"Украинаға қараңдар...". Павлодардағы Тіл митингі Кремльге ұнамай қалды

Dalanews 27 окт. 2020 04:35 1024

Қазанның 18 күні Павлодар қаласында қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында мемлекеттік тілдің жанашыры Руза Бейсенбайтегінің бастамасымен бір топ белсенділер рұқсат етілген митингке шықты деп хабарлайды Dalanews.kz.




Митингке шыққан азаматтар Павлодар қаласындағы қазақтілді бұқараның жұмысқа тұру, қызмет алу барысында дискриминацияға ұшырап жүргенін айтқан. Мінберде сөйлеген азаматтар қазақ тілін сақтауды, дамытуды әркім өзінен, өз отбасынан бастау керек екенін тілге тиек еткен.

Жиналған жұрт – орыс тілін ресми тіл статусынан айыру туралы төте талап қойған.

"Қазақстан Республикасының Ата Заңындағы "орыс тілі мемлекеттік мекемелерде қазақ тілімен бірге қолданылады" деген тармақ мемтілдің өрісін тарылтып отыр", – деген еді тіл жанашырлары.

Павлодардағы Тіл митингі Кремльдің назарына іліксе керек. Орыс тілін ресми статустан айырып, Ата заңнан алып тастау туралы талап Ресейдегі КСРО-ны қайта құрудың көксейтіндердің құлағына түрпидей тиіпті. 


Соның бірі большевик Захар Прилепин басқаратын "За Правду" партиясы. Саяси ұйым белсенділері Қазақстан билігіне үн қатып, елдегі орыстілді аудиторияның ар-намысын табанға таптамауды талап етіпті. Олардың құқын қорғап, орыс тілін конститутциялық статустан айырмауды сұрапты.

"Павлодар өлкесінде орыстардың үлесі көп. Мұны ресми деректер де растайды. Өңір тұрғындарының 35 пайызы орыс. Оны айтасыз, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстіктегі орыстың үлесі 50 пайыздан асып жығылады. Тұтастай алғанда Қазақстан халқының 20 пайызын орыс аудиториясы құрайды", – дейді партия белсенділері.

Павлодардағы Тіл митингіне Батыстың сұғанақ саясаты себепкер болғанына сенімді. Мұндағы Батыстың ойы Қазақстан мен Ресейдің арасын ажырату, Еуразиялық одақтың іргесін сөгілтіп, күллі Орта Азияны Кремльден жырып алу.

"Павлодардағы митингтің мақсаты айқын – Қазақстандағы тұрақтылықты шайқау. Осы елде алаңсыз күн кешіп жатқан ұлттарды араздастырып, соңын жанжалға айналдыруды көздейді. Ертең ел ішінде опай-топай орнап, айрандай ұйыған бірліктен береке кетсе, оның себебін қазақ тілінің тағдырын алға тартып, алаңға шыққан бір шоғыр азаматтан көріңіз.

Қазақ тіліне араша түсем деп, орыс тілін ресми статустан айыруға болмайды. Орыс тілі осы мәртебеден айырылды екен, ертесіне-ақ Қазақстандағы саяси ахуал күрт өзгереді, ұлтаралық ынтымақтың ізі де қалмайды. Мысалды алыстан іздеудің қажеті шамалы, іргедегі Украинаға қараңыздар", – делінген партия мәлімдемесінде. 


Айта кетелік Захар Прилепин басқаратын "За Правду" партиясын ресейлік кәсіпкер Александр Бабаков қаржыландырады. Бабаков Путиннің алыс-жақын шетелдегі славян ұйымдарымен байланыс орнату бойынша арнайы өкілі.

...

«Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, әр салада қолдануын талап ету, және қазақтілді тұтынушылардың дискриминациясын тоқтату»  атты Павлодардағы митингіде 10 тармақтан тұратын келесідей қарар қабылданған.

1. Конституцияның 7 бабы 2 тармағын алып тастау, себебі Ата Заңымызда 7-ші баптың 2-ші тармағында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми тілде қазақ тілімен тең қолданады» деп жазылғаны еліміздегі қалған 128 ұлттың тілдерін менсінбеу және кемсіту деп бағаланады. Нақ қазір мүмкіндік болмаса, 2 тармағына, жалғыз орыс тілі ҚР территориясында қолданылмайды деп нақтылайтын өзгеріс еңгізу.

2. ҚР Үкіметіне, ҚР Парламентіне мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау;

3. Мемлекеттік тілді білмейтін, аудармашысыз жұмыс атқара алмайтын қызметкерлерді мемқызметке алуға тиым салу.

4. ҚР Тіл туралы заңындағы мемлекеттік тілді меңгеру ҚР әрбір азаматының парызы деген 4-бапты мемлекеттік тілді меңгеру ҚР әрбір азаматының міндеті деп ауыстыру;

5. Мемлекеттік тапсырыс, сатып алу арқылы қызмет көрсетушілердің тендерлерінің техспецификациясына, лицензия, және басқа да рұқсатнама құжаттарына: «қандай да болмасын қызмет міндетті түрде мемтілде бірінші кезекте болуы керек» деген нұсқау жазылуын қамтамасыз ету

6. Отандық телеарналарды әртүрлі жастағы балаларға арналған сапалы, мазмұнды, кішкентайларға арналған қызықты қазақтілді контентпен қамтамасыз ету;

7. Апта сайын телеарналарда «Мемлекеттік тілді білу ҚР территориясындағы әр азаматтының парызы», «Орыстілділердің қандай құқы бар қызмет орыс тілінде қызмет тұтынуға, дәл сондай, және бірінші кезекте қазақтілдірерде де бар» деген насихат жүргізу.

8. Бірінші меморгандардың, және солар арқылы ҚР еш субъектілерінің қандай да болмасын тек орыс тілінде құжат, бланкі, ақпарат т.т. беруін доғару.

9. Әр тілдік дискриминация фактілері бойынша, конституцияға сәйкес, ӘК бойынша шара қолдануды міндеттеу. Бұл функцияны прокуратурамен қатар Тіл басқармаларына және полицияға беру нормасын қарастыру.

10. Қазақтілділердің құқығы өрескел бұзылуы тиылмайдығынан Мемлекеттік тіл Альянсын құруды ұсынамыз. Оның қатарына БАҚ-нан журналистер, Қоғамдық ұйымдар, Тіл комитеті, мемлекеттік қызмет істер агентігінің өкілдері кіреді. Осы Альянс барлық заң бұзушылықты жүйелі түрде заң аясында сот арқылы шешу міндетін атқарады.

Қарарды тапсырушы, Р.Бейсенбай, т. 8701-182-5265, ruza_7@mail.ru

 

Рекомендовать
Последние новости