Уахабилікпен күрес тарихынан сөз

Dalanews 11 июн. 2016 06:13 1083




Бұл мақала 2011 жылы жарық көрген еді. Ол кезде бүгінгідей ушығып тұрмаса да, қоғамның күбірткедей сыздаған бітеу жарасы еді. Ал дәл қазіргі уақытта бұл мәселенің өзектілігі күн санап артып келеді. Осыны ескере отырып мақаланы қайта жариялауды жөн көрдік. Шын мәнінде біз кімдермен бірге өмір сүріп келеміз.

qazaquni.kz


Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты, заңгер Ерзат Әлзақов еліміздегі салафизм ағымын (уахабилік) радикалды деп танитын уақыт жетті деген мазмұнда арнайы депутаттық сауал жолдады.


Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты, заңгер Ерзат Әлзақов еліміздегі салафизм ағымын (уахабилік) радикалды деп танитын уақыт жетті деген мазмұнда арнайы депутаттық сауал жолдады. Онда: «Елімізде салафизмді «қалыпты және радикалды емес» деп қарастыруымыз қазіргі таңда қате пікір екені белгілі болып отыр. Қазақстандағы діни ахуалды ертерек қолға алып, біз өз тарапымыздан тиісті заң жобаларын мерзімінде қабылдамай, бұл мәселеге үстірт қарайтын болсақ, ушығып кетуіне ешкім кепілдік бере алмайды», – делінген. («Алаш айнасы»,8 қыркүйек 2011ж.).Бұдан сәл бұрынырақ ҚМДБ өкілі Оңғар қажы Өмірбек те салафилікке заң арқылы тыйым салу керектігін мәлім еткен («Интерфакс-Қазақстан», 13 шілде 2011 ж.) болатын. Аталған мәселе бүгін ғана туа қалмағаны белгілі. Дабыл бұрын да қағылған. «Салафилер» мен «уахабшылардың» елімізге төндіретін қаупі туралы, елдегі діни ахуалды бақылау қажеттігі, қолға алу, реттеу керектігі туралы бұрын да талай мәрте айтылмап па еді?! Тек «айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман» болып, тиісті орындар мәселеге көз жұмып қарап келгені болмаса… Бұл енді бөлек әңгіме. Бүгінгі айтпағымыз: осы «жер астынан шыққан жік» – уахабилік идеология қазақ топырағын қай кезден бері торуылдап жүр? Кесапатқа қарсы халқымыздың дін ғұламалары қандай әрекет еткен? Әңгіме желісі осы сауалдар төңірегінде өрбіме




