Үлкен қыз вице-министр болды

Dalanews 03 сент. 2020 05:17 907

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров үлкен қызы Айшат Қадырованы Мәдениет вице-министрі етіп тағайындады. Бұл туралы Қадыров Телеграм арнасында хабарлады.

«Жас болса да оның күрделі әрі ірі жобаларға жетекшілік етуде тәжірибесі мол» деп жазды Қадыров.

2020 жылы наурыз айында Қадыров 21 жастағы Айшат Қадырованы «Шешен Республикасына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттаған. Медаль «мәдениет және өнер саласына адал еңбек еткені үшін» берілді деп айтылды.

Айшат Қадырова 18 жастан бері Firdaws сән үйіне жетекшілік етеді. Бұл сауда үйін шешесі Медни Қадырова 2009 жылы ашқан.


2019 жылы «Открытые медиа» сайты Айшат Қадыроваға Грозныйдағы эротикалық іш киімдер сататын «Lady A» бутигі тиесілі болуы мүмкін деп жазды. Дүкен Ресей заңдарын бұзып, сауда жасайды: тауарларды чексіз әрі этикетсіз сатады, бизнестің нақты қай заңды тұлғаға тиесілі екені ашық айтылмайды.

Қадыровтың он баласы бар: төрт ұл, бес қыз. Ақпарат құралдарының жазуынша, Қадыровтың көптеген туысы ірі лауазымды қызметтер атқарады, алайда бұған дейін оның балалары ешқандай ірі қызметке отырмаған еді.

2018 жылы BBC сайты Шешенстандағы 150 ықпалды шенеуніктің 30 пайызы Қадыровтың туысы екенін анықтаған.


Шілде айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Рамзан Қадыровқа азаптау, сотсыз өлім жазасына кесу және өзге де адам құқығын өрескел бұзу фактілері үшін санкция салған. Әйелі Медни Қадырова мен қызы Айшат пен Карина (Хадижат) Қадыровада да санкцияның қатысы бар.

Рекомендовать
Последние новости