Өткен жұмада АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Вашингтонда бейбітшілік декларациясына қол қойды. Келісімде екіжақты дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру, шекара тұтастығын мойындау, экономикалық және инфрақұрылымдық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде ұзақ мерзімді міндеттемелер қамтылды.
Тарихи жетістік –аймақ дамуының жаңа кезеңі
Осылайша Вашингтонда тарихи оқиға болды – АҚШ-тың тікелей араағайындығымен Әзербайжан мен Армения ұзақ жылдарға созылған қақтығысты аяқтауды көздейтін бейбіт келісімге қол қойды. Ақ үйде өткен рәсімде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян қол қойған декларация екі ел арасындағы соғыс қимылдарын тоқтатуды, сауда, туризм және дипломатиялық қатынасты жандандыруды көздейді. Сондай-ақ тараптар бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын мойындауға уағдаласты.
Қарабақ мәселесі шамамен қырық жыл бойы Кавказдағы ең өткір даулардың бірі болды. Бірнеше әскери қақтығыстан кейін екі жыл бұрын аймақ толық Әзербайжан бақылауына өтті, бірақ бейбіт келісімге келу ұзақ уақытқа созылды. Енді бұл келісімнің арқасында аймақта жаңа кезең басталмақ.
Келісім аясында маңызды экономикалық тармақ бар – Әзербайжан мен Нахичеванды жалғайтын Зангезур дәлізін АҚШ-тың жеке компаниялары 99 жылға жалға алады. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл дәліз бойында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асатынын айтты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжатты «тарихи жетістік» деп бағалады. Президенттің пікірін баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желіде жариялап, бұл келісімнің екі ел арасындағы ұзаққа созылған дауды тоқтатып, тұрақты әріптестікке жол ашатынын атап өтті. Мемлекет басшысы сонымен бірге келісімге қол жеткізуге АҚШ-тың шешуші рөл атқарғанын, ал Қазақстанның да өз үлесін қосқанын айтты.
Шын мәнінде, Қазақстан қос елмен де жақсы қарым-қатынаста. Тікелей бітімгерлікке араласпаса да, бірақ әрдайым бейбіт шешімнің маңыздылығын айтып, алаң ұсынды. Осы келісімге дейін Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлерінің маңызды кездесуі Алматыда өткен еді. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы диалог Вашингтондағы нәтижеге жол ашқан.
Енді бұл келісім 1990 жылдан бері жабық тұрған Оңтүстік Кавказдағы стратегиялық көлік дәлізін қайта ашуы мүмкін. Бұл аймаққа тұрақтылық әкеліп, жаңа экономикалық және мәдени байланыстардың дамуына мүмкіндік береді.
Әлемдік сарапшылар не дейді?
Дегенмен, Таулы Қарабақ мәртебесі мен тұтқындар мәселесі сияқты түйткілді тақырыптар әлі де келіссөздердің күн тәртібінде қалды. Келісімнің ең даулы әрі геосаяси тұрғыдан маңызды бөлігі — Оңтүстік Кавказ арқылы өтетін жаңа транзиттік дәліз жобасы болды. Әлемдік сарапшылар пікірінше, бұл дәліздің дамуына АҚШ-қа ұзақ мерзімді құқықтар берілетіні жөніндегі ақпарат аймақтың геоэкономикалық картасын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Вашингтон бұл құжатты өзінің дипломатиялық жеңісі деп бағалап, Оңтүстік Кавказдағы экономикалық және стратегиялық ықпалын арттыруға мүмкіндік көреді. АҚШ тарапынан транзиттік дәлізге қатысу аймаққа инвестициялар мен қауіпсіздік кепілдіктерін әкелуі ықтимал. Алайда, Ресей үшін бұл келісім дәстүрлі ықпалына соққы болып тиді. Сарапшылар Кремльдің делдалдық рөлінің әлсірегенін атап, аймақтағы позициясын қайта қарауға мәжбүр болатынын айтады. Түркия мен Иран жаңа экономикалық және логистикалық мүмкіндіктер тұрғысынан жағдайды бағалап отыр, ал Еуропа одағы мен халықаралық ұйымдар бейбітшілікті қолдай отырып, келісімнің техникалық және саяси бөлшектеріне назар аударуда.
