Ермек НҰРАХМЕТОВ: «Мақсат – Киелі ағашты туристік нысанға айналдыру»

Dalanews 16 қар. 2020 04:37 284

Алматы облысында жергілікті жерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауыл-аймақтар өсіп-өркендеуде. Бүгінде қай ауылға барсаңыз да, жол жөнделіп, көше бойына жарық шамдар тартылып, ескі мектептер мен мәдениет үйлерінің жаңарып, адам танымастай өзгергенін байқайсыз. Таяуда Алматы облысы, Панфилов ауданына қарасты Әулиеағаш ауылдық округінде болып, ауыл әкімі Ермек Нұрахметов мырзамен сұхбаттасып, көкейде жүрген сұрақтарымызды қойып, пікірлесудің сәті түсті.


Көп жұмылса көл болады...


 – Ермек мырза, жер әлемді шарпыған коронавирус ойға алған көптеген жұмыстарға қолбайлау болғаны белгілі. Бірақ ауыл-аймақтарда мемлекеттің қолдауының арқасында жүріп жатқан жұмыстар анау айтқандай саябырсымаған сияқты... Үстіміздегі жылы өзіңіз басқарып отырған Әулиеағаш ауылындағы Киелі ағаштың айналасын абаттандырып, кісі қызығарлықтай көрікті жерге айналдырғандарыңызды көзімізбен көрдік. Пандемия кезінде мұндай ауқымды жұмысты ұйымдастыру оңай болмаған шығар?

– Дұрыс айтасыз, әлемді апшысына салып қуырған қауіпті індет ойға алған біраз шаруамызға кедергі келтіргені жасырын емес. Бірақ біздер санитарлық сақтық шараларын сақтай отырып, ауылда қолға алған жұмыстардың қарқынын төмендетпеуге күш салдық.

Жыл басында Панфилов ауданы әкімі Талғат Өмірәлиев мырза Жаркент өңірінің символына айналған Киелі ағаштың айналасын абаттандырып, маңайын ретке келтіруді тапсырған болатын. Жалпы, жазиралы Жаркент жеріне келген туристердің көпшілігі Киелі ағашқа арнайы келіп, оның басына мінәжат етуді әдетке айналдырған.

Біздің ауылдық округке қарайтын Жаркент Арасан шағын ауылындағы шипажайға күн сайын еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген демалушылар келеді. Сол демалушылардың көпшілігі Киелі ағашқа келіп, тағзым етіп, табиғаттың ғажайып көрінісін тамашалауды дәстүрге айналдырған. Бұдан басқа дертіне дауа іздеген адамдар да жердің шалғайлығына қарамай, мақсатты түрде арнайы келеді. Бір сөзбен айтсам, қысы-жазы Киелі ағаштың басынан адам қарасы үзілмейді.

Осы ретте біздер Киелі ағаштың басына тәу етіп келушілерге жағдай жасап, олар алыстан келгенде кең тыныстауына ыңғайлы жағдай тудыруды көптен бері ойлап жүргенбіз. Осы ойымызды биыл жүзеге асырдық. Киелі ағаштың айналасын абаттандыруға мемлекеттің ақшасы жұмсалған жоқ. Бұл жұмыстарға кәсіпкерлер мен ауыл халқы қаржы жинап, қолдау көрсетті. Осылайша, ауыл мен ауданымыздың тұрғындары мұндай қоғамдық маңызы зор жұмыстарға бейжай қарамайтынын байқатты.

– Сонда Киелі ағаштың айналасын абаттандыруға қанша қаржы жұмсадыңыздар?

– Жалпы, абаттандыру жұмыстарына 9,5 млн теңге жұмсалды. Сол кездегі Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Думан Төреханов Әдепханұлының еңбегін мақтанышпен айтуға болады. Аудандық мәслихат хатшысы Шоқпаров Ерғали Отарғалиұлының ықпалымен кәсіпкер Мұқатай Медеттің демеушілігі арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус салдырды. Аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Болатбек Дүйсенов, ауданымыздың бас сәулетшісі Қайрат Абаев және Автомобильді жолдар бөлімінің басшысы Арғынқали Саурықов өз үлестерін қосты. О баста мұншама қаражатты қайдан аламыз, біздің бастамамызды кәсіпкерлер мен ауыл халқы қалай қабылдайды деп ойлаған едік. Бірақ біз бекерге уайымдадық, ауданымыздың маңдайына басқан Киелі ағаштың айналасын көркейту ісіне азаматтар бел буып, білек сыбана кіріскен сәтте көкейіміздегі күмән-күдік бірден толықтай сейілді.

