Ұстаз: «Жолдау педагогтарды толқытып тастады»

Dalanews 05 окт. 2018 08:42 921

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған Жолдауын түгел тыңдадым. Бұл Жолдау да халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды құжаттың біріне айналғаны сөзсіз деп ойлаймын.

Елбасы Жолдауында барлық әлеуметтік саланы қамтыған міндеттер ашып айтылды. Сонымен бірге орындалмай жатқан тапсырмалар, кемшіліктер де ашына айтылды. Нұрсұлтан Әбішұлының ең алдымен қарапайым халықтың жағдайын терең ойлайтын көреген басшы екенін атап көрсеткім келеді. Себебі, жастардың тұрғын үймен қамтылуы, олардың алғашқы жарна сомасын мемлекет есебінен жеңілдікпен төлеуіне барлық әкімдерді міндеттеуі – баспана алуға қол жеткізе алмай жүрген миллиондаған жастардың үміттеріне сәуле шашып отыр. Сондай-ақ, ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейтуді тапсырды.

Мен өзім мамандығым мұғалім болғандықтан, Елбасының білім саласы туралы айтқан әрбір сөйлеміне мұқият назар аудардым. Бүгінгі Жолдау пелагог мамандардың мәртебесін арттырған ерекше Жолдау болды деп есептеймін. «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң шығару жөнінде Президенттің айтқан сөзі шәкірт тәрбиелеп жүрген әрбір жанды толқытып тастады десем, артық айтқандық емес. Бұрыннан бері айтылып-айтылып, сол айтылған жерде қалып кететін мұғалімдерді сайлауға жегу, залды толтыру үшін жиындарға еріксіз апару, басқа да толып жатқан қоғамдық жұмыстарды мойындарына артып қою секілді шаруаларды ендігі жерде Елбасының өзі тоқтатпақ. Өмірге келетін «Педагогтардың мәртебесі туралы» жаңа заң мұғалімдерді осындай жөнсіз жегулерден құтқаратын болады. Оқытушы мұнан былайғы уақытта тек шәкірт тәрбиелеумен айналыспақ. Мұғалімдердің мәртебесін арттыру мәселесі көптен бері қозғалып жүргенімен, ешқандай нәтиже шығып жатқан жоқ еді. Енді мұғалім мамандығының ең бір құрметті мамандыққа айналуы үшін арнайы заң өмірге келетін болды.

Мемлекет басшысы айтқан бұл ақжолтай хабар мұғалімдердің төл мерекесінде жасалған лайықты тартуы болды десек жаңылыспаймыз.

 

Роза ЖҮНІСҚҰЛОВА, «Жаушықұм» мектеп-лицейінің директоры, аудандық мәслиххаттың депутаты.

Шардара ауданы.

Рекомендовать
Последние новости