Амандық Баталов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болды

Dalanews 02 ақп. 2018 16:35 371

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болып, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың тұрғындар алдындағы қорытынды есебіне қатысты. Есепті жиынның алдында облыс басшысы «Туған жер» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген бірқатар нысандарды аралап, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігін қолдаудың сәтті жобаларына куә болды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен Амандық Баталов Жақсылық Үшкемпіровпен бірге даңқты спортшының есімін иеленген спорт кешенінде болды.

Бүгінде Жақсылық Үшкемпіровтің есімі елге Олимпиада жеңімпазы, аты аңызға айналған спортшы ғана емес, табысты бизнесмен әрі меценат ретінде де танымал. Ол өзінің туған жері Мыңбаев ауылында бірқатар әлеуметтік маңызды нысандар ашқан. Олардың қатарында спорт кешені де бар. Оның күрделі жөндеуіне меценат 73 млн. теңге жұмсаған. Кешенде күрес, бокс, ауыр атлетика, фитнес, футбол, волейбол және ойын залдары бар. Мұнда грек-рим күресі, еркін күрес, қазақша күрес, самбо, дзюдо, сол сияқты футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасайды. А. Баталов бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, қазақша күрес пен тренажерлық залдарды аралап көрді. Ж. Үшкемпіров жастарды спортқа баулу, саламатты өмір салтына тарту аса маңызды іс екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыратынын айтты.

Сонымен қатар Амандық Баталов Мыңбаев атындағы мектептің Жақсылық Үшкемпіровтің қаржысына күрделі жөндеу жұмыстары жасалған спорт залына барды.

Мұнан соң «Жақсылық» жекеменшік балабақшасында және шағын отбасыларына арналған жатақханада болды. Бұл екі нысан да Ж. Үшкемпіровтің қаржысына күрделі жөндеуден өткен. Балабақша 2015 жылдың ақпан айынан жұмыс істейді, қазір мұнда 100 бала тәрбиеленуде. Меценат ғимаратты толық жаңғыртудан өткізіп, музыкалық зал салып берді.

Шағын отбасыларға арналған жатақханада тұрмысқа қажетті жағдайлардың бәрі жасалып, газ тартылған. Бүгінгі күні мұнда 105 отбасы тұрып жатыр.

Бұдан кейін облыс әкімі жуырда күрделі жөндеуден өткізілген ауылдық мәдениет үйінің жұмысымен танысты. 1973 жылы салынған бұл ғимараттың күрделі жөндеуіне 237 млн. теңге бағытталған, тағы 14 млн. теңге материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлініпті. Қазіргі кезде мәдениет үйіндегі «Өнер» мектебінің домбыра, фортепиано, гитара, вокал, ұлттық билер, актерлық шеберлік және басқа да үйірмелеріне келуші жас өсіндер қатары аз емес. Сонымен қатар мұнда балаларды қолөнерге де баулиды. 750 оқырманға арналған кітапхананың 20 орындық оқырман залы да бар.

Осы күні облыс әкімі Ұзынағаш ауылындағы мәдениет үйінде Жамбыл ауданы әкімінің қорытынды есеп беру жиынына қатысты.

Жамбыл ауданының әкімі Ж. Далабаев өз баяндамасында атап өткендей, 2017 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың оң серпіні сақталған.

Ж. Далабаевтың айтуынша, жыл қорытындысы бойынша ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 42 млрд. теңгені құрады, нақты көлем индексі – 105,1 %. Ауыл шаруашылығын қолдаудың «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бөлінген 1 млрд. 81 млн. теңге толығымен игерілген. Ауданда 15 мал бордақылау алаңы, 8 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Биылғы жылы 500 басқа арналған 1 сүт-тауарлы фермасы ашылып, 25 жаңа жұмыс орны құрылған. Тартылған инвестиция көлемі 1 млрд. 300 млн. теңге болды.

Аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 14 млрд. 85 млн. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнесте 7231 нысан жұмыс істесе, олар шығарған өнім мен көрсеткен қызмет құны 13 млрд. теңгеден асқан. Бұл салада қазір 13 мың адам еңбек етуде.

Аудан әкімінің баяндамасынан кейін талқылау басталды. Аудан тұрғындары түрлі салаға қатысты 10-нан астам сауал қойды. Дәрігерлік амбулатория салу қажеттігі, жас мамандарды қолжетімді баспанамен қамту, аудандық жастарға қызмет көрсету орталығын ашу, ауылішілік жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамтамасыз ету, қазандықтарды қалпына келтіру және басқа да мәселелер көтерілді. Олардың әрқайсысына тұшымды жауаптар берілді.

Жиында қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайынан аз-кем баяндап, ауыл шаруашылығы, оның ішінде дақылдарды өсіру мен өңдеу мәселесіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ А. Баталов бұл орайда Жамбыл ауданының қосып отырғаны үлесі бар екенін де атап өтті.

- Бүгін «Туған жер» бағыты бойынша ашылып, жұмыс істеп тұрған бірқатар нысандарда болдым. Бұл жағынан ауданда үлгі етерлік жұмыстар бар. Жәнежыл ішінде аз жұмыс жасалған жоқ, бірақ алда үлкен міндеттер тұр. Ауданда білім сапасын көтеру, ана өлімін болдырмау бағытында тыңғылықты жұмыстар атқару қажет. Әкімдер тұрғындардың өмір сүруіне қажетті жағдайлар жасап, әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық салада туындаған мәселелерді шешуге баса назар аударсын, - деді А. Баталов.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x