Инга Иманбай: "Ни сияқты жемқорлар талтаңдап жүр. Неге?.."

Dalanews 05 мая 2017 10:29 998

Белгілі журналист Жанболат Мамай ұсталғалы да біраз уақыт өтті. Жанболаттың жағдайы қалай? Dalanews.kz мән-жайды әріптесі Инга Иманбайдан анықтауды жөн көрді.

– Жанболаттың жағдайы қалай? Онымен отбасы мүшелері кезіге алды ма?

– Қамауда отырған, оның үстіне жаламен, әділетсіз қамалған адамның жағдайы қандай болсын? Әрине, ол оны айтпағанмен, ауыр екені белгілі. Ал денсаулығына, көңіл-күйі бірқалыпты. Мойымаған.

Маған және әкемізге қорғаушы статусын сұраған едік. Мен іс бойынша куәгер болғандықтан бермеді. Ал Жанболаттың әкесіне еш негізсіз әлі күнге дейін бермей отыр. Үш айдың ішінде бір рет қана анасына қысқа мерзімді кездесу берілді. Сондықтан, тек қорғаушы арқылы байланыс орнатып отырмыз. Сотқа, тергеуге алып келгенде көріп қаламыз. Ал былай кездесуге, сөйлесуге мүмкіндік берілмей отыр.

Дәл қазір тергеу жүріп жатқанның өзінде Жанболатты отбасынан оқшаулап, қамауда ұстаудың еш негізі жоқ. Себебі, ол қоғамға қауіпті қылмыскер емес. Жас баласы, қарт ата-анасы бар. Жанұямыздың жалғыз тірегі. Осының барлығын біз сотта айттық. Бірақ биліктің басты мақсаты оны оқшаулау болғандықтан, еш дәйегіміз тыңдалған жоқ. Себебі, Жанболат билікке сыни көзқарастағы азамат. Сондықтан, еш қылмысы болмаса да түрмеде отыр.
Ал Ни сияқты миллион доллар пара алған жемқорлар түрмеден босатылып, талтаңдап жүр. Бұл әділетті ме? Жоқ! Билік Ниді жас балалары бар деген желеумен босатты. Ал Жанболаттың сәбиі ше? Ол бала емес пе? Осыдан-ақ биліктің өшпенділігін көруге болады.

Қамауда қалдыру туралы шешімді биліктің қуыршақ сот арқылы, күлкілі дәйектермен заңдастыруы өз алдына жыр.

Жанболат шетелге қашып кетеді деген, тіпті, шындыққа жанаспайды. Себебі, оған қысым бүгін басталған жоқ. Егер кететін болса ол баяғыда кетіп қалар еді. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерін еркін білетін, үш тілде еркін сөйлеп, жаза алатын білімді азамат қай жерде де орнын табады ғой. Бірақ, ол нағыз патриот. Қанша қудалауда жүрсе де өз елін, жерін, ұлтын жақсы көреді. Ешқайда кету ойы жоқ. Әйтпесе, әлдеқашан басқа елде орнығып алатын жағдайы болды. Бірақ, ол ондайға бармады.

Ал тергеуге қысым көрсету мүмкін дегені тіпті күлкілі. Жанболат үлкен бастық, шенеунік емес қысым көрсете алатын. Қыруар қаржысы бар жемқор емес. Сонда ол тергеуге қандай кедергі келтіруі мүмкін. Әрине, ешқандай. Ол сылтау.

– Жанболатты Әблязовпен байланыстырып, «БТА банктің ақшасын бірге тонады» дегенге саятын күдікке іліктіргені қоғамдық ортада күлкілі жағдай болып көрінді. Әблязовтың өзі Жанболатты танымайтындығын айтқан жоқ па? Олар қандай дәйектерге сүйеніп, мұндай айып тағып отыр?