Тарихқа көз жүгіртсек, уахабшылдықтың Қазақстанға келгені бүгін емес. Зерттеушілердің еңбектеріне сүйенсек, бүгінде Сауд Арабиясының діни идеологиясына айналған осы бір кереғар ілім Орта Азия жеріне 1952-1982 жылдар аралығында, Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасының (орыс тілді деректерде қысқартылып, САДУМ деп беріледі) муфтиі болған Зияуиддин Бабахановтың (1908–1982)  кезінде берік орныға бастаған. Белгілі осы сала ғалымдарының айтуынша, Бабахановтың әу бастан уахабшылдық рухында қалыптасуына  оның ұстазы, ташкенттік діндәрлар арасында «Шами дамолла» атымен танымал Саид ибн Мухаммад аш-Шамиад-Димашкиат-Тараблуси (1867–1932) әсер еткен. Каирдегі «Әл-Азхар» діни оқу орнынан дәріс алған Шами дамолла ханафиттік-сопылық дәстүрлер тамыр жайған Ферғана алқабы мен Самарқанд қаласындағы ислам ғұламалары ұстанған діни тәртіптерді тәрк еткен әрекеттерін бастайды. Әулиелерді құрметтеуге қарсы шыққан ол Құран мен «сахих» («шыншыл») хадистерге ғана сүйенген болып, «таза ислам» концепциясын насихаттайды. Қашқарда дін уағыздап жүріп, Пекин түрмесіне түскен оны патша үкіметінің консулы қытайлардан аттай қалап, босатып алып, Орта Азиядағы жергілікті ғұламалардың идеологиялық қарсылығын басып-жаншуға пайдаланбақ ниетпен, арнайы Ташкентке алдырған екен. Сөйтіп жүргенде, 1917 жылы орыс патшасы ІІ Николай тақтан тайдырылады. Ең қызығы, патша пайдалануды көздеген Шәми дамолланы ендігі жерде кеңестер билігі қолдай бастайды. Ол кезде кеңестердің ислам социализмін пайдалану туралы идеялары келмеске кеткен еді. Соған қарағанда, патша билігі мен кеңестердің Орталық Азиядағы жергілікті діни элитаны талқандау үшін «сыртқы күшті» пайдалану туралы ұстанымы бірдей болғанға ұқсайды. Ал халықты біріктіру қуаты мол дәстүрлі исламның Кеңес үкіметі үшін бәсекелес күш ретінде қабылданғаны сөзсіз. Сөйтіп 1943 жылы САДУМ құрылғаннан кейін, Шами дамолланың идеялары, іс жүзінде, осы кеңестердің қолдауымен жүзеге асқан. Ендігі жерде, кеңестік мемлекеттің аппараттық күшімен «жергілікті», «ұлттық» исламды қаралайтын материалдар жаппай таратыла бастайды. Ғалымдардың пікірінше, дінді реттеу үшін құрылған кеңестік құрылымдардың басты мұрасы да осы діни-фундаменталистік ағымның, яғни  «уахабшылдықтың» өңірге таралуы болды.

Шами дамолладан алған тәрбиесі мен 1947-1948 жылдары Сауд Арабиясында алған біліміне сүйенген Бабаханов, салафилік ілімнің негізін қалаушы Такиаддин Ахмад ибн Таймияның «таза исламға оралу» ұранын Орта Азия жерінде жүзеге асыруға бар күш-жігерін салды. Бабаханов басқарған САДУМ сопылықты дінге қосылған жасанды жаңалық, яғни «бидғат» деп таныған, әулиелердің молаларына зиярат ету сияқты діни дәстүрлерді исламға жат қылықтар деп жариялаған пәтуаларды көптеп шығарады. САДУМ пәтуаларындағы «салафилік» мазмұнды ерте аңғарған жергілікті дін ғалымдары салафилік-уахабшылдыққа қарсы идеологиялық күрес жүргізді. Ондай ғалымдар Қазақстанда да қызмет етті. Солардың бірі – ұзақ уақыт бойына САДУМ-ның Қазақстандағы қазиы (уәкілетті өкілі) қызметін (1952–1972) атқарған Сәдуақас Ғылмани еді. Ғылмани ислам дінінің көрнекті ғұламаларының уахабшылдықтың идеологиялық платформасын терістейтін еңбектерін аударды. Мәселен, Ғылмани тәржімалаған Хусайн Мухаммад Махлуфтың «Сафуат-ул баян лимағани-ил Құран» («Құран сөздерінің мағыналарына жасалған таза ашықтама») атты еңбекте Имам Таймия пікірлерінің қате екені тәптіштеп тұрып дәлелденеді. Қолжазбада салафилердің Құран Кәрімнің 53-сүресінің 39-аятын теріс түсіндірген тәпсірін сынға алады. Бір Құдайдан басқаны мойындамауға шақыратын салафи-діндарлар осы аятқа арқау болған «адамның пайдасына өзінің қылған еңбегі ғана қызмет етеді» деген ұстанымды өздерінше түсіндіреді. Аталған еңбектің кіріспесінде: «Жоғарыдағы аятты тәржімалап-тәпсірлеп, ашықтап, ойын түйіп, үкім шығарған Шайхул-ислам Ахмад ибн Таймия:«Адам өзінің ғана еңбегімен пайдаланады, басқаның еңбегімен емес», –дейді. Ал біздің шариғатымызда басқаның еңбегін пайдалану кітап (Құран), сүннет (Хадис) және ижмамен (ғұламалардың пікір бірлігі) дәлелденіп, бекітілген. Ибн Таймияның көзқарасы бойынша, иланған адам ижманы жыртқан – харкилижма болады, яғни дұрыс көзқарастан ауытқып адасқан. Ибн Таймияның бұл көзқарасы шариғатқа теріс екенін муфти ғұлама нақты дәлелдермен батыл қылып, жоққа шығарған», –делінген. Бұдан соң, С.Ғылмани Махлуфтың Ибн-Таймияның ұстанымын жоққа шығаратын 21 дәлелін тізіп, көрсетеді. Оның ішінде: «егер адам басқа біреудің еңбегінен ешқандай пайда ала алмайтын болса, Пайғамбар с.ғ.с. неге үмметтеріне шапағат қылады? Оларға тозақ отынан құтылуына көмектеседі? Неліктен намазды жамағатпен оқудың сауабы жеке оқығаннан артық болады?» – деген уәждерді келтіреді