Айталық, ауданымыздағы «Максдорстрой сервис» ЖШС жол құрылысы саласындағы мекеме Киелі ағаштың кіреберісіндегі алаңқайды толықтай асфальттап берді. Осы атқарылған жұмысты ақшаға шақсақ 4,5 млн теңгені құрайды. АСБ «Электромонтаж» мекемесі Киелі ағаш орналасқан аумақтың сыртына үлкен 6 шам, ішіне шағын 15 шам орнатып, толықтай жарықтандырды. Безендіру жұмыстарына аудандық белгілі сәулетші дизайнер Иманбек Тулклеев ағамызға 500 мың теңге жұмсадық. Сырттан келген туристер үшін Киелі ағаштың тарихынан хабар беретін бильборд ілдік.

Ауылымыздағы зейнеткер ата-апаларымыз өздері бірінші болып 200 мың теңге қаржы жинап бергенін мақтанышпен айтқым келеді.  Бұл ретте Мәулетхан Қоғамбеков, Ниязақын Жантүгелов, Жаңылхан Берікбаева сынды ата-апаларымыздың аттарын атай кеткенді жөн санап отырмын. Ауыл мен аудан орталығы Жаркенттің арасын жалғап жүрген таксист жігіттеріміздің өзі ортақ істен шет қалмай 65 мың теңге жинап берді.


Бұдан басқа, ауылымыздағы Имамбаевтар отбасы 100 мың теңге, ауданымызда танымал кәсіпкер Серік Ақсубаев 200 мың теңге, ауданымыздағы кірпіш зауыттың иелері Тұрсын Бағаев 200 мың теңге, Тұрлықожа Құрбанов 30 мың теңге, Мақсат Көбелеков деген азаматымыз 180 мың теңге қосқанын айта кеткенді жөн санап отырмын.

Сонымен қатар ауыл азаматтары Ерболат Қоқышев пен Болат Андреев бірлесіп, Киелі ағаштың ішінде демалушылар келгенде тізе бүгіп отыратын 12 орындықты өз қолдарымен жасап берді. Ауданымыздағы Ұйғыр орталығының азаматтары осы шаруаны қолға алғанымызды естіп, өздері арнайы келіп, 50 мың теңгесін беріп кетті.

Сол сияқты Қоңырөлең ауылының азаматтары Хамит Мұқажанов, Амангелді Шымшықбаев адам жүретін жерлерге жолдарға төсеу үшін екі КамАЗ табиғи тақтатас әкеліп, игі іске өз үлестерін қосты. Осылайша, көптің көмегімен ойға алған ісіміздің бірінші кезеңі толықтай аяқталды.

Абаттандыру жұмыстары аяқталғанда аудан әкімі Талған Өмірәлиевтің өзі келіп, абаттандыру ісіне белсене қатысқан ауыл азаматтарына рақметін айтып, аудандық әкімдік атынан «Алғыс хаттарын» табыс етті.

 

Жеті саны жақсылыққа бастайды


 – Ал екінші кезеңде сіздерді қандай жұмыстар күтіп тұрғанын айтсаңыз?

– Біздің мақсатымыз – Киелі ағашты туристерді тартатын ауданымыздағы басты орындардың біріне айналдыру. Екі айға созылған абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін Киелі ағашқа келушілердің саны күрт артты десем артық айтқандық болмас.

Күн суытқалы бері тәу етіп келушілердің қатары біршама сиреді. Жаз айларында Киелі ағаштың алдындағы үлкен аумақ келушілердің көліктеріне толып, ине шаншар орын болмай қалатын кездер болады. Алдағы жылы келуші туристерге мониторинг жасап, жыл сайын қанша адам келіп-кеткенін анықтауды мақсат тұтып отырмыз.

Бүгінде Киелі ағаштың айналасын абаттандыру жұмыстары толықтай аяқталды. Алдағы уақытта еліміз бойынша танымал жерді құжаттандыруды жоспарлап отырған жайымыз бар. Бұл қолға алған жұмысымыздың екінші кезеңі болып табылады.

Аудандық архивті ақтарып қарағанымызда, Кеңес заманында да бұл жердің құжаты жасалынбағанын білдік. Халықтың қамқорлығының арқасында Киелі ағаш осы күнге жетті. Осыған дейін оның басында жалғыз шырақшы отыртын-ды. Ол Киелі ағашқа шамасы жеткенше күтім жасап, келген қонақтарға қызмет көрсетті. Сондай-ақ Шырақшы Рая Бидайбаева Киелі ағашта жұмыс істеген жұмыскерлерді күнделікті ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырды.

Биылдан бастап біздер еңбек биржасына тіркелген 5 адамды Киелі ағаштың айналасын күтіп-баптауға жұмылдырдық. Қазіргі таңда олар газондарды уақытында қырқып, айналасын сыпырып, жерге түскен жапырақтарды тазартып, ортақ іске өз үлестерін қосуда.

