Түрулі іргеден тас атып отырған Ресей пропагандашыларын "қара тізімге" енгізу қажет

Dalanews 01 қаз. 2020 09:52 343

 Ресейдің «Правда.ру» порталы Қазақстанның ақпараттың кеңістігін емін-еркін кезіп жүр. Көздегені сепаратизм, көксегені Қазақстанның солтүстігі мен шығысы.




 Dalanews.kz тілшісі осы порталға сұхбат берген саясаттанушы Антон Бредихиннің «бредін» басынан аяғына шейін тыңдап шықты.

Пропаганда сұхбат алушы мен сұхбат берушінің өне бойына өтіп кетіпті. Параноясы қозғаны соншалық тұтас ұлтті тілдеп, көпе-көрнеу кемсітуге көшкен екен.

Бұл түрімен Украинамен араздасқан, Беларусьпен бет жыртысуға шақ тұрған Ресейден күндердің-күні Қазақстан да теріс айналады.

Қысқа қайыра айтқанда, қазақ деген ұлт жоқ. Бредихин сөй деп сандырақтапты.


«Қазақтың қазақ болғаны Кеңес үкіметінің тұсында ғана. Оған дейін бұларды киргиз-кайсак немесе жәй әншейін киргиз деп атап келді.

Бұларда ортақ иденттілік, этникалық тұтастық атымен жоқ. Бүтін бір ұлтқа бағдар боларлық біртұтас діни қауымдастық қалыптаспаған. Салақұлаш жатқан ала-құла қоғам.

90 жылдары сляван ұлтының өкілдері мен немістер Қазақстаннан түп қопарыла көшті. Қазақстанда қала тұрғызған, тың игеруге атсалысқан, өндіріс орындарын ашқан орыстардың үрім-бұтағы атажұртына ұнжырғасы түсіп оралды. Осындағы орыс зиялылары қазақ билігіне қажет болмай қалды. Олар да осы елден ауа көшуге мәжбүр болды.

Шығыс Қазақстан? Шығыс Қазақстан казактардың жері. Осы өлкенің қожасы – казактар», – дейді саясаттанушы .

Ал Қазақстандағы славян орталықтарының шынтуайтында осындағы орыстарға ара түсер қауқары да, ықпалы да жоқ.  Бредихин Қазақстандағы казак атамандары АҚШ-тың агенті екеніне сенімді. Олар Ресейді әлдеқашан сатып кеткен.

Қазақстандағы «казактардың» атаманы Юрий Захаров Америкамен ауыз жаласып үлгеріпті.


«Атаман Захаров ЦРУ-дің шпионы. Осы елдегі славяндардың сөзін сөйлейтін ұйымдардың артында алаяқтар тұр. Олардың орысқа жаны ашымайды», – дейді Бредихин.

Сұхбат алушы да шамасы келгенше шатып-бұтқан екен. Өскемендегі орыстың Ресейді өлердей қолдайтынын, олардың үлесі 51 пайыздан асып жығылатынын, осыдан 25 жыл бұрын бұлардың орыс автономиясын құрмаққа талпынғанын жіпке тізіпті.

«Орыстардың көпшілігі Өскемендегі көше атауын өзгертуге қарсы. О жақтағы қазақтар еңсе көтере алмай именіңкіреп, жетімсіреп жүреді. Өңір тұрғындарын Ресейге тартып тұрады», – дейді тілші.

Оның ойын спикер де үстей түсіп, Путиннің түнеукүнгі мәлімдесін қайта маздатыпты.

Бұдан бұрын Путин Мәскеудің бір кезгі КСРО құрамындағы елдерге біраз территорияны тарту еткенін тілге тиек еткен.

«Қазақтарға қытаймен дос болғанша, орыстың Иванының қолтығына кірген артық. Қытай қазақтың көзіне көк шыбын үймелетеді.


