Заңсыз иемденілген активтер есебінен 45 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
СҚО-да су құбыры инфрақұрылымын дамытуға елге қайтарылған заңсыз активтер есебінен 45 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.
Бұл қаражат есебінен өңірдің сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға бағытталған 48 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын реконструкциялау, сондай-ақ, Айыртау және Шал ақын аудандарындағы ауылдарда Көкшетау топтық су құбырына қосылатын жаңа су құбырлары мен су тарту тармақтарын салу жобалары бар.
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдарда барлық жұмыс аяқталғаннан кейін халық сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі.
"Қазір еліміздегі ең ұзын топтық су құбырлары Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Олардың жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Осы құбырлар арқылы 175 мыңнан аса тұрғыны бар 229 ауыл ауыз сумен қамтылып отыр. Петропавл қаласының тұрғындары 100%, ал ауылдардағы халық 97,5% сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізген", - деп жазылған хабарламада.