Украина халқын қолдау мақсатында Мациевкийдің ескерткіші жасалды

Қаракөз Амантай 18 окт. 2024 14:48 3991

"Демос" қоғамдық ұйымының жетекшісі Тұрарбек Құсайынов Украина халқының тәуелсіздік жолындағы күресін қолдау мақсатында Александр Мациевскийдің монументін жасатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Құрметті азаматтар! Сіздерге қазіргі қиын кезеңде украин халқының батырлығы мен ерлігіне деген үлкен құрметімді білдіре отырып, маңызды бастамамен жүгініп отырмын.

Қазақстандық белгілі диссидент Владимир Козловтың бастамасымен, мен өз қаражатым есебінен Украинаның батыры Александр Мациевскийге арнап монумент жасаттым. Бұл ескерткіш еркіндік пен әділдік туын биік ұстағандарға адалдық пен табандылықты бейнелейді. Ол украин халқының егемендік пен тәуелсіздік жолындағы күресін қолдау мақсатында жасалды”, - дейді ол.

Айтуынша, Мациевкийдің ескерткіші екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайта түспек.

“Бұл ескерткіш - Қазақстан мен Украина халқы үшін еркіндіктің құнын түсіндіретін маңызды нышан болатынына сенемін. Бұған дейін мен Қазақстанның бірнеше қаласының басшылығына ескерткішті қоғамдық орындардың біріне орнатуды, тіпті кеңестік партия қызметкерлерінің атындағы көшелердің бірін Александр Мациевкийдің атына ауыстыру туралы ұсыныс білдірген болатынмын. Өкінішке қарай, ұсынысым мен бастамаларым қолдау таппады. Дегенмен бұл менің табандылығымды тұншықтырып қойған жоқ”, - деп атап өтті Құсайынов.

Осы тұста ол Қазақстандағы Украина елшілігіне ескерткішті сыйға тартқысы келетінін хабарлады. 

“Менің ойымша, батырлар туралы естелік бүкіл адамзат үшін маңызды болып қала бермек және оны мәңгі есте сақтау қажет деп санаймын. Осыған байланысты, мен дайын тұрған Александр Мациевкийдің мүсінін бүкіл қазақ халқының атынан Қазақстандағы Украина Елшілігіне сыйға тартқым келеді.

Бұл нышан қазақ халқының украин халқына деген шынайы қолдауын білдіреді және екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтады деп сенемін.

Сіздерден осы сыйды қабылдауға және оны елшілік аумағында немесе өздеріңіз лайық деп тапқан басқа орынға орналастыруларыңызды сұраймын. Бұл монумент еркіндік пен бейбітшілік үшін күрестің нышанына айналып, екі ел арасындағы маңызды мәдени байланыс болады деп сенемін”, - деді ол.

Оның сөзінше, Help to Ukraine Almaty Украинаға гуманитарлық көмек көрсету штабының қолдауымен бұл ескерткіш уақытша Гурилев көшесі, 106А мекенжайындағы штабта сақталуда.


Рекомендовать
Последние новости