Отырар ауданы ат спорты федерациясы көкпар ұйымдастырды

Dalanews 21 қаз. 2018 06:44 263

Бүгін Отырар ауданында көкпардан аудан әкімінің жүлдесіне арналған облыстық турнир өтіп, жүлделер сарапқа салынды. Дүбірлі додаға Түркістан облысының бірнеше аудандарының шабандоздары қатысып, бақтарын сынады.

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов сөз сөйлеп, спорт сүйер қауымға шынайы тілегін жеткізіп, жарысты ашық деп жариялады.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған әрбір Жолдауында бұқаралық спортты дамытуды, оның ішінде ұлттық спорт түрлеріне баса көңіл бөлу керектігін үнемі айтып келеді. Құрылғанына бір-ақ жыл болған аудандық ұлттық ат спорты федерациясы өнімді еңбек етіп келеді. Осы тұрғыда федерация президенті іскер азамат, аудандық мәслихаттың депутаты Төрегелді Ақжігітке алғыс айтсақ жарасады. Додаға түскен аттарыңыз сүрінбесін, жігіттер жығылмасын. Іске сәт, – деді аудан басшысы Ерлан Қуанышұлы.

Әкімнен соң сөз алған мәслихат депутаты, аудандық ұлттық ат спорты федерациясының президенті Төрегелді Ақжігіт әрдайым Елбасы саясатын қолдайтынын, келесі 2019 жастар жылында жұмысты одан әрі жандандыратынын жеткізді.

Былтыр тура осы уақытта, бірінші көкпарды өткізгендерін, мұндай шаралар алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасын табатынын айтты. Ауданды көркейту, газдандыру, дамыту үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан аудан әкіміне алғысын айтты.

Ардагер ақсақалымыз Мырзахмет Темірбеков бата берген соң, көкпар басталып кетті. Көкпарда 19 салым салынып, палуандар ризалықпен тарасты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x