Салафилік-уахабшылдық идеологияның исламмен еш ортақтығы жоқ екенін басқа да діндарлар көрсетеді. Солардың бірі – түркімен жұртынан шығып, Ирандағы Ирфанабад медресесінің жетекшісі болған Әбдурахман ахун Таңли Тана. Бізгеғұламаның өлең жолдарымен өрілген өсиет нақылдары жетті.

Мақшар күні аян – азап кешері,

Әділ Хақтың қиын болар есебі, –

Азғындарды «уаһһабшылар» деседі, –

Хабардар бол, уаһһабшылар қолынан,–

деп жырлаған ахун осы бір теріс ілімнің шығу тегін де сөз етеді:

Абдул уаһһаб Нәждиді естіп көрдің бе? –

Дұрыс оны оңнан, солдан таныған.

Туды ол лағин бір мың бір жүз он бірде,

Хабардар бол, лас, настың халынан.

Бұған дейін біз сөз еткен ибн Таймия да Әбдурахман ахунның назарынан тыс қалмаған:

Бұл, “мақсатпен” ибн Таймиа азды да,

Ибн Қайим дамытты оны бағзыда.

Нәжди лағин таратты елге жазды да,

Хабардар бол, шайтандардың тобынан.

Уахабшылардың кесірлі идеяларын ахун былайша әшкерелейді:

«Қабірлерді ету күнә зиярат,

Бір Алладан басқаны атау – қиянат.

Расул де бола алмайды тиянақ». –

Хабардар бол! – Солай дейді ол ылаң.

Айтады олар: «Тек Алланы шақыр, – деп, –

Айтпа нәби, уәлилердің атын, – деп. –

Дәуре, исқат, підияға хақың жоқ!» –

Хабардар бол, бұзықтардан молынан.

Құрыды, – дер, кісілерді дәуре еткен,

Мұсылманды жікке бөліп әуре еткен.

Қабірлерді быт-шыт қылды!

Жау неткен! –

Хабардар бол, шайтандардан жолы қан (Әдеби аударма)

Бас-аяғы 17 шумақ өлеңде ғұлама уахабшылдықтың тарихын, діни ұстанымдары мен уәждерін сипаттап, терістеген. Ахунның бұл өлеңді дін жолында жүрген бауырларын уахабшылдықтың шырмауына түсуден сақтап қалу ниетімен шығарғанын байқаймыз.

Ақын уахабшыларды әшкерелеуде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) Хазіреті Омар арқылы жеткен мына бір хадисін де өлең жолына қосады. Хадистің мамұны мынадай: «Пайғамбар с.ғ.с. дұға қылып отырып, «Алла, өз берекеңді Шамға, Иеменге енгізе көр!» – дейді. Сонда сахабалардың бірі тұрып: «Уа, Расулулла, Наждіні қоспадыңыз», – деп ескертеді. Пайғамбар с.ғ.с. екінші мәрте дұғасын тағы да: «Алла, өз берекеңді Шамға, Иеменге енгізе көр!» – деп жасайды. Сахабалар тағы да сұрайды: «Нажді қалып қойды ғой», – деп. Сонда Пайғамбар с.ғ.с.: «Күмәнім бар, ол жақтан зілзала, фитна (аздыру) шығады және шайтанның мүйізі шығады», – деп жауап қайтарады».Кең таралған осы хадисті Әбдурахман ахун былай жырлайды:

“Шайтан мүйізі шығар, – деген, Нәждіңнен,” –

Расул сөзін естімеген аз, мүлдем.

