Созақта Кеңес заманында қиратылған «Балдысу» мешіті қайта ашылды

Dalanews 22 қаз. 2018 07:55 420

Күні кеше ғана Шолаққорған ауыл әкімдігі округіне қарасты Балдысу ауылында «Балдысу» мешітінің ашылып, көпшілікті қуанышқа бөледі. 1928 жылға дейін ауылда бір мешіт жайы болған. Бірақ Кеңес өкіметі орнағанда  қызылдар имандылық үйін қиратып, пайдалануға жарайтын тұстарын реттеп атқораға айналдырып жіберіпті. Сондықтан бүгін ашылған мешіт араға 90 жыл салып, жаңадан тұрғызылған жаңа мешіт десек болады.

Мешіттің айналасы қоршалып, гүл егетін гүлзар алаңдары реттеліп, айналасы асфальттеліп, Құдай үйінің алдына оюлы тастар төселіп ауылға ерекше рең беріп тұр. Жалпы ауылға мешіт салу жұмысы туралы бастама әуел бастан ауыл тұрғындары тарапынан болған. Сол бастаманы ауылдың перзенті, аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Бәйкен Әметжанов қолдап, демеушілік жасап, өз қаражаты есебінен Алланың жердегі үйін өзгеше жобамен салыпты.

Алақандай ауылға айбар мен көрікімен айрықша сән беріп тұрған мешіт ауласы қызылды-жасылды шарлар ілініп, қолдарына түрлі жалауша ұстаған жастар айтулы шараға ерекше үн қосты десек болады.

Осылайша Созақ ауданының 90 жылдығына орай Балдысу ауылында барша мұсылман қауымының қуанышына айналған 80 орындық мешіт ел игілігіне берілді.

Шараға Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бірінші найб мүфтиі, Түркістан облысының өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы Еркін қажы Дуанаев, Түркістан облысы Қожа Ахмет Түркістан мешітінің найб имамы, қари Сүлеймен қажы, Түркістан облысының Құрметті азаматтары Қанжігіт қажы, Талғат Баймаханов, Созақ ауданының Құрметті азаматы Сексенбай қажы Тұрысбеков, ауылдың бұрынғы имамы Тоқтарбайқажы Молдабеков сияқты бірқатар азаматтар қатысып, Балдысу ауылының тұрғындарын жаңа мешіттің бой көтеруімен құттықтады.

Салтанатты шарада алдымен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бірінші найб мүфтиі, Түркістан облысының өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы жалпы аудан жұртшылығын, ауыл тұрғындары мен қонақтарды жаңа мешіт үйінің ашылуымен құттықтап мешітке өзімен ала келген құран кітабын сыйға тартты.

Ауыл тұрғындары атынан Астанадан келген қонақтың иығына аудандық мәслихаттың депутаты, кәсчіпкер Бәйкен Әметжанов шапан жауып, ат мінгізді. Алайда бас мүфтидің орынбасары сыпайылық танытып, иығындағы шапанды ауыл ақсақалдарының бірі кигізді. Мешіттің ашылу салтанатында кезекті сөз алған Еркін қажы:

– Мен осы мұсылмандар діни басқармасында түрлі қызметтер атқарып жүрген жылдар ішінде көптеген мешіттердің ашылуына қатыстым. Алайда тура дәл бүгінгідей Балдысу ауылында ашылған мешіттің салтанатында тұрғандағыдай толқыған емес едім. Бірде Жамбыл облысында қазақтың кемел жазушыларының бірі Шерхан ағамыздың ауылындағы ашылған мешітте Шерхан ағамыз «Осы мешіт салынған жер бұрынғы мешіттің орны болатын. Кеңес өкіметі жылдары мешіт түгелдей қиратылып кетті. Сол мешіттің қиранды орнында жылдары бойы байғыз шақырып, түн баласы халық үрейін алып, ауыл маңайына қорқыныш тудырып, жамандық шақырғандай болатын. Енді міне тәуелсіздігіміз келіп, мешіт қайта бой көтеріп байғыздың орнына азанның үнін еститіндей жаңа, ғажап заман туды» деген болатын. Мен де бүгін сол Шерхан ағам басынан кешкен қуанышты жағдайды басымнан кешіп тұрғаныма, осындай күн тудырған Жаратқанға шексіз ризашылығымды білдіремін. Енді менің ауылымда да жаңа мешіт бой көтерді. Ауыл азаматтарына, ағайындарға, жастарға, қарияларға айтарым мешіт үйі бос тұрмасын. Мешітте жиі-жиі бас қосыңыздар. Мешітке ауыл халқы жиірек бас қосса ұрлық-қарлықтан, өсек-аяңнан, әдепсіз қылықтан, жаман әдеттерден арыла түсер еді. Мен сіздерге, сіздердің жанұяларыңызға тек жақсылықтар болуын тілеймін, – деді.

Салтанатты ашылудан кейін жиылған көпшілік жұма намазына қатысты. Одан кейін арнайы дастархан жайылып келген қонақтар мен жиылған жамағатта арнап ас беріліп, әруақтардың рухына құран оқылды.

 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ, журналист.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x