Заң – кез келген өркениетті қоғамның басты өлшемі

Dalanews 15 мар. 2022 16:09 809

«Қасіретті қаңтар» деп ат алған оқиға бәріміздің жүрегімізде өшпес із қалдырды. Бұл жасайтын іске ғана, сөйлейтін сөзге де сақтықпен қарау керектігін, айналамыздың бәрі қазаққа тілекші, ниеттес жан еместігін ұқтырды.

Маңғыстаудан бастау алған шерудің бейбіт мақсат көздегенін, халықтың бар тілегі өз ойын, ұсынысын биліктің құлағына жеткізу болғанын бәріміз білдік. Бірақ, көпшілікті басқарудың қиын екенін осы жағдай анық көрсетті. Бір-бірін тыңдамаған, басу айтып, тәртіпсіздікті тоқтатпақ болғандар қаңтар оқиғасы кезінде де аз болмады. Тек оны көңіл-күйдің жетегінде кеткен, бір-бірінің соңынан  ілескен ашулы топ назарға алмады. Мұндай жағдайда қарапайым азаматтардың тоқтатуы мүмкін емес. Қала бүлініп, кәсіпкерлер тоналып жатқан кезде, елдің тыныштығы бұзылған сәтте Президент не істеуі керек? Мемлекеттің тыныштығы мен тұтастығының кепілі саналатын Президенттің мұндай сәтте пәрменді шаралар қолдануы заңды емес пе? Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі ретінде батыл шешім қабылдауы сондықтан. Халқымызға басына түскен ауыртпалыққа тіке қарап, шұғыл да аса маңызды шешім қабылдауы Президенттің нағыз отаншыл азамат ретіндегі боямасыз келбетін көрсетті.

Әрине, қаңтар оқиғасына қазір түрлі баға беріп жатқандар бар. Ол қалыпты үрдіс. Қанша адам болса, сонша пікірдің айтылуы заңдылық. Тек кері пікір білдіргендер Президенттің сол тұстағы халықпен бірге болып, біте қайнасқан, ел тілегін тыңдауға деген талпынысын ұмытпаса дейміз.

Парламент мінберінде есеп берген құзырлы орын басшыларының сөздерінен де халықтың үнін, дауысын естігендей болдық. Рас, біздің құзырлы органдар ақпараттық ашықтыққа аса мән бермейді. Олардың беделін төмендететін де осы. Егер құзырлы орын басшылары да Президент сияқты ашық сұхбат беріп, көпшілік көкейіндегі сауалдарға ауық-ауық жауап беріп отырса, билік пен халық арасындағы диалог үзілмес еді.

Қаңтар қақтығысынан кейін тергеудегі азаматтардың азап көргені, түрлі қыспаққа алынып жатқаны жиі айтылды. Халық өзінің азаматтық ұстанымын көрсетіп, азаптауға қарсы екенін ашық жеткізді. Бізді көпшілік үнінің Президентке жеткені, соған орай нақты шаралардың қабылданғаны қуантады. Биік мінберде сөз алған Бас прокурор Берік Асылов қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғандар, мемлекеттік лауазымын асыра пайдаланғандар жазасыз қалмайтынын айтты. Бұл көпшілік көкейінде жүрген мәселенің оң шешілетінін көрсетсе керек. Расында, құқықтық қоғамда азаптауға, адамның құқығы мен бостандығын шектеуге жол берілмейді.

          Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бұзған, аса маңызды обьектілерге шабуыл жасап, материалдық құндылықтарға зиян келтірген азаматтардың құқыққа қарсы қолсұғушылықтарын айқындау сот-тергеу органдарының міндеті.  Президенттіміздің “Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан” атты сұқбатында “Қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Заң – кез келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Біз міндетті түрде бұған қол жеткізуіміз керек” дегені барлық сот және құқық қорғау органдарына болған оқиғаға жіті заң аясында баға беру керектігіне бағытталған деп санаймын. Осы ұстанымды басшылыққа алатын құзырлы органдар «Қаңтар қасіретіне» халық алдына анық, бұлтартпас дәлелмен әрбір іске баға беріп, сотқа дейінгі тергеп-тексеруде азаматтар құқығын қорғауды қамтамасыз ететіндеріне сенім білдірген жөн.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

“Шындық деген – шымылдық біреулерге,

Қалқа қылып шындықты жүрер пенде.

Шымылдығын шындық кеп жұлып алса,

Шыбыны ұшып, бишара кірер жерге” деп бекер айтпаған шығар.

Шындықтың шырағы сөнбесіне азаматтық қоғам өкілдерінің де үлесі бар. Олар істе заңдылық, әділеттілік қағидаларының қатаң сақталуын талап етіп, ақиқаттың ашылуына құқық қорғау органдарымен бірлесе үлестерін қосып жатқандарына куәміз.

Платон «заңдар» деген диологындағы: «Заңы пәрменсіз және оның өзі әлдебіреудің билігінде кеткен мемлекеттің жуық арада күйрейтініне сенімім кәміл. Ал, заңы – әміршілердің билеушісіне айналған және олар заңның құлы болған мемлекет есен-сау болады және ондай мемлекетке игіліктердің қандайын болса да құдайдың үйіп-төгері айдан анық деп есептеймін», - деп түйіндеген. Сондықтан ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ – барлық игіліктің, береке мен өркендеудің алтын діңгегі екенін ұмытпайық. Ал сол заңның сақталуын бақылауда ұстап отырған Президентіміз құқықтық бұзылмауына кепілдік беруде. Мұнда кепіл бар кезде құзырлы орындардың жұмысы үйлесім тауып, ақ пен қараны айқындайтын күн жақын деген пікірдемін.

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ, полиция генерал-майоры.

Рекомендовать
Последние новости