Халықтың қыруар қаржысы қашанғы желге ұшады - Қазыбек Иса

Сағыныш Сардарова 24 апр. 2025 13:51 245

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса футболдан Олимпиадалық мектептерге орасан қаржы жұмсалса да, Олимпиадаға қатысып көрмегенімізді айтып, түйткілді мәселені көтерді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Депутат спорттағы бюджеттің, яғни халық қаржысының тиімсіз желге шашылуын өткір сынап, туризм және спорт министріне сауал жолдады.
 
"Қаншама мол қаржыландыруға қарамастан, Қазақстан олимпиадалық медальдық есептерде және Дүниежүзілік спорт рейтингінде ең соңғы орындарда... Футбол мәселесі мемлекеттен бұрын ең алдымен федерацияның, клубтардың жұмысы болуға тиіс. Спорт мектептеріне бір жылда жұмсалатын 174 млрд-ты 30 жылға көбейтсек, 5-6 триллион шыға келеді..." - деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстан 30 жылда 1 ғана стадион салса, спорт бюджеті бізден бірнеше есе аз Өзбекстан 10 стадион салып тастаған.
"Бұдан төрт жыл бұрын 2021 жылы жасаған сауалымыз қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақ қазынасы арқылы байып отырған шетел легионерлері шеруін тоқтату мәселесі де қоғамның қатты қолдауына ие болған еді. Ал былтыр Еуропадағы дамыған елдер, тіпті көршіміз Өзбекстан да 17-18 спорт түрін ғана қаржыландырса, біздің Қазақстан олардан 10 есе асып түсіп, 180 спорт түрін қаржыландыратыны, яғни министрліктің спортты сауын сиыр етіп келгені туралы көтерген мәселеміз де көптің қолдауына ие болды. Бірақ жыл сайын тек 13 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен ғана медал жеңіп алынады. Яғни біз талап еткен 18 спорт түрі осы жерден-ақ шығып тұр. Өйткені Спорт министрлігінің мәліметі бойынша "2018-2020 жылдары спорттың барлық түрлеріне 646 млрд теңге бөлінген, оның 72 пайызына жуығы еліміз үшін басымдығы мен маңызын ескерілмей бөлінгені" туралы біз бұған дейін парламентте көтерген едік", - деді ол.
 
Қазыбек Иса таяуда Парламент қабылдаған заңда легионерлерді байытуды тоқтату мен 180 спорт түрін бірнеше есеге, 62-ге қысқарту секілді бірқатар мәселе оң шешілгенін жеткізді.
 
"Соның өзінде Еуропа елдерінен 4 еседей көп?! 2018 жылдан бастап спорт саласының бюджеті 2 есеге өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады. Алдағы 3 жылға тағы 1,3 трлн теңге бөлу жоспарланған. Біз талай жылдан бері депутаттық сауалдарымызда көтеріп келе жатқан футбол клубтарын жекешелендіру жайлы ұсынысымыздың қолдау тауып жатқанына қуаныштымыз. Жақында Ұлттық құрылтайда ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев бұл туралы және балалар футболын дамыту жайлы атап көрсетті. Еліміздегі футбол мәселесі мемлекеттен бұрын ең алдымен федерацияның, клубтардың жұмысы болуы тиіс. Барлығын нарық талабы реттеуі керек. Себебі нарық заңы әрқашан өз үстемдігін жүргізеді. Сондықтан біздің көтеріп жатқан мәселеміз, бюджеттің -халықтың қаржысы тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл туралы да Президент қатаң ескерткен болатын", - деді ол.
Республикада қазір 521 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Мұнда 406 227 спортшы тәрбиеленіп жатыр.
 
"19 футболдан Балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық спорт мектеп-интернаты бар екен. Бұған жылына 29,7 млрд, яғни 30 млрд-қа жуық теңге бөлінеді. Сонда бәрі 174 млрд! Бұл бір жылдағы бөлінген ақша! Егер бұл миллиардтарды 30 жылға көбейтетін болсақ, калькуляторға сыймайтын цифрлар - 5-6 триллион шыға келеді... Бір қызығы, қызығы емес, шыжығы - триллиондар жұмсалған бұл мектептердің аты «Олимпиадалық резерв спорт мектебі» деп айқайлап тұрғанмен, Қазақстан тарихта осы күнге дейін футболдан бір де бір рет олимпиадаға қатысып көрген жоқ. Сонда алапат қаржы кетіп жатқан спорт мектептерінің түлектері қайда? Олимпиадалық резерв қайда? Нәтиже жоқ, 30 жылдан астам не дайындап келе жатырмыз? Жұмсалған сансыз қаржының өтеуі қайда? Анау жылы «алақайлап», Бразилияға футболдан оқуға аттандырған 78 баланың бір де біреуі футбол ойнаған жоқ. Сонда миллиардтарды шашып кімдерді жібергенбіз?!
Ең өкініштісі, 30 жыл бойы спортқа, соның ішінде футболға бөлініп келген бюджеттің осынау қыруар қаржыларына не футболды дамытқан жоқпыз, не инфрақұрылым салып жарытқан жоқпыз. Стадиондарымыз кешегі Кеңес одағынан қалған, кемі 70 жыл бұрын салынған. Қазақстан 30 жылда 1 ғана стадион салсақ, спорт бюджеті бізден бірнеше есе аз Өзбекстан еуростандартқа сай 10 стадион және түрлі спорт ғимараттарын салып тастаған... Сондықтан да Өзбекстан әр Олимпиадан алтын арқалап қайтады. Биыл 20 жасар әйгілі өзбек футболшысы Абдуқодир Усмановты әлемнің үздік клубы "Манчестер Сити" 40 млн еуроға бағалады. Қаншама мол қаржыландыруға қарамастан, Қазақстан олимпиадалық медальдық есептерде және Дүниежүзілік спорт рейтингінде ең соңғы орындарда..." - деп ашынды ол.

Рекомендовать
Последние новости