Храпуновқа тықыр таяп қалды

Dalanews 28 февр. 2016 23:38 1057

Редакция: Былай естігенбіз: Алматы қаласының экс-әкімі Виктор Храпунов Швейцарияға қашқанда Қазақстандағы бүкіл дүние-мүлкін бір ұшаққа артыпты. Ал сыймағанымен қимай-қимай қоштасыпты. Ту-154-ке тиеген дүние-мүлкінің салмағы 18 тоннаны құрапты. Аспаған да, саспаған да сабазың.

Сол Храпуновты билік кері қайтаруы мүмкін деген сыбыс соңғы уақытта желдей есіп жүр. Алдымен құдасы Әблязовтың шаруасын шешіп алады. Сосын соған кіріседі.

Білсек, билікке Виктордың керегі шамалы. Өзімен бірге алып кеткен, анығында, ұрланған – Швейцария басылымдары есептеп шығарған 400 млн долларға тарта капиталы және әлгі 18 тонна дүние-мүлкі керек. Бюджет тапшылығын тартып, ақшадан тарығып отырған Қазақстанға бұл үлкен көмек...

 948544_pic_970x641Білетіндер, бұл қиындықтың басы ғана дейді. Жұт деуге аузымыз бармай отыр. Жаман сөз ғой. Бір жағынан бұлай болғаны да жақсы болды. Мұнайдың арзандағанын айтамыз.  Жоқ, рас. Биліктің бүгінге дейін түк бітірмегенін білдік. Өздері де білді.

Кім біледі, мұнай арзандамаса, биліктің бүгінгі буыны бұл өмірден абыройын жоғалтпай өтер ме еді?! (Қатты айтып қойған жоқпыз ба?).

Қазір қалай? Мұнайға бағынышты бюджеттің өзін бекіте алмай жатыр.  Осы уақытқа дейін көзге ілмей кеткен немесе ресмилеп айтқанда, көлеңкелі жолмен шетел асқан қалың капиталды кері қайтару туралы әңгімелер соңғы кездері Үкіметте үлкен сөз болып жүр.

Бұл да бекер емес. Білесіз бе, осы 15 жылда, жоқ, бұлай дегеніміз дұрыс емес, айналасы 15 жылдың ішінде Қазақстаннан шетелге заңсыз, жасырын жолмен әкетілген ақша 180 млрд доллардан асып жығылыпты!

Бір ғана 2013 жылы елден шамалап алғанда 16 млрд доллар шетел асқан. Шетел асқан ақша ғана емес, оның иесі де...

Бұл неткен бақылаусыз байлық сонда?   




 

 6e6acefe-e515-11e4-94b8-e7cac4d21567 (1)Виктор

Швейцарияны «олигархтардың отаны» дейді. Анығы, олардың ақшасының. Швейцарияда шаруамыз жоқ. Мақаланың кейіпкері – Храпунов осы елде тұрады. Біраз жыл болды.

2008 жылдың сәуірінде Алматының экс-әкімі Швейцарияға қашты. Содан бері халықаралық іздеуде...

Интерпол ізіне түскен. Өз ойымыз, жасырынып жүрген адамға ұқсамайды.  

Дәл қазір оның орта жолдан үзілген саяси карьерасын сөз етудің қажеті шамалы. Сонда да сәл тоқталайық.

1997 жылы Храпунов Алматының әкімі болып тағайындалады. Бұл кез саяси истеблишмент Астанаға қоныс аударып жатқан кез-тұғын. Храпунов абыр-сабыр сәтті өзінің қолайына пайдаланған дейді. Мегаполисті бір өзі билеген...

Ол Алматыны қалай басқарды немесе қалай саудалады?

Храпунов Алматыдағы жақсы жерде орналасқан жер телімдері мен пәтерлерді сатқан. Виктордың басына бұлт үйірілгенде биліктің басылымдары мұны бірінен-бірі қалыспай жазған.