Келісімді жүзеге асыру жолында бірқатар тәуекелдер мен ашық сұрақтар тұр. Таулы Қарабақ мәселесі толық шешілмегендіктен, шиеленістің қайта өршу қаупі сақталады. Жаңа дәліздің қауіпсіздігі, оның трассасы мен бақылау тетіктері нақты айқындалуы керек. Ресей мен АҚШ арасындағы ықпал бәсекесі де шиеленісті дипломатиялық жағдайларға әкелуі мүмкін. Инвесторлар мен тасымалдаушылардың сенімін арттыру үшін халықаралық құқықтық және экономикалық кепілдіктер қажет.
Таулы Қарабақ туралы кітаптың авторы, Carnegie Endowment сарапшысы Том де Ваал бұл келісімді маңызды қадам деп атап, оның ұзақ мерзімді табысы Түркия мен Ресейдің әрекеттеріне және екі елдің ішкі тұрақтылығына тікелей байланысты екенін ескертеді. Ал, ISDP орталығының сарапшысы Свантe Корнелл экономикалық пайдаға назар аудара отырып, армян қоғамындағы психологиялық өзгерістер мен ішкі қабылдаудың маңызын атап өтті. Басқа да Кавказ өңірі мамандары бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін Батыс пен аймақтық державалардың үйлесімді қимылы қажет екенін айтады.
Келісім – Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер
Қазақстан үшін бұл келісім экономикалық, транзиттік және дипломатиялық тұрғыдан жаңа мүмкіндіктер ашуы ықтимал. TRIPP дәлізі іске қосылған жағдайда Қазақстан транзиттік әлеуетін арттырып, Қытай–Еуропа бағытын әртараптандыра алады. Бұл сыртқы сауда-логистика стратегиясына сай келеді және тасымалдау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа маршрут Қара теңіз бен Каспий арқылы өтетін энергия тасымалдары үшін қосымша жол ашып, Қазақстанның мұнай-газ экспортына нарықтық тәуекелдерді төмендетуге жағдай жасайды. Алматыда министрлік деңгейіндегі кездесу өткізуі Қазақстанның бейтарап алаң ұсына алатын, сенімді делдал ретіндегі беделін арттырады. Кавказдағы тұрақтылық Орталық Азия мен Қытай – Еуропа арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, туризм мен мәдени алмасуларға серпін береді.
Сонымен қатар, Қазақстан үшін қауіптер де бар. АҚШ-тың белсенді қатысуы Ресей және Иран секілді көршілермен дипломатиялық шиеленіс тудыруы мүмкін. Инфрақұрылымдық жобалардың нақты әрі қауіпсіз болмауы транзиттен күтілетін кірістерді кешеуілдетуі ықтимал. Нагорный-Карабахтағы мәселелер шешімін таппаса, аймақтағы тұрақсыздық жаңа жобаларға кедергі келтіруі мүмкін.
Мұндай жағдайда Қазақстан көпвекторлы дипломатияны сақтап, АҚШ-пен ынтымақтастықты тереңдету барысында Ресей және басқа да көршілермен конструктивті диалогты жалғастыруы қажет. Логистикалық және кеден инфрақұрылымын жаңғыртып, халықаралық стандарттарға сай жобалық құжаттар әзірлеу маңызды. Кавказ елдерімен сауда, энергетика және мәдени байланыстарды дамытатын арнайы бағдарламалар енгізу арқылы жаңа нарықтарға жол ашуға болады. Сонымен бірге транзит қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халықаралық кепілдіктер мен көпқұрылымдық тетіктер қажет.
Вашингтон келісімі Оңтүстік Кавказдағы ұзаққа созылған қақтығысты бейбіт жолмен шешуге бағытталған тарихи қадам. Дегенмен, оның табысты болуы — келісімді іске асыру тәртібі, қауіпсіздік пен құқықтық механизмдердің нақтылығы және аймақтық ойыншылардың ұстанымына байланысты. Қазақстан үшін бұл дипломатиялық беделді арттырудың, транзит пен энергетикалық әртараптандырудың және Еуразиядағы интеграциялық үдерістерге белсенді қатысудың мүмкіндігі. Бірақ бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану нақты саясат, инфрақұрылымдық дайындық және жан-жақты дипломатиялық жұмысты талап етеді.