Қуаныш Бишімов Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болып тағайындалды. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Павлодар мұнай зауытын басқарған Бишімов Атырауға ойысты
"Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС ("АМӨЗ" ЖШС) қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен зауыттың Бас директоры (Басқарма төрағасы) қызметіне Бишімов Қуаныш Ердәулетұлы тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Қ.Бишімов әр жылдары кеден органдарында, ҚР Экономика және сауда министрлігінде, ҚР Индустрия және сауда министрлігінде, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің "Резерв" РМК-да жұмыс істеген. "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" АҚ Бас директоры, "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, "Қазақстан Инжиниринг" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.
Бұл тағайындауға дейін "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС бас директоры болды.
ҚМГ мәліметінше, басшылық Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңа бас директорының алдына операциялық тиімділікті арттыру, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін ұлғайту, өндірістік процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігі деңгейін арттыру, экологиялық жобаларды одан әрі іске асыру, 2025 жылы жоспарлы алдын алу жұмыстарын сапалы жүргізу және қызметкерлерге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау жөнінде нақты міндеттер қойды.
"Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысының шешіміне сәйкес "АМӨЗ" ЖШС бұрынғы бас директоры (Басқарма төрағасы) Ғалымжан Омарұлы Жусанбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін қандай жағдай болды?
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде АМӨЗ-дегі жағдайға қатысты шағымдар жарияланған болатын. "Зауыт басшысы қызметін атқарған Ғалымжан Жусанбаев әртүрлі заңбұзушылық жасады" деп айыпталған еді. "ҚазМұнайГаз" бұл мәселені зерттеу үшін зауытқа арнайы комиссия жіберуге уәде берген. Нәтижесінде Жусанбаев пен зауыттың бас инженері Шошанбасов өз лауазымдарынан босатылған.
27 ақпанда Қаржылық мониторинг агенттігі АМӨЗ басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Кейінірек Жусанбаев кәсіпорында "саботаж" болғанын айтып, өзі туралы арыздағы мәліметтерді жоққа шығарды.
Сөйтіп 2024 жылғы маусымда Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директоры сот шешімімен жұмысына қайта оралды.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың құқығы қорғалды.