"Адамдар алаңға шықты екен, ендеше билік оларды тыңдауы тиіс"

Dalanews 23 мам. 2016 12:25 245

Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі, саясаткер Мұхтар Тайжан 21 мамырда алаңға шыққан халықпен пен оның ізін аңдыған билік турасындағы ой-пікірімен бөлісіпті.

Сонымен бізде комиссия құрылды, оған әртүрлі саланың мамандары кірді. Демек, ол біржақты емес. Оның үстіне бұл комиссия Жер туралы кодексті ресми әрі заң жүзінде өзгерте алатын бірден-бір механизм. Әзір біз дәл осы іспен айналысып жатырмыз. Дәл қазір біз асығыстық танытып отырған жоқпыз, себебі, біз қарсы шыққан заң нормалары тоқтатылған, дәл әзір олар өз күшінде емес. Былайша айтқанда, мәселеге байсалды түрде баға беретін ахуал қалыптасты. Осы себепті де мен адамдарды 21 мамырда алаңға шығуға үндеген жоқпын

Алайда халық бәрібір де алаңға шықты. Адамдар алаңға шықты екен, ендеше билік оларды тыңдауы тиіс, себебі олар осы елдің азаматтары. Олар алаңға шықса еріккеннен шыққан жоқ, оларды әлдебір дүние қатты алаңдатты деген сөз. Дәл осы мәселе олардың алаңға шығуына түрткі болды.

Шықсын, шықпасын бұлар біздің елдің азаматтары. Олар бөтен елден болмаса басқа бір әлемнен келген жоқ. Билік оларды дөңгелек үстелдің басына шақырып ақылдасуы немесе халықпен бірге алаңға шығып, қарапайым халықтың ой-пікірін тыңдауы қажет еді. 24 сәуірде халық көшеге шыққанда Атыраудың әкімі сөйткен болатын. Алматыда қаншама зәулім сарай қаңырап бос тұр. Халықтың пікірін тыңдау үшін Республика сарайының өзі артығымен жетеді. Халық дегеніміз салықтөлеушілер, сайып келгенде билік, полицияның өзі халықтың арқасында күн көріп отыр.

21 мамырда алаңға шыққан адамдардың артынан қуу, құрықтау, автобусқа лақтыру билік өзі таңдаған ең сорақы сценарий. Біз де осы елдің азаматтары емеспіз бе?! Егер адам қоғамдық тәртіпті бұзбаса, экстремистік ұрандарды айғайламаса оны ұстаудың не қажеті бар? ХХІ ғасырдың өркениетті мемлекеті бұлай жасамаса керек еді...


Дереккөз: tengrinews.kz


Аударған, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x