 елдің бірде-біреуі демократияға, адам құқықтары мен сөз бостандығына құрметпен қарап отырған жоқ», – дейді саясаттанушы Ғалым Ақелеуов (Қазақстан). Интеграциялануда, аймақтағы өзекті мәселелерді бірлесе шешуде Орта Азия Батыс өркениетінің жолымен жүруі керек. Өз басым осы тарапта Өзбекстан өзгелерге үлгі көрсетеді деген көмескі үмітім бар».

Ақелеуовтің айтуынша, өзбек басшысы Шавқат Мирзияев саяси ерік-жігер танытып, елдің  демократияға әзір әрі азаматтық қоғам құруғы ынталы екенін мәлімдесе, аймақтағы ахуал күрт өзгерер еді.


«Өзбекстан басшысы елді демократияландыруға кет әрі емес, құлқы да, қызығушылығы да бар. Бірақ бюрократиялық аппарат Мирзиявтің өзін «жұтып» жібере ме деп қауіптенемін. Бар үміт Мирзияевта. Өзбекстан «өзгерсе» Орта Азия да өзгереді. Бұл тиісінше аймақтық әріптестікке жан бітіреді», – дейді ол.

Бұл айтуға ғана оңай...


Иә, бұл айтуға ғана оңай. Шынтуайтында, Орта Азияның әріптесуіне кедергі келтіріп отырған мәселелер мың-сан.

Бүй деген өзбек саясаттанушысы Рафаэль Саттаров Ақалеуовтың айтқанымен келіскен жоқ.

«Орта Азия елдері алдағы уақытта қалай және қай бағытта әріптеседі?» дегенде, пафоске беріліп кетеміз.  «Интеграция», «бауырлас елдер» дегенде аузымыз құрғамайтыны рас, іс жүзінде атқарылған шаруа шамалы. Аймақтағы елдер сыртқы саясатында Орта Азиядағы әріптестікті басым бағыттың бірі ретінде белгіленгенмен, ешбірі ештеңе тындырып отырған жоқ. «Орта Азия саясаты» деген ұғымның санаға сіңбей, қолданысқа кіріге алмай отырғаны да содан», – дейді ол.

Оның пікірінше аймақ елдері шекарадағы ірілі-ұсақты мәселелерді шешуде саусақ қимылдатқан жоқ.

«Соған қарамай кейбір сарапшылар Орта Азияның бірігуін ЕуроОдаққа еліктеп жүзеге асыруға тиіспіз» дейді. ЕуроОдақ елдері аймақтағы ірілі-ұсақты мәселелерді шешіп барып, бір жұдырыққа жұмылғанын ескермейді», – дейді Саттаров.

Орта Азия елдері? Олар бір-бірінен алыстап кетті ме? 


Қырғыз сарапшысы Арсыланбек Өмірзақов Орта Азия елдерінің арасы алыстап, бауырластық байланыстардың суып бара жатқанына алаңдаулы.

«Тәуелсіздік алған 30 жылда аймақтағы елдер жақындасудың орнына, жырақтап кетті. Тек соңғы жылдары ғана бір кездері үзіліп қалған диалог қайта жанданып, жылымық орнаған секілді.

Былтыр аймақтағы бес елдің басшысы «Наурыз» мейрамында бас қосып, ресми реңксіз емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Өз басым осы бір сыйластықтың сабастыққа ұласып, жалғасын тапқанын қалаймын.


Сонда ғана аймақта тонның ішкі бауындай берік байланыс орнайды. Бірақ бірнеше кедергі бар...», – дейді Өмірзақов.

Алғашқысы Қазақстан мен Қырғызстанның Еуразиялық одаққа кіргені. Екі ел де Орта Азиядағы әріптестіктің жаңа деңгейге көтеруліне ықыласты, алайда Еурозиялық одақ олардың осы бағыттағы ұмтылыстарын тежеп отыр.

«Ішкі мәселелерді де ескеру керек. Элита арасындағы айқас, билік ауысуы бар. Бұл бірінші кезекте Қазақстанға қатысты. Қырғызстан билігіндегі бақталастық та бүгін-ертең бітерге ұқсамайды. Тәжікстанда да тақ иесінің ауысуы әбден мүмкін.

Аймақтағы тұтастықты сөз еткенде көп нәрсені кезінде қолға алу керек еді. Уақыт өткізіп алған секілдіміз. Оның үстіне аймақ елдері өзара әріптесуге келгенде әлі пісіп-жетілген жоқ. Тым, тым сирек жүздеседі Орта Азияның басшылары. Бұл да фактор. Келешекте қалай әріптесерімізді біліп, бағалау үшін, қазірден бастап ортақ ұстаным, ортақ көзқарас қалыптастыру қажет. Меніңше алдымен мәдени байланыстарды үдеткен маңызды», – дейді қырғыз сарапшысы.

Тағы бір қырғыз сарапшысы Таалатбек Масадыков Орта Азияның бірігуіне кедергі ретінде аймақ елдерінің түрлі ұйымдар мен одақтарға мүше болуын атайды.

«Орта Азияның ортақ мәселесі болса, оған Еуразиялық одақ та, Шанхай ынтымақтастық одағы да араласуға тиісті емес.

Орталық Азия одағын құрғанда ғана аймақтағы бес ел шын тәуелсіздік алады. Өкпе тұсындағы державаларға иек артатын тәуменділіктен арылады.


Қазіргі заманда ЕуроОдақтың негізіндегі одақ құру өзекті, бәрі аймақтағы басшылардың ерік-жігеріне тіреліп тұр», – дейді ол.

Орта Азияға ортақ ақпараттық алаң қажет 


Қазақстандық саясаттанушы Аида Сұлтанәлиеваның айтуынша, ортақ ақпараттық алаң қалыптастырмайынша бірігу туралы әңгіменің бәрі бекер.

«Аймақтық деңгейдегі ортақ медиа алаң құратын мүмкіндімігіз бар ғой? Осы медиа алаңда Орта Азияның бірігуіне қолбайлау болып отырған мәселелер таразыға тартылса, оларды шешу жолдары ойластырылса, бұдан бөлек ақпараттық-мәдени форумдар, олимпиадалар көптеп ұйымдастырылса, осының аясында Орта Азия одағы туралы тұжырымдар айтылса келе-келе бұған қоғам да атсалысар еді.

Біздегі бір кемшілік, Орта Азия жастарының арасында үндестік жоқ. Оларға бір-бірін тануға жол ашпай отырмыз. Бәрі де жастардан басталады. Өзгеріс те, бірігу де», – дейді спикер.

Танымал өзбек саясаттанушы Фарход Толипов аймақты интеграциялауда халық қалыс қалмауы қажет дейді.

«Азаматтық қоғам кез-келген өзгерістің қозғаушы күші. Аймақтық дамуға қатысты маңызды мәселелерді халық талқысына ұсынып, референдум жасаса бірігудің іргетасын қалар едік. Алайда аймақтағы саяси процестердің ашықтығына қол жеткізбей, Орта Азия одағы туралы айтуға ерте», – дейді ол.

 

Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИЕВ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x