"Халық қатысатын бюджет" мемлекеттік бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау аяқталды. Ары қарай не болады?

Қаракөз Амантай 26 сент. 2024 12:32 1813

"Халық қатысатын бюджет" қалалық бағдарламасына өтінімдерді қабылдау 9 қыркүйекте басталып, 25 қыркүйекке дейін жалғасты. Барлығы budget.open-almaty.kz сайтына мегаполис тұрғындарынан 6 118 жоба келіп түсті. 

Ұсыныстардың саны Наурызбай ауданы көш бастады – тұрғындар 1370 жобаны қарауға жолдады. Екінші орында Жетісу ауданы – 1199 өтінім берілген.

Алматылықтар өтініш берген негізгі бағыт – қоғамдық орындарда самалжайларды, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, балалардың ойнауы мен ересектердің демалуына арналған құрылымдарды орнату және жөндеу болды. Сайтта 1500-ден астам ұқсас жобалар бар.

Бағдарламаның келесі кезеңі – Алматы қаласының әр аудан әкімдігі жанынан құрылған сараптамалық кеңестердің өтініштерді қарауы. 8 қазанға дейін әрбір ұсыныс комиссияда қаралады.

Қандай жобалар қарауға қабылданбайды?

• құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізбей, тек ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттаманы) әзірлеуге арналған

• фрагменттелген (болашақта қосымша элементтерді енгізуді талап ететін)

Алматы қаласын дамыту бағдарламасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін

• коммерциялық сипаттағы және т.б.

Сараптамалық кеңестер мен аудан әкімдіктерінің өкілдері келіп түскен өтінімдерді олардың "Халық қатысатын бюджет" талаптары мен өлшемшарттарына, ұсынылған санаттарға сәйкестігін, нобайы мен болжамды сметасының болуына қарай бағалайды.

Қараудан кейін әрбір өтінім үш мәртебенің бірін алады: "Дауыс беруге жіберілді", "Пысықтау үшін қайтарылды" немесе "Қабылданбады".

"Халық қатысатын бюджеттің" барлық ережелеріне сәйкес рәсімделген өтінімдер мақұлданады және дауыс беру кезеңіне жіберіледі.

Пысықтау үшін қайтарылған ұсыныстардың авторлары ағымдағы жылдың 9-14 қазан аралығында өз жобаларын түзетіп, өтінімдерді қайта қарауға жіберу мүмкіндігіне ие болады. Авторлар budget.open-almaty.kz интернет-порталына тіркелу кезінде көрсеткен электрондық пошта мекен-жайына өтінімді пысықтау қажеттілігі туралы хабарлама алады.

Дауыс беруге жіберілген жобалар budget.open-almaty.kz интернет-порталында жарияланады.



"Халық қатысатын бюджет" бойынша кеңесті немесе ақпаратты Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінен, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің "Open Almaty" қоғамдық қабылдауынан 224 39 29 (ішкі 203) телефоны арқылы алуға болады.


Рекомендовать
Последние новости