Павлодарда зағип жандарға арналған «күн сәулесі» жобасы ашылды

Dalanews 17 мам. 2019 06:47 247

Павлодар облысында зағиптар мен көру қабілеті нашар азаматтарға арналған «Күн сәулесі» жобасының тұсауы кесілді.

Павлодар өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Бұған дәлел күні кеше «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде көру қабілеті нашар  жергілікті азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханасында «Күн сәулесі» жобасы ашылды.

Аталған жобаның ашылуына Павлодар облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мұрындық болғанын айта кетелік.

Жобаның мақсаты – зағип жандарды қоғамдық өмірге тарту, оларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыт-бағдарымен таныстыру әрі олардың өзара  рухани байланыс орнатуға жағдай жасау.

Осынау жоба аясында қазақ тілі курстары да ашылып, «Күн сәулесі» іс-шарасына қатысуға ынта танытқан зағип жандар мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік алмақ.

Бұдан бөлек, жобаға қатысушылар қазақ халқының дәстүр-салтын, мәдениетін арнайы Брайл жүйесіне негізделген оптикалық құрылғылар, тифлоқұрылғылар, рельефті-графикалық (зағиптарға) және жазық баспалы (көзі нашар көретіндерге) оқу құралдары және жаңа ақпараттық технологиялар арқылы тереңдетіп үйренетін болады.

Сабақ барысында түрлі өмірлік жағдайда қазақша сөйлеуге мүмкіндік беретін лексикалық қоры бар дыбыстық аудиожазба құрылғысына жазылған сөйлеу модельдері, көру қабілеті нашар азаматтарға арналған арнайы әлеуметтік-белсенді және рефлексивті оқыту әдістері мен технологиялары қолданылады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x