Резиденциямыз – «Ақорда», Сауда үйіміз – «Ақорда»

Dalanews 19 мам. 2017 04:11 402

Біз мемлекетті сүю, ұлттық патриотизм жайында көп айтамыз. Тіпті, бұл жайында сөзбен сарай салып тастайтын деңгейге жеттік. Иә, екінің бірі, егіздің сыңары өз мемлекетін сүйеді, Отанын қадірлейді. Бұған дау бар ма? Бірақ біз нені сүйіп, нені қадірлеуді білеміз бе? Бұл сұрақ алдымыздан шыққанда бәріміз сүрінеміз. Иә, мемлекеттік нышандарымызды қадірлейміз. Бұл әуел бастан белгілі дүние ғой. Тағы, қадір тұтатын неміз бар? Дәл осы сәтте өзімізді ұлтын сүйген шынайы патриот екенімізді дәлелдей алмай біраз қиналатынымыз анық.

 

«Ақорда» – ардақты атау

Біздің тарихымыз бар. Қазақ деген елді заматта еске түсіретін бренд, атауларымыз бар. Солар ойымызға оралғанда өзіміздің қазақ екенімізді сезініп, көкірегімізде мақтаныш сезімі (басқаларды қайдам, өзімде солай) кернейді.

Атау дегеннен шығады, күні кеше ғана Алматыдағы Рысқұлов көшесінің бойымен жүйткіп бара жатқанымда жолдың оң қапталында салынып жатқан «Ақорда» деген базарды (сауда үйі де болуы мүмкін) көріп, әдеттегідей көкірегімді мақтаныш сезімі керней жөнелді.

«Тәуелсіздігіміздің арқасында өткен тарихи кезеңдерге қатысты атаулар қайта жаңғырып, өшкеніміз қайта жанды» деген бұлдыр  ой санамды шырмап, жанымды рахатқа бөлегендей болды. Бірақ артынша бір ой пайда бола кетті. Жүрек түкпірімді жарып шыққан сол бір ой жер түбінен шыққан жанайқайға ұқсады.

Ойдың мазмұны мынадай: «Алматының қадірсіз ауданында («ниже Рыскулова не предлагать» деген әдепкі жарнама еске түсіп кетті. Автор – Н.Ж.) салынған бір базардың атауын «Ақорда» деп атағанына сонша неге қуанасың. «Ақорда» Тәуелсіз Қазақстанның, Астана төрінде тұрған Президенттің резиденциясының атауы емес пе? Рысқұлов көшесінің бойын жағалай салынған көп базардың бірін «Ақорда» деп атағанға намыстанбаймысың» деген ащы шындық су бетіне қалқып шыққанда, соңғы кездері қалыптасқан жасанды патриоттық сезімдер шытынап, сынған әйнектей күл-паршасы шықты.
Иә, «Ақорда» деген атау қазақ үшін аса қадірлі атаудың бірі емес пе? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі өткен тарихқа салауат айтып, Астанада салынған ақшаңқан резиденциясын «Ақорда» деп атады емес пе? «Ақорда» сөзі өткен тарихымыздың жарқын беттерінің бастауы ғой. Ат үстінде жортқан ата-бабаларымыздың ерлігі мен өрлігін айғақтайтын тұтас бір дәуірді көз алдымызға әкелетін айбарлы кезең емес пе?

Ал біз болсақ, сол атаудың қадір-қасиетін қашырып, базар, мейрамхана, сауда үйлеріне қоятынымыз қалай? Алматыда «Алтын орда» десеңіз, бабаларымыздың ерлікке толы тарихи кезеңі емес, арба сүйреп, күн астында тұрып, бет-жүзін жасына жетпей әжім торлаған «Алтын орда» базарындағы ауыр тірліктен қажыған адамдардың бейнесі көз алдыңа елестейді.

Қазір нарық заманы екенін түсінеміз. Әр кәсіпкер қалаған атауын өзі ашқан базар, сауда үйі мен мейрамханаларының қасбетіне ойып жазып, өзінің ұлт патриоты екенін дәлелдеуіне болады.

 

Қазақы атаулар қала шетінде қалған

Ең сорақысы, осында қазақтың көне тарихынан хабар беретін «Ақорда», «Алтын орда», «Хан сарайы» деген аяулы атауларды еліміздегі қалалардан ұзап шығып, қадірсіздеу аудандарға аяқ басқанда көптеп кездесетініне көңіл тоқтатып, мән бермейміз.