Бар мұсылман, күрес әлгі азғынмен,

Хабардар бол, ергендерден соңынан!

Дінді іштен іріткен ағым өкілдерін осы сияқты өткір түрде сынау уақыт өткен сайын кең етек жая бастады. Мұның себебі де айқын, уахабшылдық идеология жергілікті діни дәстүрлерге ғана емес, сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдениетке де кері әсерін тигізді. Уахабшылар дінді әр түрлі халықтардың этномәдени, тарихи, әлеуметтік ерекшеліктеріне негізделген барлық «жат», «кірме» түсініктер мен тәжірибелерден тазарту жолында жойқын күрес жүргізуді өздеріне мақсат етіп қойды. Олар исламдағы барлық жаңалықтан бас тартуды, әуелгі догмаларға қайта оралуды, оның қатаң түрде, дәлме-дәл  орындалуын талап етеді.

Салафилік-уахабшылдық идеологияға қарсы дәстүрлі дін өкілдерінің жүргізген істері ерекше атап өтуді қажет етеді. Орта Азиядағы дәстүрлі дін өкілдерінің уахабшылармен күресі өткен ғасырдың 70 жылдарынан бастау алады. Бір муфтиятқа қарайтын Орта Азиядағы мұсылман қауымына індете еніп, іріткі салған ағымға қарсы күрес жүргізгендердің бірі – Мұхамеджан Хиндустани. Ханафилік ұстанымдарға қарсы Ферғана алқабында пайда болған жаңа діни көсемдерге алғаш рет «уахабшыл» деген атауды берген де осы Хиндустани болған. Ғұлама өз қарсыластарының саяси талаптарының, ғұрыптық және догматтық ұстанымдарының Саудиялық Арабстандағы уахабшыларға ұқсайтынын басты назарға алды. Хиндустанидың саудиялық уахабшылдықпен таныстығы оның 1929 жылғы осы елге барған қажылық сапарынан басталғанға ұқсайды. Хиндустани уахабшыларды әшкерелейтін бірнеше еңбектер жазып, Ферғана алқабындағы мұсылмандардың теріс ағым әсерінен жік-жікке бөлінуін тоқтатуға тырысты.

1989 жылы Хиндустани қайтыс болғаннан кейін бұрынғы муфти Мұхаммад Садық Мұхаммад Жүсіп мұсылмандардың арасында тереңдеп бара жатқан жіктелуді тоқтатуға талпынды. Алайда 1991 жылдың қараша айында Діни басқарманың ғимаратында өткен пікірталаста уахабшылдар мен ханафиттердің арасын бітістіру іс жүзінде мүмкін еместігі айқын көрінді.

