Созақта аламан айтыс өтті

Dalanews 21 қаз. 2018 08:00 402

Созақ ауданының 90 жылдығына орай мәдени шаралар әлі де жалғасуда.  Соның бірі кеше ғана өткен «Сырлы Созақ» республикалық ақындар айтысы.

Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен сегіз ақын келіп қатысты. Жалпы, бұл айтысты халықаралық айтыс десе де болады. Өйткені Теріскейдегі аламан жыр додасына көршілес Өзбекстаннан да айтыскер ақын келіп қатысып, сөз таластырды.Ал  Павлодар облысынан Аспанбек Шұғатаев, Түркістан облысынан Жарқынбек Наушабеков, Шымкент қаласынан Нұрлан Есенқұлов, Созақ ауданынан Қалижан Білдашов, Қызылорда облысынан Мереке Айтбай, Астана қаласынан Айнұр Керімбекова, Өзбекстаннан Құлмахан Серікбаев, Бәйдібек ауданынан Қажымұқан сияқты елімізге танымал айтыс ақындары өзара жұптасып бақ сынасты.

Қазылар алқасының төрағасы Әбдіхалық Әбдірайымов, мүшелері «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Созақ, Бәйдібек аудандарындағы тілшісі Мақсат Қарғабай, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, филология факультетінің сырттай оқыту бөлімінің деканы, ғалым Нариман Нұрпейіс, мәдениет қайраткері Құрманбек Жылқыбаев, ақын Бақытжан Алдияр секілді өнер мен жырдан хабары бар жандар барынша әділ өткізуге тырысты.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» анықталған аламан жыр бәйгесінде бас жүлде ( бір миллион теңге) Түркістан облысынан келген Жарқынбек Наушабековке бұйырды. Бірінші орын (500 мың теңге) созақтық Қалижан Білдашовқа, екінші орын (үш жүз мың теңге) керекулік Аспанбек Шұғатаевқа, үшінші орын (200 мың теңге) шымкенттік Нұрлан Есенқұловқа тиесілі болды.

Қалған ақындардың әрқайсысы да ынталандыру сыйлығын (100 мың теңгеден) иеленді. Айтыс барысында Жарқынбек пен Қалижанның қайнаға мен күйеу бала болып өзара айтысы өте жарасымды, сыйластықта өтіп көптің көңіленен шықты.

Сонымен бірге, Нұрлан мен Аспанбектің арасындағы болған айтыс та көрермендер көзайымына ие болды. Жүлделі орындарды аудан әкімі Салыхан Полатов пен қазылар алқасы ақындарға салтанатты түрде табыс етті.

Осылайша  Теріскейдің 90 жылдық мерейлі мерекелік шарасы аясында өткен аламанда «Жеңілген ақын » болған жоқ. Барлығы қаржылай сый-сияпатқа ие болып, жарасымды сыйластықпен көңілді тарасты. Айтыс шарасына қолынан келгенше демеушілік жасап, елдің ақ батасына ие болған, келген қонақтарды күтіп алып, шығарып салып, ризашылығына бөленген кәсіпкер Ербол Қарнақбаевтың азаматтық ісін көпке өнегелі өрелі іс деп айтар едік. Өзі басқаратын балабақша ұжымы осы күні келген ақындар мен қазылар алқасына қалтқысыз қызмет етті. Сол себепті, аудан жұртшылығы мен келген айтыскер ақындар, әділ қазылар атынан Ербол мен оның барша ұжымына шексіз алғысымызды білдіреміз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x