Бұл елдегі бүткіл байлық Назарбаевпен байланысы бар кландардың қолында. Бұлардың активі Ресеймен тікелей байланысты, Ресейге тәуелді. Олар ертеңгі өмірін Ресейсіз елестете алмайды. Екі елдің арасы жіпсіз байлап отырған осы элитаның Ресейдегі бизнесі. Олар біздің жүйемен тамырласып кеткен, бізден асып қайда барсын?..», – дейді саясаттанушы .

Салақұлаш сұхбаттың сарыны осы. Қазақстандағы орыстілді аудиторияны астамшыл идеологиямен ауыздандырып, арандатумен айналысып отырған жалғыз Правда емес, күллі Ресейдің ақпараттық саясаты сондай.

Божко секілділерді осы тақылеттес контент ауыздандырып отыр...


Түрулі іргеден тас атып отырған отаршыл, путиншіл, импершіл контентті бұғаттау Ақпарат министрілігінің мойнындағы шаруа болса керек.

Бүтін бір ұлтқа тіл тигізіп, тәуелсіз елдің шаңырағын шайқалтқысы келетін сарапшысымақтарды "қара тізімге" енгізу Ұлттық қауіпсіздік қызметінің құзіретіне кірсе керек-ті...

Қазақ аудиториясы өткен 30 жылдың әділ бағасын әлдеқашан беріп қойған.  Ақпараттық саясатқа бөлінген қаражатты орыстілді аудиторияны қазақтандыруға бағыттау қажет-ақ осындайда.

Ел ішіне ылаң салатындар орыстілді ортада өріп жүр. Айталық, Рудныйдан шыққан Божконың бойында қазаққа деген өшпенділік қалай қалыптасты? Шовинизмнің балалайтын әдеті бар. Божконың өзі ғана емес, қойнындағы қатыны да, бауырындағы баласы да сондай демек. Ортасы да.  Бұл мемлекеттің ақпараттық салада жіберген ақауы.

Билік Божко секілділердің қандай контентті тұтынып отырғанына бас қатырғысы келмейді. Ресей пропагандасы тұтас Рудныйды торлап алған болуы мүмкін. Оған кім ойланып жатыр?


Ақпараттық саясат - Тоқаевтың «Ана тілге» берген сұхбатын жәй ғана сұхбат емес, пропагандаға айналдыруды білдіреді.

Неге десеңіз Божконы абақтыға жабумен шовинистердің саны азаймайды. Орыс агрессиясына қарсы тұру кешенді шараларды қабылдауды қажет етеді. Оның 3 амалы бар.

Алғашғысы.

Ресей пропагандасына төтеп беретін азаматтардың шоғырын (пулын) қалыптастыру. Оларды ертеңгі information warfare-ге, Шер ағаның сөзімен айтқанда мылтықсыз майданға баптап жарату.

Телеарнадағы танымал  жігіттерді, сөзбен қажаса алар сақа саясаткерлерді, басқа да ұрт мінезді, өткір тілді азаматтардың күш-жігерін пропагандамен күреске бағыттау.

Екіншісі.

Қазақстанның ақпарат кеңістігін іштен ірітіп отырған Ресейдің сепаратистік сайттарын бұғаттау! "Өскемен орыстың жері..." деп сандырақтаған сарапшының сөзін Өскеменнің орысы аңдамауы мүмкін емес. Бұл мыңнан бір ғана мысал. Ілгерідегі Божко секілділерді осы тақылеттес контент ауыздандырып отыр.

Үшіншісі.
Қазақстанның аумағи тұтастығына күмән келтірген, бүтін бір ұлтты көпе-көрнеу кемсіткен одақтасымыздың сарапшымақтарына санкция салу, "қара тізімге" кіргізу. Сөйтіп тәубесіне түсіру, амалы табылса айып-анжысын төлету. Бұлардың көпшілігі Қазақстанға келіп кетіп жүреді өйткені. Келуге мәжбүр. Әдетте одақты нәсихаттау үшін Мәскеуден бөлінетін ақшаны игеретін де солар. Әлгіндей әрекетке барсақ ешкім тонымызды шешіп алмас. Бұл енді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзіретіне кірер шаруа...


 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x