Кеңес үкіметі құлағаннан кейін, бақылаусыз қалған тоқырау жылдары араб елдеріне барып діни білім алған жастардың ықпалымен Қазақстанға дендеп енген салафилік-уахабшылдық идеология 2000 жылдардан кейін ерекше күшейе бастады. Жаңа кезеңдегі діни фундаментализм идеяларының, уахабшылдықтың үдеуіне алаңдаушылық білдірген зиялылар баспасөз арқылы үн қатып, өз пікірлерін білдіріп жатты. Негізінен, кеңестік идеологияның шырмауында жүріп, исламның негіздері, ұстанымдары, догматтары тұрмақ, жалпы діннің қоғамдағы рөлі туралы жарытымды білім алмаған қазақстандық шығармашыл интеллигенция ұзақ уақыт бойына елдің исламдану процесінің бағыт-бағдарын дәл пайымдай алмай келді. Осы кездегі бірлі-жарымды мақалалар көбіне сауал түрінде жазылып, онда авторлардың өз қауіп-күдіктерінің қаншалықты орынды екеніне іштей сенімсіздігі сезіліп тұрды. (Сөз орайына қарай айта кетейік, басым көпшілік зиялы қауымның бұл хәлі бүгінгі күнде де онша көп өзгере қойған жоқ.) Тәуелсіз Қазақстан тарихында, әсіресе, 2000 жылдардың басынан бастап діни-пәлсапалық тақырыпта тұшымды жарияланымдарымен танылған «Алтын орда» апталығы бұл бағытта белсенді позиция ұстанды. Осы тәуелсіз басылымда дін тақырыбында құнды-құнды мақалалар жарияланып тұратын. 2002 жылдың 25 қазанында «Алтын Ордада» Зәуреш Саматтың «Ұстанғанымыз «таза» ислам ба, әлде арабтың салт-дәстүрі ме?» деген мақаласы жарық көрді. Мәдениеттанушылар арасында елеулі серпіліс туғызған бұл мақалада көптен бері айтылуы күтіліп жүрген қазақтардың дәстүрлі діні қандай деген сауал айқын қойылды. Мақала авторы өзі қойған сауалының орындылығына деген сенімсіздігін: «(…) біз үшін ата-баба діні – ислам. Сондықтан, мен өзімді үлгілі мұсылман әйелі санамасам да, ислам дініне қатысты көтерілген мәселелердің бәрі мені қызықтырады… Дегенмен, мен өзімді толғандырған көп мәселелердің жауабын таба алмадым», – деп түсіндіреді (Алтын Орда 25.10.2002, 8-бет). Авторды толғантқан сауалдардың дені уахабшылдық сипаттарына қатысты. Хат авторы: «Таза исламды» ұстанатындар қазақ тілі мен салт-дәстүрлеріне бөгделікпен қарайды. Мұндай мұсылмандармен араласқан кезде тағы бір ұнамайтыны, олардың барлығы дерлік қазақтың салт-дәстүрлерін басы артық санайтындығы. Мысалы, шілдехана, қайтыс болған адамның жетісі, қырқы, ас беру. Жас мұсылман қыз бір жолы көрші әжесін жерлеуге баруға жиналған мамасына мұның бәрі жасайтын түгі болмағасын, ойлап табылған қазақы ақымақшылық екенін айтып салды», – деп жазады. З.Самат өз мақаласында бас муфтиге қандай нақты елдер, қай кезден бері мемлекеттік дін ретінде Ханбал масхабын ұстанады? Бұл ағым барлық арабтарға ортақ па? Уахабшылармен талибандар идеологиясын салыстыруға бола ма? Уахабшылардың әлеуметтік әділдікке көзқарасы, діннің қоғамдағы рөлі, ұлттық  мәдениетке, тілге әсері т.б. қандай?» – деген сауалдар қояды. З.Саматтың терең теологиялық тартыстың тақырыбы боларлық сұрақтарына муфтият та, басқа да жауап қайырған жоқ.

Мұндай догмалыққа қарсы үн қатып, пікір білдірген зиялы қауым өкілдері аз болмады. Әсіресе, қоғамдағы қандай өзгерістерге болмасын бей-жай қарамайтын шығармашыл ортада уахабшылдық әрекеттер ашық талқыланды. Мәселен, белгілі айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы осыдан тоғыз жыл бұрын Мұхамеджан Тазабековпен болған айтысында оның теріс діни ұстанымына қатысты өз пікірін бүкпесіз жеткізген еді. Сол кезде-ақ «ерекше» діни уағызға ден қойып жүрген Мұхамеджанның ұстанымын Дәулеткерей былайша сынға алады:

Хақ жолын жаратқанның сүйіп жүрмін,

Бол адам, пенделіктен биік жүргін.