Храпуновтар отбасының иелігінде Алматыдағы ең сүбелі деген 48 жер телімі болған. Одан қалды аумағы 2,5 мың шаршы шақырымды құрайтын «Шымбұлақ»  курорты да бір кездері бұлардың жекеменшігі болыпты. Ал не дейсіз?

Әлгі 48 жер телімінің бәрі жақсы жерде орналасқан дедік. Жақсы дегеніміз аз, бұлардың біразы стратегиялық маңызды аумақта орналасыпты. Айталық, Алматы халқын сумен қамтамасыз ететін артезиандық скважиналар орналасқан аумақты Храпунов жекенің қолына өткізе салған. Әрине, ақшаға.

Осыдан кейін, анығы, осы қылмысынан кейін Храпунов орнынан босайды. Біржолата кетуі, бәлкім біржолата қамалуы керек еді.

Сұрақ: «Сол кезде билік неге оны шектемеді?». Жауап: «Ол кез Қазақстан жаппай тоналып жатқан дәуір-тін...».  

 Шығысқа әкім болып барғанда да бұрынғы әдетіне қайта басады. Оның Шығыста нақты не бүлдіргенін, қандай істермен айналысқанын тергеу орындары әлі зерттеп бітпей жатыр.

Төтенше жағдайлар министрінің креслосына жайғасқанда «төтенше істермен» емес, сол баяғы жер сатумен айналысады. Тергеу дерегіне сенсек, бұдан түскен табыс 2,5 млн долларды құраған. Бірақ, оның тұтас байлығының жанында бұл теңізге тамған тамшы ғана.

1997-2007 жылдары Алматы мен Шығысты басқарған Храпунов осы 10 жылдың аралығында істерін істеп, жасарын жасап қалады, қысқасы.

Осының арқасында 2009 жылы ол Швейцариядағы ең ауқатты 300 адамның қатарына кірді.

Жергілікті ақпарат құралдары оның байлығын 400 млн долларға бағалайды.

2010 жылы осы 300-дің қатарына Храпуновтың ұлы – Ильяс, қызы – Эльвира және әйелі Лейла қосылады.




 

photo_leila_khrapunova_2 Лейла

Әйелі өз алдына – Лейла Храпунова ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. «ОПГ-лардың» немен айналысатынын сіз де, біз де жақсы білеміз. Храпуновтар отбасының үстінен 20-дан аса қылмыстық істің қозғалуына осы Лейла «үлкен үлес» қосты дейді.

Бұл отбасының табысы туралы декларациясымен таныссаңыз, тағы да таңғаласыз.

Сол жылдары Қазақстанда асып-төгіліп өмір сүрген адамдар болған екен ғой? Иә, болған. 2003-2008 жылдардың аралығында Храпуновтар 858 млн теңге немесе 5,7 млн доллар табыс тапқан. Осы аралықтағы Лейланың айлық табысы 7 млн. 95 мың теңгені құрапты. Жекеменшігінде құны миллиондармен есептелетін «Майбах 62», «Мерседес S 500» және cол сықылды басқа да темір тұлпарлар болған. Бірақ, бұл – ресми мәлімет. Бейресми байлық бұдан да көп.

Храпуновтың мұншама мүлікті далаға тастап кете алмағанын түсінуге тырыстық...




 

 017Ол оппозиционер ме?

Храпуновтар Швейцариядан саяси баспана сұрағанын білеміз. Саяси баспана саяси босқындарға беріледі, білуімізше.

Қашқынның күйін кешкен Храпунов оппозицонердің рөлін ойнамақ болды. Әлі де ойнап келе жатыр, негізінде. Бірақ, сіз бұған сенесіз бе?

Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев, Ғалымжан Жақияновтардың жанында ол жүйеден қандай зардап шекті?

