Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін арттырады ма - мамандар пікірі

Кәмшат Тілеухан 26 мая 2025 15:07

Ұлттық Банк 5 маусымда ақша-несие саясатында маңызды рөл атқаратын базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдауы тиіс. Бұл реттегі сарапшылардың басым бөлігі базалық мөлшерлеме қазіргі деңгейінде сақталатынын болжайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

LS басылымы жүргізген сауалнамаға қатысушы нарық мамандары базалық мөлшерлеменің қазіргі 16,5% деңгейінде сақталады деп санайды.

Дегенмен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досов Ұлттық Банктің алдағы отырысы ерекше сипатқа ие екенін, өйткені онда жаңартылған макроэкономикалық болжамдар ұсынылатынын атап өтті.

Оның пікірінше, мамыр айындағы инфляция өте маңызды рөлге ие. Сондай-ақ, ол өткен төрт айда жинақталған инфляция Ұлттық Банктің болжамындағы төменгі дәліздің тең жартысын (5,16%) құрайтынын атап өтті. Бұл реттеуші органды ставканы көтеруге итермелеуі мүмкін.

Бірақ "Сентрас Секьюритиз" сарапшылары мамыр айында инфляция қандай болмасын, базалық мөлшерлеме сол күйінде сақталады деп бажайлайды. Сондай-ақ олар ай сайынғы инфляция қарқыны әзірге "мақсатты деңгейге сәйкес келетін траекториядан" айтарлықтай жоғары екенін де атап өтті. Негізгі сценарийде "Сентрас Секьюритиз" 2025 жылдың соңына қарай бағаның 12-14%-ға өсетінін болжайды. Мұнай бағасының одан әрі төмендеген жағдайда жылдық инфляция 16-18%, ал базалық мөлшерлеме 17-19% жетуі ықтимал.

Айта кетсек, 1 сәуірде өткен отырыста Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап қалған болатын


Рекомендовать
Последние новости