Халық жаппай доллар сатып алып жатыр - экономист

Кәмшат Тілеухан 24 окт. 2024 12:55 2835

Бөлшек саудадағы Қазақстан халқының долларға деген сұранысы соңғы алты айда ең жоғары шекті игерді. Бұл туралы экономист Ғалымжан Айтқазин Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ұлттық банк ұсынған деректерге сүйенсек,  2024 жылғы қыркүйекте АҚШ долларының таза сауда-саттық көлемі немесе ақша айырбас орындарында сатылған көлемі 353 млн долларды немесе 170 млрд теңгені құрады. Ал бұл көлем өткен тамызда 231 млн доллар болған еді. Демек, бір айда сұраныс 52,8%-ға өсті, ал өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда  42,3%-ға жоғары", - дейді ол. 


Қыркүйек айында Қазақстан өңірлері бойынша бөлшек саудадағы долларға деген ең үлкен сұраныс Шымкент (31%), Алматы (27%), СҚО (7%) және Астана (6%) тұрғындарының үлесіне тиесілі.

2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында шетел валютасына деген сұраныс 2,9 млрд долларды құрап, бір жылғы көрсеткіштен 17,2%-ға артық болды. Сондай-ақ қыркүйек айында халық тарапынан евро бойынша нетто-сұраныстың күрт өсуі байқалады: 3 млрд теңгеге, ал бұл көрсеткіш тамыз айында ғана 1,3 млрд теңге болатын, демек бір айда 2,4 есе өсім тіркеліп отыр.

"Айырбас бағамынының екінші жартыжылдықта жоғары мәнде ұзақ сақталуы халықтың долларға деген сұранысының қалпына келуіне әсер етті. Мысалы, осы жылдың бірінші жартысында теңгенің біртіндеп нығайғанын байқадық, бұл көпшілік тарапынан долларды таза сатып алулар деңгейінің төмендеуіне алып келген еді", - деп атап өтеді экономист.

Бұған дейін Қазақстан азаматтары соңғы төрт жылда алтын құймасына көбірек инвестиция жасай бастағынын жазған болатынбыз.  


Рекомендовать
Последние новости