– Бұл күлкілі жағдай. Мүлде ақылға қонымсыз жала. Еш дәйектері де, дәлелдері де жоқ бұл айыпқа.
Біріншіден, Әблязов БТА банкті 2006-2009 жылдар аралығында басқарды. 2009 жылы елден кетіп қалды. Ол кезде Жанболат 17-20 жастағы бозбала. Танымайтын алпауыт банкир мен оның банкіне Жанболаттың не қатысы бар? Оқушы, одан кейін студент Жанболат БТА-ның ақшасын елден шығаруға қайдан, алай көмектесуі мүмкін. Сіз айтпақшы Әблязовтың өзі жазғандай одан кейін де, Жанболат саясатқа араласқан шақта да еш байланыс болған емес. Біздің «Трибуна» газетіне де экс-банкирдің еш қатысы болған жоқ және біз одан ақша алған емеспіз.
Екіншіден, ресми айып, «заңсыз ақшаны ағарту» (отмывание) айыбына келетін болсақ. Қандай банкир ақшасын үнемі бақылау үстіндегі, ай сайын ісі сотта қаралатын, үкімет пен құзырлы органдарда арнайы есепте тұрған оппозициялық басылым арқылы «ағартады». Бұл мүлде ақылға сыймайды ғой.

Сондықтан, бұл жерде Әблязовтың да, оның банкінің де, ақшаның да еш қатысы жоқ. Тек қана – саясат. Жанболаттың өткір сыны үшін оны қоғамнан оқшаулап отыр.

– Тәуелсіз журналистер, халықаралық ұйымдар Жанболат Мамайға араша сұрап, билікке қатаң ескерту жасады. Осындай үндеулер мен ескертулердің нақты бір көмегі бар ма?

– Қандай жағдайда да назардың болғаны, әрине, жақсы. Ең болмағанда жіті қадағалау оның қауіпсіздігі үшін керек. Себебі, оны «сындырып», өз дегендеріне көндіру үшін ұру фактісі де болғанын білесіздер. Сондайй жағдайлар қайталанбас үшін де істің үнемі халықаралық назарда болғаны маңызды. Билік те, елдегі ең соңғы тәуелсіз басылымдардың бірінің бас редакторын қамау олар үшін үлкен имидждік, экономикалық шығындарға алып келетінін жақсы түсінуі тиіс.

– Өздерін ешкімге тәуелді емеспіз деп сипаттайтын көптеген журналистер Жанболат Мамайдың ісіне келгенде үнсіз қалғандай көрінді. Әсіресе, қазақтілді орта тым-тырыс секілді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Әріптестеріңізге ренішіңіз бар ма?

– Әрине, реніш бар. Дегенмен, әркім өз таңдауын жасайды, өз арының алдында есеп береді. Сондықтан, біреуді сөге-жамандаудан аулақпын. Бірақ, егер қоғамдағы келеңсіздік дәл осы қарқынмен жалғасып, бәрі де солай бұғып отыратын болса, «үндеместердің» де кезегі келерін ұмытпауымыз керек.

– Жанболат былтырғы жер дауы кезінде де белсенділік танытты. Оның алдында Жаңаөзен оқиғасы кезінде үш ай бойы тергеуде отырды. Екі жолы да Жанболатты босатқан еді. Осы жолы биліктің райы алабөтен секілді. Сіздерге Жанболат белгілі бір мәселелер бойынша келісімге келсе, босатамыз дегендей ұсыныс айтпады ма?

– Ұсыныс айтылып жатыр. Бірақ, Жанболат өз пікірінде қалатынын, еш келісімге бармайтынын, жоқ айыпты мойындамайтынын айтты. Ол сотта барынша өзінің ақтығын дәлелдеп бағады.

– Қоғамдағы белгілі тұлғалар, әсіресе саясат маңында жүрген танымал кісілер Сіздерге хабарласып, қолдау білдіре ме?

– Иә. Қоғамға, халыққа рахмет. Белгілі азаматтар Жанболатты қорғау комитетін құрды. Қазір қолдан келген амалдың барлығы жасалып жатыр. Әлеуметтік желі арқылы, менің жеке телефоныма хабарласып қолдауын білдіріп жатқан азаматтар жетерлік. Осы уақытқа дейін Жанболатты қаралаған бір адамды көрмедім. Ел оның адал екенін біледі. Айтып та жатыр. Жанболатты қамаудың саяси себептен басқа еш астары жоқ. Билік біріншіден өткір, сыни «Трибуна» газетін тоқтатқысы келді. Екіншіден, Жанболаттың жер мәселесіндегі белсенділігі үшін оны қоғамнан оқшаулағысы келді.
Ал тағылған айып күлкілі ғана емес, таза ақымақтық.

 

Рекомендовать
Последние новости