Ұлттық Банк цифрлық қаржы инфрақұрылымы жобаларын іске асыру және цифрлық активтер нарығын реттеу бағытында заңнамаға енгізілетін бірқатар түзетулер мен өзгерістер жобасын әзірледі. Бұл туралы бүгін Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шолпанқұловтың айтуынша, Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының мәртебесін, мақсаты мен міндетін бекітетінзаңнамалық өзгертулер жобасы әзірленді.
Түзетулер екі блокты қамтиды:
- Бірінші блокта цифрлық қаржы активтерінің құқықтық мәртебесін анықтай отырып оларды іске қосу көзделеді.
- Екінші блокта криптовалюта қызметін жеткізушілерді лицензиялау арқылы қамтамасыз етілмеген криптовалюталардың айналымын реттеу ісін енгізу мәселесі қарастырылады.
"Заңнамалық бастамалармен қатар Ұлттық Банкте цифрлық активтер бойынша реттеуші орта құрылады. Оның аясында нарық қатысушылары түрлі инновациялық сервистер мен технологияларды сынақтан өткізе алады", - дейді Берік Шолпанқұлов Ұлттық Банкте өткен брифинг барысында.
Айта кетсек, қазіргі уақытта елімізде криптовалюталардың заңды айналымы тек "Астана" халықаралық қаржы орталығы базасында іске қосылған арнайы пилоттық жоба аясында жүруде.
Бұған дейін сайтымызда "Мәжіліс депутаты Ұлттық банк жанынан криптовалюталарды сақтайтын мемлекеттік резерв құруды ұсынды" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ бізден "Мәжілісте қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді пайдаланушыларды жазаламау ұсынылды" деген материалмен де таныса аласыздар.