Өткенде Орал барып театрда

Шариғат жайында жиын қылдың,

Астанада музакадемияда

Зікір қылған жастарға тиым қылдың.

Игілікті іс қылып ел аралап,

Әрине, жалпақ жұртты сүйіндірдің.

Бірақ та Қожа Ахмет бабамыздың

Жолын жоққа шығарып қиын қылдың

Оның дұрыс ел әруаққа бағынбасын,

Басқаны бір Аллаға сиындырдың.

Сенен басқа білетін діндәрлар бар

Неге сонша асығыс түйін қылдың,

Дәл осылай шалағай шешімдермен

Мұхамеджан, біздерді күйіндірдің…

Әркім өз беттерінше әңгіме айтып,

Ұлтымның уақытын ұттырмасын!

Қазақты қай ұшпаққа шығарады,

Сәлдемен сәндегендер сырт тұлғасын?!

Исламды қырық түрлі уағыздап,

Қатырып қойдыңдар ғой жұрттың басын!

Дәулеткерейдің бұл сөзіне Мұхамеджанның жауабы таза салафилік сарында болды:

Ясауиге мен қарсы шыққамын жоқ,

Жалғыз Алла болған соң табынғаным.

Яссауи де пенде ғой, оны қайдам,

Мен өзім бір Құдайдың жолындамын.

Осы айтыста уахабшылық ұстанымдар жайы алғаш рет сөз болып, ол шығармашыл топтың бұл мәселені қызу талқылауына жол салып берді.

Осыдан кейінгі жылдары уахабшылардың белсенді жүргізген үгіт-насихаттары өз «жемісін» бермей қоймады. Баспасөз беттеріндеде қажылыққа барып қайтқан кейбір мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің сапардан алған әсерін бөліскен жазбаларында ұлттық дүниетанымдағы кейбір мәселелердің «қате екенін» ашық сөз қыла бастады. Мәселе қабірге зиярат, әулиелі жерлер, кесенелерге қатысты болды. Қазақ даласында ғасырлар тезінен өтіп қалыптасқан діни-танымдық үрдіс пен ханафилік және сопылық ұғымдардан хабары аз шығармашыл интеллигенция өкілдері елдегі діни ахуалды терең таным тезінен өткізбей жатып, Меккедегі жағдаймен салыстыра бастады. Ислам діні турасында едәуір білімі бар азаматтардың өзі аңғармаған уахабшылдық үгіттің жай-жапсарын еш дайындығы, өмірлік тәжірибесі жоқ жастардың мүлде ажырата алмасы анық еді. Кезінде сол араб сахарасында сахабалардың, әулиелердің басына жұрт зиярат ететін мазарлар салынғанын, 1805 жылы уахабшылардың алдымен Меккеге, кейінірек Мединеге шабуылы кезінде Пайғамбар тұрған хужра-сағадаттағы барлық діни кітаптар өртеліп, талан-тараж болғанын, ақыры барлық сахабалар мен әулиелердің қабірлері бұзылып, жермен-жексен болғанын бір білсе алдыңғы буын білер еді-ау? Мұның өзі кеңестік атеизмнің үгітінен салафилік-уахабшылдық үгіт-насихатқа бірден ұрынған, дәстүрлі діни-танымнан құр қалған буынның күйін байқатады.

Қазақ жеріне төнген қауіпке дер кезінде қарсылық қылып, уахабшылдықпен  күресті түбегейлі қолға алған – Исматулла қари мен оның шәкірттері болды.

