Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-пленарлық отырысында АЭС жөнінде пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекет басшысы "таза энергетика" секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесіне айрықша тоқталды. Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын жасыл жобаларды жүзеге асыру үшін Total, Svevind, ACWA Power және Masdar сияқты әлемдік компаниялармен нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Бұдан бөлек, Қазақстан атом энергетикасын дамыту ісінде мол әлеуетке ие.
"Біз уран өндірісі бойынша әлемдегі ірі елдердің санатына кіреміз. Өздеріңізге мәлім, жақында өткен жалпыұлттық референдумда азаматтарымыз Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын қолдады. Бұл бастаманы энергетикалық қауіпсіздігімізге салған ұзақмерзімді инвестиция деуге болады. Қазіргі кезде осы жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз", – деді Президент.
Айта кетейік, 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Референдум бойынша дауыс беру 6 қазанда сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті. Бұл ретте 80-нен аса учаске өз жұмысын 06:00-де бастады. Республика бойынша дауыс беруге арналған 10 000-нан аса учаске құрылды.
Шетелде Сеул мен Токиода учаскелер бірінші ашылды.