Алдағы уақытта Киелі ағашты туристік нысан, қасиетті орын ретінде құжаттандырсақ, бұл жерді одан ары қарай дамытуға мүмкіндік аламыз. Құжаттандыру ісі Мемлекеттік тіркеу, нысанның техникалық төлқұжатын дайындаудан тұрады. Бұдан кейін жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, Киелі ағашты күтіп-баптап ұстайтын адамдарды мемлекет есебінен ұстау мүмкіндігіне ие боламыз. Бұдан басқа, демалушы туристер аялдап жататын шағын қонақүй мен шайхана салу да жоспарымызда бар. Киелі ағаш бейнелеген кәдесыйлар сататын дүңгіршектер салуға да болады. Сол себепті алдағы жылы құжаттандыру жұмысын толық аяқтауды көздеп отырған жайымыз бар.

Өз басым бұл жердің туристік әлеуеті зор деп есептеймін. Өткен жылы Алматы облысы бойынша байқау болды. Соған біз де қатыстық. Ауыл балаларына ұстаздық еткен Рақымжан Абдарасилов ағамыз байқауға Әулиеағаштың макетін ұсыну турасында ойын айтты. Бұдан кейін ағамыз шәкірт тәрбиелеп жүрген әріптес інісі Еркін Маметұрдиев және Бейімбет Оспанбаев екеуі бірлесіп, бірнеше күннің ішінде Киелі ағаштың макетін дайындап, қолыма ұстатты. Бұдан кейін Киелі ағаштың ауылымыз үшін маңызы және оның айналасындағы аңыздарды басшылыққа алып, баяндама дайындап, байқауға қатыстым. Сол кезде біздің жұмысымыз облыс бойынша екінші орынды иеленіп, мерейміз үстем болып қайтқан еді.

Меніңше, Киелі ағашпен қазақ үшін қасиетті жеті санының арасында бір байланыс бар сияқты. Айталық, Киелі ағашқа жеті ғасыр болған, діні жеті адамның құлашына тең, жанында бір түптен жеті ағаш өскен, ауылымызда жеті мекеме жұмыс істейді, керек десеңіз еліміз Тәуелсіздік алғалы бері жұмыс істеп жатқан жетінші әкім екенімді естігенімде, еріксіз бір ғажайып тылсымға сенбеске амалым қалмады. Осының бәрі жүрегімізді жылытып, бойыма күш-қуат беріп тұратын болды.

– Карантин кезінде мұндай ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру оңай болмаған шығар?

– Әрине, оңай емес. Киелі ағашты абаттандыруға бүкіл ауыл азаматтары келіп қатысқысы келді. Бірақ біздер санитарлық нормаларды басшылыққа алып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, жұмысты ұйымдастырумызға тура келді. Ауыл азаматтары кезек-кезегімен келіп, ортақ іске қолғабыс жасады. Ауылымыздағы медицина мамандары жұрттың денсаулығын бақылап, ұдайы назарда ұстады. Осындай ауызбірліктің арқасында қолға алған ісімізді ойдағыдай орындап шықтық. Бұл үшін ауыл азаматтарына алғыс айтамын!

 

 Жарық тартылып, жол жөнделді


 – Ермек мырза, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Әулиеағаш ауылында қандай игілікті істер қолға алынды? Сол жайында аз-кем әңгімелей кетсеңіз?

– Қазіргі таңда ауылды өркендетуге мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар жасалынып жатыр. Оны айтуға тиіспіз. Биыл біздің ауылда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында үлкен екі көшемізге жарық тартылды.

Аулымыздың өр жағында елімізге белгілі «Жаркент Арасан» шипажайы орналасқан. Сол жерге демалу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген адамдар келіп демалады. Демалушылар жолда Әулиеағаш ауылын көктей өтеді. Түнде өтсе, тас қараңғы ыңғайсыз болып жүрген-ді. Осы мәселені аудан басшысына айтып, сол кісілердің қолдауының арқасында екі көшеге жарық тартып алдық.

Қазір ауыл тұрғындары кешке жақын сыртқа шығарып серуен құратын болды. О баста ауылымыздағы төрт көшеге жарық тартуды жоспарлаған едік. Қалған екі көшеге жарықты алдағы жылы тарту жоспарда бар.  Ауылымыздың ортасын көктей өтіп, Киелі ағашқа барып тірелетін Шәнті би бабамыздың атындағы көше бар. Сол көшеге алдағы жылы жарық тартпақшымыз.


