Шерзатты өлтірді деген күдіктілердің саны артты

Көркем Алдабергенова 15 окт. 2024 14:14 5973

Полиция 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша тағы үш адамды ұстады. Бұл туралы Алматы облысының прокуроры Берік Адамов мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұрын жеті адам ұсталғаны хабарланған еді. Енді ұсталғандардың саны 10-ға жетті.

"Бұл іс бойынша 10 адам күдікті деп танылды. Тағы екеуі қылмыстық қудалау орбитасында, бірақ олар - қорғану құқығы бар куәгер", - деді Берік Адамов брифингте.

Кісі өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда 16 жастағы Шерзатты өлтірді деп айыпталып жатқан күдіктілердің суреті әлеуметтік желіде жаппай таралып кеткен еді.

QirSabyn телеграм арнасы бірнеше күдіктінің суреті мен олардың есімін жариялады. Дереккөздің мәліметінше, күдіктелер 1993, 1998 және 2000 жылғы азаматтар. Олардың екеуі бұған дейін де ұрып-соғу фактілері бойынша жауапқа тартылғаны белгілі болды.

Сот деректеріне сүйенсек, азамат А. және оның досы бұған дейін де бұзақылық әрекеттері үшін жауапқа тартылған. Өткен жылдың күзінде азамат Н. екеуі жанармай бекетінде бейтаныс жігітке шабуыл жасап, орташа дәрежедегі жарақат салған. Алайда сотта екі тарап татуласып, істі жылы жапқан.

Азамат Н. болса, қазіргі уақытта төбелес үшін шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Оның бұған дейін адамдарға төрт мәрте шабуыл жасағаны белгілі болды. Бірақ жәбірленушілер оған белгісіз себептермен кешірім беріп, татуласуға келіскен.

Осы тұста әлемжеліде Шерзат пен оның отбасына шабуыл жасаған жігіттердің “Хутор” атты жергілікті қылмыстық топпен байланысы бар деген ақпарат желдей есуде. Топтың басшысы Хасан есімді азамат көрінеді. Көптің айтуы бойынша, ол Талғар ауданын үрейде ұстап отыр.

Айта кетейік, 12 қазанға қараған түні Талғар трагедиясында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті.

Қазіргі таңда Талғар ауданында үйді өртеу қылмысы бойынша барлық айғақ алынып, қажетті сараптамалар жүргізілуде.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғар ауданындағы үйді өртеу фактісі бойынша тергеу барысы туралы хабарлады.

Әленовтың айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап, яғни 4 қазаннан бері Талғар ауданында министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

"Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерде мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бейнебақылау камераларынан жазбалар қаралуда. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексерілуде. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеуде", - деді ол. 

Оқиға орын алған кезде өрт болған үйде ешкім тұрып жатқан жоқ еді. Жанұя қазіргі кезде басқа мекенжайда тұрып жатыр.

Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жалған ақпарат таратпауға шақырамын, – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов барлық тергеу әрекеттері Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.

"Тергеу барысы туралы бас прокурорға есеп беремін. Бүгінгі таңда арнайы прокурорлар үйді өртеу фактісін тергеп жатыр. Оқиға орнынан барлық айғақтар алынып, олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Біз сараптама нәтижелерін күтудеміз, одан кейін қосымша ақпарат беріледі. Бүгінгі таңда осы іс бойынша көптеген жалған ақпарат таратылуда. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескерткім келеді", – деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.

 


Рекомендовать
Последние новости