Жамантай Бейсенбаев: «Мақта бағасын зауыт емес, шаруа белгілеуі керек»

Dalanews 14 желт. 2018 12:39 161

Бүгінде Жетісай ауданында мақтаның өнімділігі жыл сайын артып келеді. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың айтуынша шаруалар агротехникалық жұмыстарды қолға алғаннан кейін қол жеткізгенін айтып берді.

– Мақта шаруашылығындағы проблемалардың бірі шабық еді. Қазір шабықты химиялық әдістермен жасауға болатынын халық түсініп, үйрене бастады. Сосын, мақтаның өнімділігін арттыру –  проблемалардың үлкені. Мен 2010 жылы АҚШ-қа бардым. Арканзас деген штатында болғанымда ондағы мақташылар гектарынан 60 центнерге дейін өнім алады екен. Іштей, «біз неғып ала алмаймыз» деймін ғой қызығып. Сол жерден терең қопсытуды үйреніп, біраз агротехникалар алып келдік. Соны пайдаландық.

Елге келген соң мұндағыларға айтсам, ақсақалдар «Әй, шырағым, мұхиттың арғы жағын қайтесің, өзімізді қатырып алайық та» дейді. Көктем шыға әр ауылға барып семинар өткізіп, «мынаны былай етсек, 5 центнер қосылады, мынаны былай қылсақ, 7 центнер қосылады, одан кейінгі технологияны қолдансақ, 15 центнерге көбейеді» деп түсіндірдік. Кейін сол ақсақалдар келіп  рахмет айтты. «Кезінде сен сөйтіп айтқанда сенбеп едік, кейін байқап көрсек, шынымен де тиімді екен» деді. Қазір терең қопсыту сияқты технологияларды халық үйреніп алды.

Өзіміздікі бар, шет елдердің тәжірибелеріне қарап отырып шаруаларға мынадай мәселені көтердім – бағаны зауыт емес, біз қоюымыз керек. Біз талап етуіміз керек. Қазір зауыт жетеді. Ауданда 11 зауыт бар. Олар ылғи келісіп алады да, «мынадай бағаға қабылдайық» дейді. Дәл осындай жағдай Иранда да болған екен. Оларда да зауыттар келісіп алып, «мына бағада аламыз» депті. Шаруалардың еңбегі ақталмай қалған. Сосын, мақта шаруашылығы ассоциациясын құрып, басқа мемлекеттердің  зауыттарымен келісімшарт жасасайық деп, еліндегі бір де бір мақта зауытына мақта тапсырмай қойыпты. Зауыттардың бәрі банкрот болған. Ақырында, келесі жылдан бастап Иранның зауыттары мақтаны шаруалардың айтқан бағасына қабылдайтын болыпты. Осыны естіп, мен ауылдағы шаруаларға «мақтаны шикі күйінде емес, талшық күйінде сатайық. Талшық күйінде сатсақ, зауыттар өктемдік жасай алмайды. Қосымша 30 пайыз ақша ұтасыңдар» дедім. Бірақ енді шешілмейтін мәселе жоқ. Зауыттармен келісіп, ақылдасып шешеміз ғой. Тым ондай күрделі проблема бола қоймас деп отырмыз, – дейді аудан әкімі.

 

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x