«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысында бизнесмендер кәсіпкерліктің ең өзекті мәселерін көтерді.
"Ағымдағы жылдың мамыр айында өңірлік кәсіпкерлермен өткен алғашқы кездесудің қорытындысы бойынша сұрақтар пакеті Премьер-министр деңгейінде көтерілді. Нәтижесінде 84 жүйелік мәселенің 41-і шешілді, қалғандары мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен және ЖАО-мен бірлесіп шешу сатысында. Бизнеспен онлайн-кездесулерді тұрақты түрде өткізіп отыратын боламыз", - деп атап өтті "Атамекен" ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы.
Онлайн кездесуде бірнеше ауқымды мәселелер айтылды. Онлайн байланыс арқылы өткізілген жиынға Төралқа төрағасына өңіріміздің экономикалық жағдайы туралы Өңірлік кеңес төрағасы Қайнар Абасов баяндады.
Кездесуде "Қазақ мақта қауымдастығы" ЗТБ төрағасы Полат Юсупов екінші деңгейлі банктердегі қаражатқа қол жеткізу мәселесін қозғады.
Оның айтуынша, ҚР Ұлттық Банкі заңды тұлғалар үшін қолма-қол ақшаны пайдалануға белгіленген 120 млн теңге мөлшеріндегі лимиті - шитті мақтаны дайындау кезеңінде шаруаларға мүлде жеткіліксіз екенін айтты. Өңірлік кеңестің мүшесі, «Байкенже» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Байкенжеев жылыжайларда қолданылатын энергияға тарифтің қымбаттығын жеткізді. Шығындарды азайту үшін жылыжайларды мемлекеттік қолдаудың шұғыл қажеттілігі, сонымен қатар өнімділікті арттыру үшін инновациялық технологияларды енгізу қажеттілігін баяндады.
Сондай-ақ, Өзбекстаннан шыққан тауарлардың демпингтік және ресми емес айналымы мәселесін «Алтын Адам Тігін Фабрикасы» ЖШС-нің басшысы Балжан Халмуратова көтерді. Ол екі елдің нарықтарында тең бәсекелестікті жүргізу үшін өнімді кедендік рәсімдеу кезінде Өзбекстан тауарларына өзара келісім орнату қажеттігін атап өтті. Бұл шара отандық тауар өндірушілерге айтарлықтай қолдау көрсетпек. Сонымен қатар, "Қуаныш" ЖШС басшысы Инара Намазбаева қаржыландыруға қолжетімділік мәселесін көтерді. Түркістан қаласында Екінші деңгейлі банктердің толық форматты филиалдарының немесе өкілдіктерінің болмауына байланысты қаржыландыруға қолжетімділік едәуір қиын екендігін баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер тарапынан айтылған мәселелер Төралқа Төрағасы мен Басқарма Төрағасының бақылауында болады.