Ал қаланың ішіне ене бастасаң, ағылшын, орыс тіліндегі «заманауи» атаулардан көз сүрінеді. Бұл қалай? Сонда қазақтар өзінің өткен тарихын қадір тұтпай ма? Таң атқаннан кеш батқанша «патриотпыз» деп аузымыз көпіріп әңгіме айтатынымыз бекер болғаны ма?

Егер біз шынымен де патриот болсақ, Алматыдағы «Атакент» көрме орталығының дәл ортасында сән-салтанаты жарасқан «Бақшасарай» мейрамханасын «Алтын орда» деп атар едік қой. Неге солай атамадық? «Бақшасарай» мейрамханасының егесі Қазақстанға танымал, кезінде әкім болған белгілі азамат екенін бәріміз білеміз.
Ал Қазақстандағы үздік кәсіпкерлердің көшін бастап жүрген Нұрлан Смағұлов мырза еліміз бойынша сәулеті келісті ғажап сауда үйлерін салып, оларға «Мега» деп ат беріп, айдар тағуға шебер. Егер Нұрлан мырза сол сауда нысандарының бірін «Алтын орда», «Хан сарайы» деп атаса қандай жарасымды болар еді. Бірақ Нұрлан мырза бірде-бір ғимаратын қазақы ұғымға жақын атаумен атаған жоқ. Шамасы, олар сауда үйлерін, керемет ғимараттарын қазақы атаумен атаса, жұрт келмей қояды деп ойлайтын болса керек.

 

Тәуелсіздік жылдарындағы атаулар

Басқа қаланы қайдам, Алматы қаласында әл-Фараби көшесімен жүріп, Достық көшесінің бойымен жоғары өрлесең, Есентай молл, Ритц-Карлтон, Ресей, Ритц-Палас, Parasat Hotel&Residence, Wellness Club LUXOR, Ройал Тулф сынды қонақүй, сауда үйлері көзіңізге оттай басылып, өзіңді Қазақстаннан басқа елде жүргендей сезінесің. Өзіңіз тұратын қалада осындай атаулар көп болса, жазып жіберіңіз. Шетелдің қандай мықты атаулары бар екенін біле жүрейік.

Тізбелеп шыққан бұл ғимараттар еліміз тәуелсіздікке ие болғанда бой көтергенін бәріміз білеміз. Біреулер «Бауырым, тырнақ астынан кір іздеп қайтесің, Достық көшесінің бойында «Республика сарайы», «Оқушылар сарайын» неге ұмыттың?» деп айтуы мүмкін. Рас, қазақы атауды иемденген бірлі-жарым ғимараттарымыз бар. Әйтеуір соларды көргенде өзіміздің әлі де болса Алматыда тұрғанымыз есімізге түсіп, тәубе дейміз. Бірақ бұл – ғимараттардың бәрі кеңес заманында бой көтерген.
Өткенге байыптап қарасақ, біздер Кеңес заманында қазіргіге қарағанда әлдеқайда ұлтжанды, әлдеқайда елжанды болыптық қой. 

Жұртты магниттей тартқан осы ғимараттардың қожайындарының көпшілігі қазақ екені анық. Әрине, олар өз елінің өткен тарихын білмейді. Білсе де, мән бермейді. Олар шетелде көрген атауларын сауда нысандары мен қонақүйлерінің қасбетіне қашап жазуға құмар. Қазақтың тарихы, айбынды атаулары оларды қызықтырмайды (қарғам-ау, олар қазақ тілін білмейді ғой).

 

«Кремль» деген базар жоқ

Енді қайтпек керек? Шетел десе барын беретін «элитаның» бетін бері қаратуға бола ма? Бірақ оған ондаған жыл керек шығар? Меніңше, оған дейін «Ақорда», «Алтын орда» деген аяулы атауларды мейрамхана мен ыбырсыған базарларға қоюға тыйым салған жөн.
Патриот болудың жөні осы екен деп «Ақорда» деп базар мен мейрамхананы атауға өз басым қарсымын. Бұл – біздің мемлекеттігімізді паш ететін атрибут. Айталық, орыстардың «Кремль» деп базар ашып, қонақүйді атағанын көрген де, естіген де емеспін. Сол сияқты американдықтар «Ақ үйін» қалай қадірлесе біз де «Ақордамызды» солай қадірлеуіміз керек.

Сондықтан, біздер де елдігімізді айқындайтын атаулармен мейрамханаларды атап, аяулы сөздің қадірін кетірмейік. Мұндай жайттарға мемлекеттік тұрғыдан шектеу қоюымыз керек.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x