Бұған бір уақытта Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросын басқаратын Серік Медетбеков былай баға беріпті:

016«Біз, Алматы қаласының бұрынғы әкіміне саяси баспана бергізуге қарсымыз. Анығында, ол саяси жүйенің құрбаны емес. Керісінше, бір жылдары сол жүйенің адал «сарбазы» болған адам және демократияның жауы. Мемлекеттік қызметте отырып байыған, коррупционер атанған адам. Әкім кезінде Храпунов Алматыдағы демократиялық қозғалыстарды тотальды түрде тыйды.

Храпуновтың тұсында Рахат Әлиев Алматы қалалық Ұлттық қауіпсіздік департаментін басқарған. Қалалық әкімшіліктің қолдауымен және әріптесе отырып Әлиев оппозиция мүшелері мен құқыққорғаушылардың соңына түсті...» (дереккөз: «Форбс» журналы).




 

064Әблязовтан кейінгі кезек кімде?

Билік Храпуновты қалай қайтарады? Одан бұрын ол алып кеткен, бәлкім әзір оңды-солды шашып жатқан (өзінің айтуынша, инвестициялап) қыруар капитал бүгін-ертең елге оралатын түрі бар ма?

Ілгеріде айтқан сыбыс рас болса, Храпуновқа да тықыр таяп қалды. «Билік капиталды «амнистиялағаннан» келіп-кетер пайда жоқтығын түсінді» дейді сарапшылар.

Бұдан екі жыл бұрын Алматы әкімдігі АҚШ сотына Храпуновтың үстінен «мемлекеттің меншік мүлкін сатып, 300 млн долларды жымқырды» деген шағым түсірген. Одан түк шыққан жоқ.

Швейцария да оны оңайшылықпен бере салмайтын сияқты. 2014 жылы Храпуновты экстрадициялауға әрекеттеніп көрген Қазақстанның қарекетінен түк шыққан жоқ.

«Сіздердің сот жүйелеріңіз адам құқығын сақтап, әділ шешім шығарарына күмәнмен қараймыз» деген бұл ел.

Бір қызығы, өзінің елге қайтпасына Храпунов та сенімді. «Швейцария мені ешқашанда Қазақстанға бермейді. Бұл елдің билігі маған тағылған айыптың саяси астары бар екенін түсінеді», – депті олигарх.




 

Билік енді не істер екен?   

07Анығы, Үкіметке Храпуновтың өзінен бұрын, оның капиталы қажет. Капиталын қайтару үшін алдымен өзін қолға түсіру керек. Осы 15 жылдың ішінде сыртқа кеткен 180 млрд доллардың арасында сөзсіз Храпунов қалтасына басқан миллиондар да араласып жүр.

Құдасы Әблязовтың шаруасын шешпей, Храпуновқа кезек келмейтіні тағы белгілі. Қазақстан билігі Әблязовқа 5 млрд-ды қымқырды деген айып таққан. Айта кетсек, экс-әкімнің ұлы Ильяс Мұхтар Әблязовтың қызы Мәдинаға үйленген. 

Храпуновтың байлығын елге қайтарса, билік қарық болады, біздіңше. Бюджетті бекіте алмай жатқан Үкіметтің қазіргі хәлі Храпуновтан да нашар болуы ғажап емес...

Ал экс-әкімнің байлығы шынымен де шаш-етектен. Сәл ескірген деректерге қарағанда, бір Швейцариядағы дүние-мүлкінің өзін санап болмайсың.  Вилласы, бұл біздегі «қолжетімді баспана» емес – 32 млн доллар, Женевадағы пәтері – 16 млн доллар, қонақүйі тағы бар. Ұлы Ильяс – 7 бірдей компанияның жетекшісі. Олардың айналымы 1 млн доллардан асып жығылады екен.

Инсайдерлік дерекке сенсек, құдасы «Мұхтар Әблязовты Қазақстанға қайтаруы мүмкін деген ақпаратты» естіген Храпуновта содан бері маза жоқ деседі.

Швейцариядағы 300 ауқатты адамның қатарына кірген Храпунов Мұхтардан кейінгі кезек өзіне келетінін сезетін сияқты...

  Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости