Worldskills чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Қаракөз Амантай 26 нояб. 2024 11:56 618

Қазақстанның түкпір-түкпірінен 550-ден астам колледж студенті қатысқан WorldSkills Kazakhstan кәсіби шеберлік бойынша республикалық чемпионаты өз мәресіне жетті. Үш күн бойы жас мамандар үздіктер қатарынан көріну үшін бақ сынасты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Президент жариялаған "Жұмысшы мамандықтары жылы" аясында бұл шараның маңызы арта түсті. Чемпионаттың финалистерімен кездескен премьер-министр Олжас Бектенов олардың алған білімдерінің бүгінгі таңда аса қажет екенін атап өтті. Ол цифрлық трансформация мен технологиялық прогресс тудырған сын-қатерлерге дайын болудың маңызына ерекше тоқталды.

Қатысушылар өз шеберліктерін көрсеткен 30 бағыттың қатарында дәстүрлі мамандықтармен бірге заманауи салалар да қамтылды. Электромонтаж, энергетика, кірпіш қалау, автокөлік жөндеу, аспаздық және мейрамхана ісімен қатар, мехатроника, инженерлік графика, веб-технологиялар, бизнестегі IT-шешімдер, мобильді робототехника, мобильді қосымшаларды әзірлеу және прототиптеу сынды жаңа бағыттар да назардан тыс қалмады.

"Желілік және жүйелік әкімшілік" бағыты бойынша бірінші орынды Қостанай автомобиль көлігі колледжінің түлегі Глеб Сауленко иеленді. Ол қазіргі уақытта Қостанайдағы Allur автозауытында жүйелік әкімші болып жұмыс істейтін сұранысқа ие жас маман.

"Чемпионатта бізге күрделі тапсырмалар берілді: құрылғыларды негізгі баптауды жүргізу, коммутация мен маршрутизацияны түсінуді көрсету, желілік қызметтерді орнату қажет болды. Бұған дейін мен облыстық деңгейдегі осы жарыстарға қатысып, екінші орын алған едім. Бұл жерде басқа жас мамандармен танысып, тәжірибе және идея алмасу қызықты болды", – дейді Глеб.

Жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс жұмыс берушілер тарапынан артып келеді. Осы тұста, Allur компаниясы білім беру жобаларын белсенді жүзеге асыруда. Атап айтқанда, 2021 жылдан бері Қостанай автомобиль көлігі колледжімен серіктестік орнатқан. Бұл ынтымақтастықтың арқасында студенттер оқу процесінен ажырамай-ақ практикалық дағдыларды меңгереді. Оқып жүргенде зауытта тәжірибеден өтіп, оқу аяқталған соң тұрақты жұмысқа орналасады.

Болашақ мамандарды бәсекеге қабілетті жалақы, мансапта өсу мүмкіндігі, толық әлеуметтік пакет, жұмысқа тасымалдау және тегін тамақтану сияқты артықшылықтар күтіп тұр. Сонымен қатар зауыт заманауи жатақхана салып жатыр, бұл жас қызметкерлер үшін қосымша жағдай жасамақ.


Рекомендовать
Последние новости