Вагон толы жем-шөп Маңғыстауға жете алмай, орта жолда қалды

Dalanews 16 июл. 2021 07:02 1204

Маңғыстауға жөнелтілуге тиіс көптің көмек шөбінің вагонына қыруар ақша сұрап жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК-ға сілтемем жасап.

Мал азығын тиейтін әр вагонға тасымалдаушы компания 500 мың теңге төлеңдер деген талап қойған. Одан қалса темір жол бойында тұрғандарың үшін күніне 100 мың теңгеден бересіңдер деп доқ көрсетіп жатыр.

Соның салдарынан қазір шөп тиелген 5 вагон жіпсіз байланып, тағы сонша шөп шойын жол бойында жатыр.

Жұт жайлаған өңірге көмек көрсетпек болған белсенді азаматтардың тасымалдауға төлейтін қаржысы жоқ.

Қуаңшылықтан малы арам қатқан батыс өңіріне шөп жинап жүрген еріктілерге теміржол тасымалдаушысы осыдан бес күн бұрын хабарласыпты. Қайырымды істен олар қанша вагон қажет болса да, ақысыз шөп жеткізу біздің мойнымызда деп сендірген. Осыдан кейін еріктілер шөп тиелген бес вагонды жөнелтіпті. Бірақ арада үш күн өткенде қайырымды көрінген теміржолшылар сөзінен тайды дейді белсенді азаматтар.

Мұрат Солтанбай, ерікті:

- Кеше осы бес вагонды жіберейін десек, бізге айтады, ол бұйрықтың бәрі өзгеріп кетті деп сөздерінен айнып, бес вагонның әрқайсына төлейсіңдер, әр вагонға 500 мыңнан артық ақша төлейсіңдер деп жатыр.

Оның тұрғанына екі тәуліктен асып кетті, жай ғана бір вагонға 100 мың теңгеден төлейсіңдер деп жатыр. Ақшасы өсіп жатыр, есепке қойып қойдық сендерді, күніне бір вагон 100 мың теңгеден өсіп жатыр, енді одан көп тұрса, бұдан да көбейіп кетеді деп жатыр.

Еріктілер теміржолшылардың сөзіне сеніп шөпті көп алып қойдық дейді. Тиеліп дайын тұрған бес вагоннан бөлек, жанында жантақ, сабан, қамыс пен жоңышқаның тағы да бес вагонға сиятын бумалары жатыр.

Ел аударған ақшаға шөпті сатып алу, аудандардан жеткізу мен жүкшілердің еңбегін төлеп жүрген еріктілер егер жол шығынын төлер болсақ, шөп алатын ақша қалмайды деп отыр.

Сайлаубай Мейірбеков, ерікті:

- Қазір тағы 7 миллион ақша бар менде. 7 миллионның сәл үстінде 12 мың теңге тағы түсіп жатыр, шиқылдап, міне. Енді осы қаражатқа шөп жіберуіміз керек. Мына вагондарға ақша алатын болса, қаражаттың барлығы осыған кетейін деп тұр. Одан шөп жіберу тоқтап қалайын деп тұр да. Біз қазір ойланып отырмыз, оны төлеп жібере берейік деп. Артынан шөп кетпей қала ма деп тұрмыз.

Ал темір жол өкілдері еріктілер мәселені әу баста дұрыс түсінбеген деп отыр. Көмектесейік дегеніміз рас, бірақ бес вагоннан артық тегін жеткізіп бере алмаймыз депті. Ал вагондардың тұрғаны үшін ақша төлеу заңды нәрсе деп түсіндірді.

Марат Ибраев, "Қазақстан темір жолы- жүк тасымалы" АҚ бас директорының орынбасары:

- Мен оған еш уәде бергем жоқ, жақсы, көмектесуіміз мүмкін дедім. Мен қолымда ондай жауапкершілік алуға өкілеттік жоқ

- Сонда енді көмектеспейсіз бе?

- Жоқ, қазір "ҚазТеміртранс" өкілдері шешіп жатыр, экспедиторлар табамыз, олар рәсімдеуге келісім берсе, онда болады.

Онсыз да елдің ақшасына жиылған шөпке бірер вагон беру алпауыт компанияға ауыр мәселе сияқты. Еріктілер қазір 10 вагонға сиятын шөп жөнелтуге дайын дейді.

Төрт түлігі аштан қырылып жатқан Маңғыстау өңіріне көмек көрсетеміз деген ел жем-шөбін әлі де әкеліп жатыр. Бірақ ол шөп батыс өңірге жөнелтілмек түгілі, вагондарға артылмай тау болып үйіліп жатыр. Сондықтан жол шығынын өтеуге қайырымды жандар көмектеспесе, "Қазақстан темір жолынан" қайран жоқ сияқты.

https://www.youtube.com/watch?v=qj4ACOfCw8s

Рекомендовать
Последние новости