Ауылымыздың өр жағында өзенге жақын аумақтағы 30-дан астам үй бар. Сол жердегі электр қуатының кернеуі тым төмен болғандықтан, жарық сығырайып жанып, тұрмысқа қажетті электр бұйымдарды пайдалану мүмкін болмай қалған еді. Сол мәселені биыл толықтай шештік. Аудандық электр қуатымен қамту мекемесінің мамандарымен кеңесіп, сол маңда тұратын ауыл азаматтары 5-10 мың теңгесін жинап, бірнеше жылдан бері мазалап келе жатқан дүниені ауыл тұрғындарының ауызбірлігінің арқасында оң бағытта шешілді. Қазір жарық жарқырап, халық ас-суын электр пештерге еркін дайындайтын болды.

– Пандемия кезінде көптеген ауылдар балаларын онлайн оқыта алмай қиналып жатқанын жиі естиміз. Сіздердің ауылда ғаламторға қатысты қандайда мәселе бар ма?

– Біздің ауылда ұялы байланыс арқылы ғаламторға шығуға болады. Бірақ жылдам істемейді. Сол себепті ғаламтор мәселесін тез арада шешуге күш салып жатырмыз. Аудандық телекоммуникация саласына жауапты мекемеге хат жазып, ғаламтордың мәселесін шешіп беру жайында өтініш айттық. Бүгінде бір хатпен бар мәселе шешілмейді ғой. Бұл іске ауданымыздағы «Нұр Отан» партиясының белсенділерін де араластырып, үлкен іске қозғау салғандай болдық. Қазіргі таңда тиісті мекеме ауылды интернетпен қамтитын қондырғыға тапсырыс беріп қойған. Соны күтудеміз. Қондырғыны орнатқаннан кейін әр үйге интернет тартуға болады. Бұған қанша қаражат қажет екенін мамандар есептеп жатыр. Егер осы іс оң бағытта шешімін тапса, интернетпен бірге барлық үйге телефон тарту ісі де түбегейлі шешіледі. Қазіргі таңда ауылымызда 250-ден астам үйде телефон орнатылған.

– Ауылдың игілігі үшін алдағы уақытта тағы қандай шаруаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыздар?

– Ауылымызда Кеңес заманынан келе жатқан үлкен саябақ бар. Сол саябақтың ішіне жарық тартып, сыртын қоршап, ішінде футбол, баскетбол, теннис алаңшаларын ашсақ деген арман-мақсатымыз бар.

Өткен жылы мектеп жанындағы шағын алаңшадан үлкен теннистің торын құрып, ауыл тұрғындары арасында үлкен теннистен турнир ұйымдастырғанбыз. Бұл бастама жастардың айрықша қызығушылығын оятты. Алдағы уақытта саябақтың ішінен үлкен тенниске арналған алаңша салуға күш салмақшымыз.

Бұдан басқа, саябақты селден қорғайтын канал қазуды көздеп отырмыз. Биылдың өзінде қызыл су қауіп төндіретін аймақтарды айналдыра канал қазып шықтық. Енді саябақ қалып отыр.

 

Алдағы жоспар


– Көктал Арасан мен Жаркент Арасан елді мекені сіздерге қарайды екен. Ол жақтарда қандай шаруалар қолға алынды.

– Ауданымыздағы маңызды шипажайлардың бірі Жаркент Арасанда орналасқан. Шипажай қысы-жазы демалушыларды қабылдап, жұмыс істеуде. Ауылдың біраз азаматтары сол жерде тұрақты жұмыс істейді. Биыл етектегі Көктал ауылынан бастап, Жаркент Арасанға дейінгі аралықтағы күре жол толықтай жөндеуден өтті. Қазір ауыл арасында қатынау өте жеңіл. Сырттан келетін демалушылар да дән риза.

Өткен жылы халықпен жүздесуімізде Көктал Арасан ауылының тұрғыны Сейітжаппар ақсақал ауыл шетінде жаңбыр суы жиналатын шағын көлшік пайда болып, сол жерге малдар түсіп, батпаққа батып кетіп жатқанын айтқан болатын. Биыл ауылдық әкімдікте істейтін жігіттердің басын қосып, шағын көлшікті тікен сымтемірмен қоршап, мал кірместей қылдық. Ауыл халқы дән риза.

Бұдан басқа, ауылдағы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға барынша қолдау көрсетіп тұрамыз. Алматы мен Жаркенттегі орта буынды оқу орындарда білім алып жүрген тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың оқу ақысын төмендетіп беру турасында хат жазған едік. Оқу орын басшылары өтінішімізге құлақ асып, оқу ақыларын біршама төмендетіп бергенін естігенде қуанып қалдық.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға кірісіп кетті ғой. Біз де Президентіміздің бастамасына қолдау көрсетіп, ауыл халқының мұң-мұқтажына құлақ түріп, олардың тұрмыстық мәселелерін барынша шешеуге күш салып жатырмыз. Ауылымыздағы бір-екі адамның денсаулығына байланысты мемлекеттің жәрдемақысын алуға қатысты құжаттарын жөндеп бердік.



Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x