Райымбек ауданында құрылыс қарқынды жүруде

Dalanews 10 сәу. 2019 04:16 253

Райымбек ауданына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов келіп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Өткен жылы Қытаймен шекара маңындағы Райымбек ауданы жеке-дара аудан болып қайта құрылған болатын. Міне, содан бері ауданда маңызды жобалар қолға алынып, жұмыс қарқынды түрде жүре бастаған. Тоқырау жылдары ауылдағы жұрт күнкөрістің қамымен қалаға қарай үдере көшкені белгілі. Қазір керісінше, қаладан туған жеріне бет бұрған жандардың қарасы көп.

 

Бүгінде Райымбек ауданында жол жөнделіп, жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл бағытта жұмыстар алдағы уақытта жастарды ауыл-аймақта тұрақтандыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Ең бастысы, кезінде картобымен Қазақстанға танылған Райымбек ауданы бүгінде дәстүрлі кәсібін жолға қойып, Алматы облысын картоппен қамтуға белді бекем буғанын айрықша атап айтуға болады. Бұдан бөлек, ауданда мал шаруашылығы мен өндіріс те оң бағытта дамып келеді.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов аудан орталығы Нарынқолда таудың етегінде салып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Бүгінде құрылысшылар кешен салынатын 4069,7 шаршы метр жерді тереңдете қазып, іргетасын құю үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын көрді.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары нысан құрылысына жауапты «Фуд МС» серіктестігінің директоры Сейітжан Құсайыновпен тілдесіп, жұмыс барысымен танысты.

Бұдан кейін аудан орталығындағы бұрынғы Нарынқол ауылдық әкімшілігі орналасқан ғимаратқа жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын бақылады. Құны 176 миллион теңге тұратын құрылыс жұмысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Фуд МС» серіктестігі жүргізіп жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстары келесі айдың соңында бітеді деп жоспарланған. Екі қабатты еңселі ғимаратқа алдағы уақытта Райымбек ауданының кірістер, статистика және қазынашылық бөлімдері қоныстанады деп күтілуде. Ал ғимараттың артқы жағындағы аумаққа Халыққа қызмет көрсету орталығы мен аудандық архив салынбақ.

Облыс әкімінің орынбасары Л.Тұрлашов бұдан соң бұрын аудандық прокуратураның мекенжайы болған ғимаратқа жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Аталған ғимараттың жанына қосымша тағы бір нысанның іргетасын қалау жұмысы жүргізілуде.

Қарқынды құрылыс аудан әкімдігі орналасқан үш қабатты ғимаратта да жүріп жатыр. Өткен жылы қолға алынған істі мамыр айының аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Ғимараттың шатыры ауыстырылып, ескі сылақтары түсіріліп, сейсмикалық күшейту жұмыстары толығымен жүргізілген. Жаңадан есік-терезелер орнатылған. Дәл қазіргі уақытта ішкі сылақ жұмыстары жүріп жатыр. Құны 496 миллион теңге тұратын күрделі жөндеу жұмысы Сәбит Қалимолдаев басқаратын «Гуни Строй Сервис» ЖШС-на жүктелген.

Нысандарды аралап шыққан соң облыс әкімінің орынбасары аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында шағын жиын өткізіп, өңірдегі құрылыс жұмыстарын жан-жақты сөз етті. Өз кезегінде аудан әкімі Жолан Омаров:

– Биыл Райымбек ауданында халыққа қызмет көрсету орталығы, мұрағат, азаматтарға арналған үкімет ғимараты, прокуратура, өрт сөндіру мекемесі, Нарынқол ауылдық әкімшілік ғимараттары мен 83 пәтерлі коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы қолға алынады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті филиалының ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Мұның сыртында 8 қызметтік тұрғын үй салу жоспарда тұр. Аудан аумағындағы Текес, Сарыбастау, Шалкөде, Жамбыл ауылдық әкімдіктерінің жаңа ғимараты бой көтереді. Жамбыл, Сүмбе ауылында жаңадан Мәдениет үйі тұрғызылады. Қақпақ, Жамбыл ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қолға алынады. Аудан орталығынан күн сайын 250 адам қабылдайтын емхана салынып, жалпы көлемі 54 шақырым болатын көше жолдарының 29,5 шақырымы асфальтталады. Мұның бәрі қайта қалпына келген аудан үшін үлкен жақсылық, – деп алдағы жоспармен бөлісті.

Атқарылған іске ризашылығын білдірген облыс әкімінің орынбасары Л.Тұрлашов аудан және мердігер компания басшыларына аталған құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде сапалы бітіріп, уақытында пайдалануға беру жөнінде тапсырма берді.

«ҚмД» ақпарат

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x