Исматулла ақсақал – Ауғанстан жерінде тәлібтердің ойран салып, бейбіт елді шым-шытырық соғыс алаңына айналдырып жібергенін көзбен көрген адам. Уахабилік идеологиямен уланған тәлібтердің, исламның адамсүйгіш қасиеттерін ұмыт қалдырғанын байқаған мақсым, бұл бәленің қазақ жерінде қайталануынан барынша сақтандырды. 1998 жылдан бастап жүргізген үгіт-насихаттарында Исматулла қари сырттан ағылып келіп жатқан діни ағымдарға сақтықпен қарауға, керісінше, қазақтың өзінен шыққан әулие-ғұламалардың мұрасын меңгеруге шақырды. Ол: «Әй қарындас, бауырым! Қасиетті топырақта пиғылы жат, мақсаты күңгірт, уағыздаушылар қаптап кетті…Біздің Әл-Фараби, Ясауи, Абай, Шәһкарім, Ақмырза Дамолла ишан сияқты, өз топырағымыздан өсіп-өнген, хақтың ілімін түсінікті тілмен жеткізіп кеткен бабаларымыз бар», – деп уағыздады. Исматулла қаридың шәкірттері діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған конференциялар, кездесулер өткізді. Бұл үгіт «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігі атқарған әр түрлі мәдени іс-шараларының аясында жүргізілді. Кейбір облыстарда ішкі саясат өкілдері мен ҰҚК мамандары қаридың шәкірттерін өздері шақыртып, уахабшылдық, діни экстремизм қаупі жайында дәрістер ұйымдастырды, кітаптар шығарылды. Ол кітаптардың басқа діни әдебиеттен басты ерекшелігі – Құран аяттары мен Пайғамбар сөздерінің жергілікті ғұламалар (Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Әбубәкір Кердері, Қашаған, Балмағамбет Балқыбайұлы және т.б.)  шығармаларымен қоса өрілуінде болды.

Исматулла қари шәкірттерінің уахабшылдықты терістеген, дәстүрлі діни танымға үгіттеген бастамасы ресми діндәрлар тарапынан тек теріс бағаланды деу де жаңсақ пікір. Сопылықтың рухани әлеуетін, оның таза ханафи масхабы аясындағы ілім екендігін терең түсінген ҚМДБ шеңберіндегі бірқатар діни қайраткерлер, сопылар мен мүфтияттың бірлесуі – араб елдерінің көлемді қаржысының көмегімен лап қойған уахабилік топаннан қорғанудың бірден бір жолы екенін аңғарды. Бұған муфтият пен сопылардың жергілікті мешіттерде бірлесіп өткізген «мәуліттері» (Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күнін мерекелеу шарасы) дәлел. Мүфтияттың бірқатар шараларына Исматулла қари шәкірттерінен құралған «Ясауи» вокалды тобы шақырылып  жүрді. Өкінішке орай, ел болашағы үшін аса пайдалы бұл әріптестік ұзаққа созылмады. Мүфтият құрамындағы салафилердің үлес салмағының артуы және бас муфти мен Исматулланы араздастырушы күштердің әрекеті «жеміссіз» кетпеді. Бірте-бірте бас мүфтидің «сопылар – діни дәстүрді жалғастырушылар» деп жария еткен ұстанымы өзгеріске ұшырай бастады. Кейбір молдалар «сопылар» атауын «зікіршілер», «исматуллашылар» деген айдармен алмастыруды ұсынды. Осылайша,  Исматулла қаридің діни практикасын Ясауи ілімінен, сопылықтан ажыратып көрсетуге ұмтылыс байқалды. Мұның арты мүфтияттың сопыларға қарсы пәтуа шығаруына әкелді. Бұл өзгерістердің себебі де салафилердің айла-шарғысында жатты. Ашық идеологиялық күресте сопылардан жеңіліс таба берген салафилік көсемдер өз қарсыластарын тұқырту үшін ресми құрылымдарды оларға қарсы айдап салуға көшті. Мұның арты қазір біз бақылап отырған жағдайға әкелді. Исматулла қари мен оның бірнеше шәкірті тұтқындалды. Сопылық ұйымдардың қызметі тоқтатылды. Күштеу құрылымдарын сопылыққа қарсы айдап салушылардың шын ниеті елдегі дәстүршіл күштерге, ханафилік платформаға соққы беру екені ескерілмеді. Уақыт өте, зиялы қауым топ-топ болып, уахабилік қатерге қатысты өз алаңдарын Елбасыға арналған ашық хаттарында (Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында) білдіре бастады. Елбасыға жолданып, баспасөзде жарияланған тағы бір ашық хаттарда Исматулла мақсым мен оның шәкірттерін қуғындаудың қате екені ашық көрсетілді.

