«Жасыл ел» бағдарламасы іске асыруда Талғар жастар топ бастап келеді

Dalanews 02 ақп. 2019 02:35 290

Күні кеше ғана ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов Талғар ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында мәжіліс депутаты Талғар қаласындағы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жағдайымен танысты.

Айта кетсек, халық қалаулысы жақында ғана іске қосылған Талғар гидроэлектро станциясының, «Мелиоратор» ықшам ауданындағы блок-модульді қазандықтардың және өткен жылдың соңында ашылған 180 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмыстарымен танысты.

Бұдан кейін Әбдіманап Елікбайұлы Талғар агробизнес және менеджмент коллеждінің қабырғасында аудан жастарымен кездесті. Кездесу барысында халық қалаулысы «Жастар жылының» негізгі басымдықтары жайлы баяндап, Елбасы тапсырған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға тоқталып, биылғы жылдың жастар үшін маңыздылығын ашып берді.

Кездесуге қатысқан аудан әкімі Рыскелді Сатбаев өз кезегінде аудан жастарының жеткен жетістіктерін айта келе, өңірде жастардың қатысуымен өткізілетін іс-шараларға тоқтала кетті.

– Ауданымызда 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың жалпы саны 49 396 адамды құрайды. Бұл – үлкен күш, зор потенциал. Өткен жыл аудан жастары үшін жемісті жыл болды. Жастарымыз тек аудан көлемінде ғана емес, сонымен қатар облыстық деңгейде де белсенділік танытты. Талғар ауданының жастары «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша  «Үздік орталық» номинациясын жеңіп алды. Талғар ауданының жастар ресурстық орталығы жыл бойы 161 шара ұйымдастырып, бұл шаралармен барлық санаттағы 25 000  жасты  қамтыды. Және де бір қуанышты – Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен осы жылы ауданымызда арнайы жастарға қызмет көрсету орталығы салынуы жоспарлануда, – деді өз сөзінде аудан басшысы.

Сонымен бірге, биылғы жылы «Президентіміздің 5 әлеуметтік бастамасын» іске асыру мақсатында Талғар қаласында Талғар политехникалық колледжі мен Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің студенттеріне арналған жатақханалар салу жоспарланып отыр.

Кездесуді  қорытындылаған  мәжіліс депутаты жастарға қоғамның жан-жақты дамуына өзіндік үлестерін қосуға шақырып, белсенді болуға үгіттеді.

 

 Талғар ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x