"Үкімет халқымыздың игілігіне қызмет етеді". Бектенов үндеу жасады

Сағыныш Сардарова 06 февр. 2024 15:27 4497

Қазақстанның жаңа премьер-министрі Олжас Бектенов үндеу жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет басшысы қай салаларға басымдық берілетінін атап, қолдау көрсеткен депутаттарға алғысын білдірді.

"Депутаттар, менің кандидатурамды қолдағандарыңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамыту бағытында бірқатар ауқымды тапсырмалар берді, барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер төңірегінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайтын болады. Мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, машина жасау, автобөлшектер шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салаларды барынша дамытамыз. 

Отандық өндірісімізді ынталандыруға бағытталған шаралар қабылданатын болады. Қазақстанда жасалған тауарлардың үлесін арттырып, отандық өндірушілерді қолдау мақстанды офтейк жүйесін толық іске қосамыз. Басты мақсат– басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс  пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу, сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз.Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнемделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға жолданатын болады. Көлік логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру Үкімет жұмысындағы басымдықтардың бірі болатыны сөзсіз", - деді Бектенов.

Сонымен қатар, Үкімет маңызды міндеттер бойынша жұмыс істейтініне уәде берді.

"Цифрландыру, жасанды интеллекттің қолдану саласын кеңейту - аса маңызды міндеттер. Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын іске асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады. Құрметті Президент мырза, құрметті депутаттар Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости