Қазақстандықтар өздері оны байқамаса да интернеттегі алаяқтықпен жиі ұштасып жатады. Ғаламтордағы арам пиғылдыларды қалай анықтауға болады? Олардың құрығына ілінбеу үшін не істеу қажет? Осы сұрақтарға «Отбасы банк» АҚ Ақпараттық қауіпсіздік департаментінің мамандары өз жауаптарын берді.
Бүгінде алаяқтықтың түрлі тәсілдері бар. Олардың қай-қайсысы болмасын, ақшаңызды қолды етуді мақсат көреді. Қаражатыңызды жоғалтып алмас үшін қаскөйлердің айласын алдын ала анықтап алу керек.
Ең көп таралған алаяқтық схемалары
"Қызметкермін" деп қоңырау шалу
Бұл әдіс былай жұмыс істейді: алаяқтар өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, картаңыздан төлем жасалғанын хабарлайды. Ізінше ақшаңызды сіз рұқсат етпеген, бөтен төлемдерден қорғау үшін қаражатты басқа шотқа аударуды немесе төлем картаңыздың деректерін айтуды ұсынады.
Кеңес: Қаржылық шоттарыңыздың реквизиттерін ешқашан үшінші тарапқа айтпаңыз. Есіңізде болсын, банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының мамандары жеке ақпараттарыңызды телефон арқылы ешқашан сұрамайды.
Ұтыс жөніндегі хабарламалар
Әлеуетті жәбірленушіге автокөлік, ақша, смартфон сияқты бағалы зат ұтқаны туралы электронды хат жолданады. Бірақ жүлдені алу үшін алаяқтар өз құрбанынан белгілі бір реквизиттерге ақша аударуды сұрайды.
Кеңес: Ешқашан бейтаныс адамдардың электронды шоттарына, электронды әмияндарына ақша аудармаңыз. Жүлдені ұтыс ойынына қатыспай ұтып алу мүмкін емес, соны ескеріңіз.
Алдын ала төлем арқылы онлайн сауда
Сіз интернет-дүкеннен өте тиімді бағамен ұялы телефон, ноутбук немесе камера тауып алдыңыз. Дегенмен тауарды сатып алу үшін дүкен алдын ала төлем сұрап тұр.
Кеңес: Ешқашан тексерілмеген интернет-дүкендердің электронды әмияны мен ұялы телефон шоттарына ақша аудармаңыз.
Сілтемесі бар хабарламалар
WhatsApp-қа, Telegram-ға немесе электрондық поштаңызға музыка, сурет немесе бағдарламаны жүктеп алу үшін белгісіз дереккөзден сілтемесі бар хабарлама келеді.
Кеңес: Хабарламада берілген сілтемені ешқашан баспаңыз. Оны басу арқылы құрылғыңызға вирус жұқтырып аласыз немесе ақылы қызметтерге автоматты түрде жазыласыз.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін тағы не білу керек?
Алаяқтар түпнұсқасынан ажырату өте қиын,банктердің жалған веб-сайттарын жиі жасайды. Салдарынан клиент банк қызметін тұтынуды көздеп, жеке дерегін өзі байқамай жалған веб-сайтқа жазып қоюы мүмкін.
Браузердің мекенжай жолағындағы сайт доменін тексеріңіз. Оның "https://" деп басталатынына және банк доменіне сай келетініне көз жеткізіңіз. Мысалы, Отбасы банк сайттарының әріптерімынадай: https://www.hcsbk.kz және https://otbasybank.kz
Күдікті көздерден алынған сілтемені баспаңыз, әсіресе олар мобильді қосымшаларды жүктеп алуды немесе жеке ақпаратты енгізуді ұсынса.
Сайтқа құпия деректерді енгізбес бұрын, беттің URL мекенжайын мұқият тексеріңіз. Бұл нағыз веб-сайт па? Оның мекенжайында қосымша әріптер бар ма? Әріптер сандармен ауыстырылмаған ба? (мысалы, нөл (0) мен О әрпі).
Достарыңыздың атынан жарияланған сілтемелерді ашпас бұрын бірнеше рет ойлану керек. Тым тартымды ұсыныс жиі алаяқтық болып шығады.
Егер "Отбасы банк" сайтында фишингтік шабуыл анықталса немесе оның іске асқаны жөнінде күдік туындаса, дереу ақпараттық қауіпсіздік қызметіне хабарласуыңыз керек: antifraud@otbasybank.kz. Алаяқтыққа қарсы сенім телефоны - +7 (727) 330-94-82.