Қостанайда ерекше балаларға арналған орталық грант ұтып алды

Ақтоты Жапатова 04 июл. 2025 19:03

2024 жылдың басынан бері Қостанай облысында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін гранттық қаржыландыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бұл бастама аясында кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын дамыту үшін 5 миллион теңгеге дейін грант алу мүмкіндігіне ие,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қаржыландыру тек конкурстық негізде жүзеге асырылады, бұл өз кезегінде іріктеу процесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Бағдарламаға қатысу үшін ерекше шарттар «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері болып табылатын кәсіпкерлерге арналған. Бұл бастама аясында кәсіпкерлер өз өнімдерін тек жергілікті шикізаттан өндіреді. Мұндай тәсіл аймақтық брендтердің дамуына және ауыл кәсіпкерлігінің өркендеуіне жол ашады.

2024 жылғы гранттық байқаудың жеңімпаздарының бірі – «Уникум» жылдам оқыту және интеллектіні дамыту мектебі» ЖШС болды. Бұл жоба қазылар алқасының назарын бекерден-бекер аудартқан жоқ, себебі оның мақсаты – қоғамның ең осал тобының бірі саналатын, 1 жастан 4 жасқа дейінгі аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға қолдау көрсету.

Жобаның негізі – дамуында ерекшелігі бар балалармен жұмыс істеуде өзінің тиімділігін дәлелдеген, ғылыми негізделген ерте араласу әдісі — Денвер үлгісін енгізу болды. Бағдарламаның басты мақсаты — аутизм белгілерін жеңілдетіп, баланың әлеуметтік, эмоциялық, сөйлеу және мінез-құлық салаларындағы дамуын жеделдету. Балалармен жұмыс ойын түрінде жүргізіледі, бұл олардың қоршаған ортаға бейімделуін, өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын және әлеуметтік өзара әрекеттесуін қалыптастыруға ықпал етеді.

Орталықта ата-аналармен де тығыз жұмыс жүргізіледі: олар арнайы мамандардан кеңес алып, баламен тиімді қарым-қатынас орнатудың стратегияларын үйренеді, сондай-ақ әр кезеңде кәсіби қолдауға ие болады.

Гранттық қолдаудың арқасында кәсіпкер орталықты заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған арнайы ойыншықтар мен оқу материалдарын сатып ала алды.

Бүгінде «Уникум» орталығында 45 бала оқып жатыр, оның 15-і — Денвер үлгісі бойынша. Бағдарламаны жүзеге асырып жатқан мамандар құрамында 12 адам бар: логопед-дефектологтар, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, бастауыш сынып мұғалімдері және басқа да білікті мамандар. Жақын арада, грант шартына сәйкес, қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Бұл жобаны тек әлеуметтік маңызы бар бастама ғана емес, сонымен қатар өңір экономикасына пайдалы жоба деп те бағалауға болады.

Қостанай облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті гранттық қолдау бастамасы – мемлекеттік тетіктердің өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге және инклюзивті қоғам құруға қалай ықпал ете алатынының жарқын мысалы.


Рекомендовать
Последние новости