Алтай ауданында жолдар жөнделіп, жылумен қамтудың барлық мәселелері шешілген

Dalanews 24 шіл. 2021 02:14 260

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Алтай ауданында орналасқан Серебрянск қаласына іс-сапармен барып, әлеуметтік маңызы жоғары жобалардың жүзеге асу барысымен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысының сапары облыс бюджеті есебінен аудан орталығында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралаудан басталды. Мұнда жекпе-жек, жеңіл атлетика, ойын спорт түрлерімен айналысуға арналған залдар қарастырылған. Сондай-ақ, барлық халықаралық стандарттарға сай келетін футбол алаңы мен 400 метрлік төрт жүгіру алаңы болады.

Мердігерлердің айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 20%-ға орындалған. Нысанды келер жылдың бірінші жартысында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бұдан кейін облыс әкімі Победа көшесіндегі екі жеке тұрғын үйдің және Ә.Молдағұлова көшесіндегі үш үй құрылысының барысымен танысты. Тұрғын үйлерді «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жергілікті құрылыс компаниясы салуда.

Бір үйдің жалпы ауданы 89,9 шаршы метрді құрайды. Биыл қыркүйек-қазан айларында пайдалануға беріледі. Ең бірінші онда көпбалалы отбасылар қоныстанады. Содан кейін дәрігерлердің, мұғалімдердің, мәдениет қызметкерлері мен балалар үйі түлектерінің баспана мәселесі шешіледі. Осы мақсатта аудан әкімдігі бұрынғы тігін фабрикасының жатақхана ғимаратын сатып алынған. Екі бөлмелі 40 пәтер жөнделу үстінде. Осылайша, өңірде маман тапшылығы мәселесі шешіледі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Ертіс өзенінің жағасындағы бұрынғы қала жағажайының орналасқан жерін көрді. Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша Серебрянск әкімдігі жағажайдың жаңа жобасын дайындайды. Болашақта Ертіс жағалауы қала тұрғындары демалатын тамаша орынға айналады.

Сонымен қатар, әкім бұрынғы Серебрянск бейорганикалық өндіріс зауытының әкімшілік ғимаратын жөндеу жұмыстарымен танысты. Бірінші қабатта жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының филиалы жұмыс істейтін болады.

Екінші және үшінші қабаттарға үйірмелер, шығармашылық студиялар және музыка мектебі орналасады. 4-5 қабат спорт секцияларына беріледі. Сондай-ақ, бірінші қабаттағы концерт залын қалпына келтіру жоспарланып отыр.

– Алдағы уақытта қала тұрғындары жаңа мәдени-спорт нысанына ие болады. Бұл өте қажет. Өйткені, тек музыка мектебінің өзінде 350 бала оқиды. Қалада қаншама шығармашылық топтар бар. Серебрянск қаласын абаттандыру жұмыстарын жалғастыра береміз. Өткен жылы жолдар жөнделді, жылумен қамтамасыз етудің барлық мәселелері шешілді. Қаланың тұрғын үй және басқа да әлеуметтік маңызға ие мәселелерін шешу менің тұрақты бақылауымда, – деді Даниал Ахметов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x