Ұзынағаштағы «қанды қылмысқа» бұрынғы полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін

Dalanews 26 сент. 2016 10:50 781




Ұзынағаш базарында мал сатып жүріп жоғалып, соңында қылмыскерлер қолынан қаза тапқан үш жігіттің өліміне бұрынғы полиция қызметкерінің қатысы бар болуы мүмкін. 





Бұл туралы Baq.kz редакциясына қаза болған жігіттердің бірінің туған ағасы Адал Зарлыхан хабарлады.

Оқиға куәгерлерімен бір-бірлеп сөйлескен Адал Зарлыхан өткендегі іздеу жұмыстары кезіндегі оқиғаларды есіне ала отырып, былай баяндады:
«Полицейлерден еш хабар болмаған соң, жаныма бірнеше жігіт алып, жол талғамайтын көлікпен інілерімді өзім іздеуге шықтым. 23 қыркүйекте Жамбыл облысы Дегерес ауылы маңынан екінші машина табылды.

Бұл жайында бізге қытайдан көшіп келген бейтаныс оралман жігіт хабарлады. Ол мал сатып жүрген жігіттердің жоғалғанын, полицейлермен бірге еріктілердің де іздеп жатқанын интернеттен оқыған. Ұзынағаш жаққа келе жатып, жолшыбай иесіз тұрған көлікті фотоға түсіріп алыпты. Сосын тілеулестік ниетпен бізге хабарлап, ватсаппен фотосын жіберді. Ести сала, таңғы бес мөлшерінде полицейлермен бірге машина тұрған ауылға бардық. Оны өзге екі полицей күзетіп тұр екен.

Көлікті көргенін алғаш бізге хабарлаған әлгі жігіт, «кеше кеште өзінің бір танысының мал тиеп келе жатып, бұзылып, оталмай қалған бір жүк көлігін жөндеп бергенін» айтып, ол адамның телефон нөмірін берді. Біз әлгі адамға хабарласып, кездестік.

Оның айтуынша: «бұрын полиция қызметкері болған бір жігіт келіп, машиналары бұзылып қалғанын, жөндеп беруін өтініп, сол жаққа ертіп барды. Көлік қасына барсам тағы екі адам жүр екен. Көлік иесі солар екен деп ойладым да, машиналарын жөндеп, оталдырып бердім. Қытайдан келген жігіттерді сөз ләмінен былай танимын ғой. Ол екі жігіт маған жергілікті қазақтар сияқты көрінді. Мен келерден бұрын олар бұзылған машинаны сүйретпекші болып, трактор шақырған екен. Ол адам да бізбен бірге болды. Әлгі көліктің бұзылған жерін жөндеп болған соң, машинаға асығыс отырған олар көлікті орнынан қозғап қалғанда, жол жиегіне жақын тұрған тракторды соғып, аударып тастады. Ол жерде трактор иесі ана жігіттерге ренжіп, өзінің аударылған тракторын сүйреп тұрғызу үшін тағы бір адамдарға хабарласып жатты. Көліктерін жөндеп беріп, негізгі шаруам біткен соң мен үйіме қайтып кеттім» деді».

Сонымен қоса Адал Зарлыхан БАҚ өкілдері мен еріктілердің, өзге де белсенді азаматтардың араласуымен қоғамда зор дүмпу тудырған бұл оқиға барысында полицейлердің тым сылбыр қимылдағанын, тіпті, өздеріне жекіп, үйлеріне қайтарып жібермек болғанын да ашық айтты.

Тағы бір куәгерлер Дегерестен табылған жүк көлігінің түнде жоғарыда айтылған полиция қызметкерінің үйінде тұрғанын, ертесінде алыс жаққа иенге әлдебіреудердің апарып тастағанын да айтады дейді — ол.

Бірақ, бұл жайында ішкі істер органдары ресми түсініктеме берген жоқ.

Рекомендовать
Последние новости