Соғыс шарпыған аймақтарда жағдай күн сайын өзгергенімен, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың саяси түйіні шешіле қойған жоқ. Әлем елдері бітімге бастар жол іздеп, түрлі ұсыныстар тастап келеді. АҚШ- тың 28 тармақтан тұратын «бейбіт жоспар» жобасы қызу талқылауда. Тараптардың саяси талаптары мен стратегиялық мақсаттары әлі де бір- біріне қайшы. Қақтығысты тоқтатуға бағытталған түрлі бастамалар мен келіссөз форматтары талқыланғанымен, саясаттанушылардың пікірі бойынша , бейбіт келісім тек жағдай түбегейлі өзгергенде ғана орындалуы ықтимал. Өйткені әскери жағдай ғана емес, территория, қауіпсіздік және санкциялық саясат сияқты күрделі мәселелерде ұстанымдар мүлде үйлеспей тұр. Осы тақырып аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Азия зерттеулері бөлімінің жетекшісі Құрмашев Айдар Кенжебекұлының пікірін білдік деп хабарлайды Dalanews.kz.
Соғыс жақын арада аяқталуы мүмкін бе?
Саясаттанушы Айдар Кұрмашев қазіргі жағдайды былай сипаттайды:
«Қазіргі жағдайға қарағанда, соғыстың жақын арада толық аяқталуы екіталай. Соңғы апталарда АҚШ-тың 28 тармақтан тұратын «бейбіт жоспар» жобасы талқыланып жатыр, бірақ ол тараптар арасындағы түпкілікті келісімге әлі де алыс.
Яғни, қақтығыстың аяқталуы тек әскери жағдайға емес, сонымен қатар қауіпсіздік кепілдіктері, территориялық мәселелер және санкциялық режимді реттеу сияқты күрделі саяси параметрлерге тәуелді. Бұл факторлардың бәрі қазір келісілмегендіктен, соғыстың тез бітуіне алғышарттар жеткіліксіз»,- дейді политолог маман.
АҚШ ұсынған талаптарға Украина мен Ресей келісе ме?
«Бүгінде талқыланып жатқан құжат — АҚШ-тың 28 тармақтан тұратын жоспар жобасы. Онда Украинаның НАТО-ға кірмеуі, әскер санын шектеу, санкциялардың кезең-кезеңімен жеңілдетілуі, сондай-ақ ресейлік активтерді пайдалану механизмдері сияқты даулы тармақтар бар.
Бұл ұсыныстар Киевте де, Мәскеуде де толық қабылданған жоқ. Украина мен Еуропаның негізгі серіктестері құжатты Ресей мүддесіне тым жақын деп санап, бірқатар тармақтарды қайта қарауға ұмтылуда. Ресей де ресми түрде келісім бермеген және жобаны өз мүддесіне сай түзетуге тырысуда.
Сондықтан бүгінгі таңда «екі жақ АҚШ ұсынып отырған талаптарға келісті» деп айтуға ерте – қазір тек бастапқы шеңбер талқыланып жатыр деп айтуға болады»,- дейді Айдар Құрмашев.
Ресей мен Украина экономикасында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
Саясаттанушы Айдар Құрмашевтың айтуы бойынша:
«Экономикалық өзгерістер соғыстың ұзақтығына және болашақ келісім талаптарына тікелей байланысты. Бірақ қазіргі трендтерді атап өтуге болады.
Киев үшін ең маңыздысы — халықаралық қолдау көлемі және қалпына келтіру процесі. Украина Еуропалық одақпен интеграцияны тереңдеткісі келеді. АҚШ-тың жаңа жоспары украин экономикасының құрылымдық өзгерістерін, оның ішінде қорғаныс саласын, инфрақұрылымды және ресурс секторын, қайта қарауды талап етуі мүмкін.
Ресей санкциялар жағдайына бейімделіп, өз өндірісін күшейту және Азия нарықтарына шығуды жалғастырып жатыр. АҚШ жоспары санкцияларды кезең-кезеңімен жеңілдетуді ұсынғанымен, бұл тек келісім орындалған жағдайда ғана мүмкін болады. Технологиялық шектеулер, капиталдың қысқаруы және кадр тапшылығы Ресейдің ұзақ мерзімді өсімін шектей алады. Жалпы, екі экономиканың да болашағы соғыстың аяқталуына ғана емес, АҚШ, Еуропа және басқа да акторлар қатысатын көпжақты келісімдердің мазмұнына байланысты.»
Саясаттанушы Бауыржан Әукеннің пікірі

Бауыржан Әукеннің айтуынша, екі ел де ұзаққа созылған соғыстан экономикалық тұрғыдан қатты әлсіреп отыр:
«Украинада әскери шығындардың өсуі, миграция, инфрақұрылымның бұзылуы және өндірістік мүмкіндіктердің қысқаруы экономиканы ұзақ уақыт бойы сыртқы қолдауға тәуелді етеді. Ресей экономикасы да санкциялық қысымның күшеюі, технологиялық шектеулер, бюджет тапшылығы және әскери өндірістің шектен тыс үлес алуы нәтижесінде трансформациялауға мәжбүр».
Саясаттанушының айтуы бойынша:
«АҚШ пен Украина Ресей–Украина соғысын тоқтатуға арналған келіссөздер форматын қайта қарап, жаңа нұсқасын жариялады. Мұның өзі халықаралық ортада айтарлықтай назарға ілікті, себебі бұрынғы Вашингтон ұсынған ұсыныс Ресейге тым тиімді саналып, сынға алынған еді. Сондықтан жаңа құжат Киевтің егемендігін шынайы қорғауды басты қағида ретінде белгілеп, бітімге қатысты талаптарды нақтылай түсті. Жексенбі күні АҚШ пен Украина ресми тұлғалары кез келген бітім келісімі Украинаның мемлекеттік тұтастығы мен егемендігін толық қолдауы қажет екенін арнайы атап өтті. Бұл тұжырымдаманың егжей-тегжейі көп ашылмаса да, оның саяси мәні айқын: Киев өз позициясын жұмсартпайды, ал батыстық делдалдар соны негізге ала отырып ұсыныстарын жаңартты. Алайда бұл Мәскеу үшін стратегиялық белгісіздік тудырады.»
«Осыны ескере отырып, қақтығыстың жақын арада аяқталуы тым қиын екендігі көрінеді»,- дейді Бауыржан Әукен.
«Жаңартылған құрылым Украина мүдделеріне сай келсе де, Мәскеу үшін орындалуы мүмкін емес тармақтар жеткілікті. Территория мәселесі, қауіпсіздік кепілдіктерінің күшеюі, амнистиядан бас тарту, НАТО-ға қатысты шектеулердің жұмсаруы – бұлардың әрқайсысы Ресейдің стратегиялық көзқарасына қайшы. Сондықтан тараптар ұстанымдары әлі де бір-біріне жақындамағандықтан, дипломатиялық жолмен тұрақты бейбіт шешімге келу перспективасы тым алыс»,- деп атап өтті саясаттанушы.
«Жалпы алғанда, саяси, әскери және экономикалық факторлардың күрделілігі соғыстың жақын арада аяқталуына мүмкіндік бермей отыр. Тараптардың стратегиялық мақсаттары бір-бірімен толық үйлеспейтіндіктен, бейбіт келісім тек жағдай түбегейлі өзгергенде ғана орындалуы ықтимал»,-деп өз сөзін түйіндеді Бауыржан Әукен.
