"Халықта ештеңе қалған жоқ". Жүргізушілер жаппай наразылыққа шығып жатыр

Dalanews 01 июн. 2021 04:03 1037

Елімізде жүк көлігінің жүргізушілері ақылы жолды қымбаттатуға наразылық білдіріп жатыр. "Қазавтожол" компаниясы 1 маусымнан бастап 18 жол бөлігінің ақылы болатынын хабарлаған.

"Әр шақырымына 35 теңгеден төлейді" деген әңгімені естіген жүргізушілер жаппай наразылыққа шығып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК арнасына сілтеп.

Алматы қаласының шығаберісіндегі дәмхананың алдына топтасқандар – айлығын алыс жолға шығудан табатын жүргізушілер. Полицейлер жүк көлігін мұнда қаңтаруға рұқсат бермеген соң жаяу-жалпылап жетті. Талап – тас жолдағы тарифті көтермеу.

"Алматыдан Оралға дейін 80 мың төлеу керек екен. Қызылорда мен Жезқазған ортасында мүлдем жол жоқ. Өзіміздегі Қарағанды, Алматы, Нұр-Сұлтанда да жол жоқ. Ол жолдарды қалай ақылы қылады? Халықтың бәрі соған наразы", - дейді жүргізуші Рамиль Кулиев.

Даудың басы "Қазавтожолдың" ұзындығы алты мың шақырымға жуық 18 жол бөлігі 1 маусымнан бастап ақылы болады деген хабарынан басталды. Алдын ала интернетпен төлем жасаса – 25 теңге, бекетте ақысын төлесе, шақырымына 35 теңге төлеуі керек деген хабар құлаққа түрпідей тиген. Жүргізушілер мұндай ақыны алып тастамаса, жолды жауып тастауға дайын.

"Халыққа өздері тиісіп отыр ғой. Үкімет солярка бағасын көтеріп, неғып жатсың деп шұқып жатыр. Қарны тоқ болса, қарапайым халық шырылдамайды, ешқайда шықпайды", - дейді жүргізуші Қуат Байжұмаев.


Ақтөбе облысында да 300-ге жуық жүргізуші талап-тілегін айтуға Самара-Шымкент трассасына жиналды. "Жолға шығып қозғалысқа кедергі жасады" деген желеумен 11 адамды полиция учаскесіне алып кетті.  Солардың арасында айыппұл арқалағандардың бірі – Медет Қуатов заңға қайшы ешнәрсе істемедік, керісінше, бізді қыспаққа алды дейді.

"Полиция бөлімшесінің бастықтары қысым жасап, бізді ОМОН-мен келіп алып кетті. Енді шығатын болсаңдар, қамаймыз деп айтты. Бізге айыппұл салды", - дейді жүргізуші Медет Қуатов.

Ал кеше ғана "Атырау-Ақтау" тас жолының бойында жүк көлігінің жүргізушілері шу шығарса, бүгін қала ішінде бас көтерді. Бәрінің базынасы бір – жолға төленетін ақыны шақырымына 5 теңгеден жоғары көтермеу. Жиналған топ батыс аймақта тұратын ауыр жүк таситын көлік жүргізушілерін облыс аумағында тегін жүргізуді талап етіп отыр.

"Қазір жол тегін. Қасынан ақылы жол салсын. Жол керемет болса, бәрі сонымен жүреді. Қауіпті жолмен жүргенше, жақсы жолмен жүрген жақсы емес пе, дұрыс па? Өз басым сапалы жол салып берсе, сонымен жүремін", - дейді Ерболат Байғабылов.

Маңғыстау облысында да жүргізушілер осымен айтқанынан қайтпай, наразылық шарасын жалғастырып жатыр. Бұл аймақта Атыраудан Ақтауға дейін, Бейнеу ауданынан Өзбекстан шекарасына дейінгі жол ақылы болмақ. Күрежол арқылы облысқа азық-түліктің 80% сырттан тасымалданады. Егер жолды ақылы қылса, онда тамақ та қымбаттауы мүмкін, дейді жиналғандар.

"Қазіргі қиын заманда жолды ақылы қылу дұрыс емес. Халықпен келісу керек еді. Халықтың жағдайы мәз емес. Өздерің білесіңдер, кредит төлеу керек. Халықты қыса бергенді доғару керек, халықта ештеңе қалған жоқ", - деп ашынды жүргізушілердің бірі.


Республика бойынша наразылыққа шыққан жүргізушілерді "Қазавтожол" сабырға шақырады. Маусымнан бастап 18 учаске ақылы болады деген хабарды растағанмен, бәріне бірдей айдың басынан төлем алынбайды. Жөндеу көбінде аяқталмаған. Ал жүргізушілер айтқандай шақырымына 35 теңге төлейді деген жаңа тариф бекітілмеді дейді.

"2013 жылдан бастап тариф өзгерген жоқ. Жеңіл көлік үшін әр шақырымына бір теңге. Жүк көліктеріне 5-25 аралығында. Ол тиеп алған жүгіне байланысты. Бізде жүк көліктері алты санатқа бөлінеді", - деп түсіндірді "Қазавтожол" ҰҚ" АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

"Қазавтожолдың" бұл жауабы  жүргізушілерге жұбату болмай тұр. Ақылы еткізілетін 18 жол бөлігінің бәрінің ой-шұңқыры бітеліп, тақтайдай сайрап жатпағанын басқасы басқа, олар күнде көзімен көріп, азабын тартып жүр. Наразылық толқуға ұласпас үшін "Қазавтожол" компаниясы жұмыс тобы құрылғанын, барлық шағымды тыңдауға дайын екендігін жеткізіп, әзірге әңгімені жылы жапты.

 

https://www.youtube.com/watch?v=k7N892C4oQo

 

Рекомендовать
Последние новости