«Хайвилл» Түркістанда 10 гектар аумаққа тұрғын үй кешенін салады

Dalanews 06 дек. 2018 08:16 816

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «High Vill Kazakhstan» ЖШС-нің Бас директоры Канг Джон Дэмен кездесті. Басқосуда тараптар облыс орталығында тұрғын үй кешенін салу мәселесін талқылады.

Кездесуде аймақ басшысы Түркістан қаласының дамуы Елбасының ерекше назарында екенін және мұнда құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігер компанияларға әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс орталығын ерекше үлгіде қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сондықтан мұнда салынатын әрбір ғимараттың сәулеті мен сәніне ерекше мән берілуде. Бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, «Риксос» қонақүйі мен әкімшілік орталықтың капсуласы салынды. Осы ретте, сіздердің де осында заманауи үлгідегі тұрғын үй кешенін салатындарыңызға үлкен сенім білдіремін. Ал, құрылыс жұмыстары жүргізілетін аумақтағы барлық инфрақұрылым мәселелері әкімдік тарапынан өз шешімін табатын болады. «High Vill Kazakhstan» серіктестігі – әзірге қаламызда тұрғын үй кешенін салатын бірінші және жалғыз компания. Айта кетерлігі, құрылыс жұмыстарын мейлінше ерте бастап, 1 жылдың ішінде аяқтау керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде Канг Джон Дэ тұрғын үй кешенін салу үшін жер учаскесі анықталса, құрылысты бастап кетуге дайын екенін жеткізді.

– Біз 5-10 гектарға аумаққа жаңа заманауи кешен салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба облыс орталығының жаңа келбетіне көрік беретін болады. Жуық арада барлық құжаттаманы әзірлеп, құрылыс жұмыстарына кірісеміз, – деді ол.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости