Қарнақта жаңа мектеп бой көтеріп келеді

Dalanews 20 қаз. 2018 05:50 296

Халық саны көп Түркістан облысында үш аусымды мектептердің санын қысқартып, жаңа білім беру ошақтарын салу маңызды мәселелердің бірі. Бұл бағытта облыста қызу жұмыстар атқарылып жатыр. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылдық окургіндегі жас жеткіншектер де қазір үш ауысымды мектепте білім алып жүр. Келер жылдан бастап бұл мәселе түбегейлі шешімін табады. «Ахын-тума» мектебінің оқушылары ескі білім ұясының жанынан жаңа мектептің ірге тасы қаланып жатқанына дән риза. Бүгінде құрылыс жұмыстарының сапасын тапсырыс берушілер жіті назарға алған.

Асыр салып жүгірген ойын балалары мына ескі мектептің оқушылары. Білім нысаны тар болғандықтан дене шынықтыру пәні ашық аспан астында өтеді. Дегенмен балалар көз алдарында бой көтеріп келе жатқан 300 орынды заманауи мектепті көріп бақытты болашаққа сеніммен қарауда. Кентау қалалық құрылыс бөлімінің мамандары да білім ұясының сапалы болуын барынша қадағалауда. Өз кезегінде Кентау қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Орынбек Тындыбаев:

– Мектептің құрылыс жұмыстарына негізінен елімізде жасалынған құрылыс материалдары пайдалануда. Бағасы мен сапасы тиімді болғасын құрлысшылар отандық өнімді алып келеді,  – деді.

Ал нысанның басына арнайы барған «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мамандары мердігерлерге тағыда отандық өнімді насихаттап, өздерінің  ұсыныстарын жеткізді.

Білім ұясының сметалық құны 853 млн теңге. Биыл мамыр айында ірге тасы қаланған мектепті 2019-шы жылдың қыркүйек айында тапсыру жоспарланған. Әзірге шаруалар кестеге сай атқарылуда. Қарнақтық балалар келер жылы заманауи, зәулім мектепте білім алатын болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x