Түркістан облыстағы жылыжайлардың 50 пайызы Сарыағаш ауданда шоғырланған

Dalanews 02 қаз. 2018 10:29 211

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына барып, бірқатар нысандарды жұмысымен танысып, жер емген шаруалармен пікірлесті.

Ж.Түймебаев Қапланбек ауылдық округінде орналасқан «Жабай ата» шаруа қожалығының жылыжай кешенінде болды. Мұнда көкөніс өсіруде озық технологиялар қолданылған. Құны 1,8 млрд. теңге болатын жоба бойынша 15 гектар жерге қызанақ пен қияр егілген. Шаруа қожалығында 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылармен тілдескен Ж.Түймебаев:

– Бұрын жоғары технологиялар қолданылған жылыжайлар шетелде ғана болушы еді, қазір Сарыағашта да бар. Облыстағы жылыжайлардың 50 пайызға жуығы осы ауданда шоғырланған. Бұл жөнінен Сарыағаш өзгелерге үлгі бола алады. Елбасымыз Түркістан облысының диқандарына бүкіл Қазақстанды жеміс-жидек пен көкөніспен толық қамту жөнінде тапсырма берді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаруаларға түрлі жеңілдіктер жасалып жатыр. Нәтижесінде бұрын шетелден тасымалданатын жемістер мен көкөністер өзімізде шығарылуда. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейте береміз. Мемлекет тарапынан қолдау болады, – деді.

Халық тығыз орналасқан Сарыағашта спорт саласын дамыту маңызды. Осыны ескерген жергілікті билік Қапланбек ауыл округінде «Қапланбек» спорт кешенін ашқан. Мұнда 90 бала каратэ, таеквондо, ауыр атлетика және шағын футболмен шұғылданады. Оларды 7 бапкер баптайды. Спорттың денсаулық кепілі екеніне тоқталған облыс әкімі мұнан соң Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына атбасын бұрды.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x