Осылайша, осы қазіргі уақытта діни аренада құрамында салафиліктің де өкілдері бар муфтият пен салаф-уахабшылардың жеке тобы ғана қалды. Оның арты Ақтөбе, Шұбарши, Кеңқияқ, Астана, Балқаш, Атырау оқиғаларына соқтырды. Ашық қарулы қақтығыс жағдайында бірқатар құқық қорғау қызметкерлері мен уахабшылардың құрбан болуы олармен күресті басқа сапаға ауыстырды. Ендігі жерде салафилік-уахабилік күштермен күреске жаңа тұлғалар (саясаттанушылар, депутаттар, кейбір дін ғалымдары) шықты. Бірақ ол күрес шашыраңқы, екіұдай күйде жүргізілуде. Ең бастысы, салафилік ілімнің идеологиялық негіздеріне соққы беріліп жатқан жоқ. Мәселенің себебі, қатердің өзегі назардан тыс қалып, тек салдармен күрес жүріп жатыр. Бұл уақытқа дейін діни экстремизм мәселесінде күштеу құрылымдарын өз идеялық қарсыластарына айлакерлікпен бағыттай алған уахабилік лобби әлсірегенін байқатты. Елдегі діни сипаттағы қақтығыстардың өршуіне бірден-бір себепкер күш салафизмнің өзі екені әшкере болды. Осыдан кейін бұған дейін көнбіс рөлін шебер ойнап келген уахабилік күштер өз мүдделерін қорғау жолында ашық шабуылға шығып отыр.

Парламент Мәжілісінде «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» жаңа заң талқысы кезіндегі депутат Бекболат Тілеухан мен дін істері агенттігі төрағасы Қайрат Лама Шәріптің жекпе-жегі біраз жайдың бетін ашты. БАҚ өкілдерінің алдында агенттік басшысы: «Намаз мәселесін біз ханафи масхабы бойынша түсіндіреміз. Депутат Б.Тілеухан басқа көзқараста… Сол себептен де біз депутат Б.Тілеуханның түсінігін біздің бабаларымыздың дәстүрі мен салтына сәйкес келеді деп санамаймыз» – деп мәлімдеді. (Тенгриньюс агенттігі, «31 арна», т.б.) Осылайша, билік тармақтарына ислам мәселесі бойынша ханафилік ұстанымнан бөлек «басқа көзқарастың» еніп кеткені мойындалып отыр. Ол қандай көзқарас? Дінге жауапты мекеме басшысы, кәсіби дипломат Қайрат Лама Шәріп атын атап, түсін түстемей отырған «басқа көзқарастағылар» жайы көпшіліктің талқысына айналып-ақ тұр.

Тек діни мәселеде ғана белсенді қайсыбір қоғамдық ұйымдар жетекшілері агенттік төрағасының отставкасын талап етсе, кейбір сайттар мен жекелеген журналистер «намазхана» және «хижаб» тақырыбын ашық саясиландыруға көшті. Жаңа заңға қарсы шығушылар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «әлеуметтік толқу» қаупі туралы ескертіп жатыр. Бұл әрекеттің астарынан мемлекетті бопсалау пиғылы қылаң беретіндей. Салафилік ағым жақтастары осы мәселелерді ушықтыру арқылы қоғам алаңын туғызуды көксеуде. Соңғы оқиғалар тізбесі олардың ештеңеден тайынбайтындығын көрсетіп берді. Осы себептен де жоғарыда баяндалған қазақы діни танымның салафилікке (уахабилікке) қарсы күресінің тарихи тәжірибесі мемлекет пен қоғамның өз келбетін сақтау жолындағы бастамаларына табан тірер тағылым деуге болады.

Төреғали Жұматай




Рекомендовать
Последние новости