Уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге 160 млн теңге бөлінеді — Саясат Нұрбек

Қаракөз Амантай 20 нояб. 2024 14:17 460

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуіндегі өзгерістің қазақстандықтарға әсерін зерттеу үшін үш жылдық бюджеттен 160 млн теңге бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Үш жылдық зерттеуге өтінім түсті. Енді бюджеттен 160 миллион теңге бөлінбек. Бірақ іс жүзінде бұл сома екі есеге қысқарып, шамамен 90-100 миллион теңге көлемінде болады деп ойлаймын”, – деді ол.

Министр зерттеудің құны конкурстың нәтижесіне сәйкес анықталатынын және бұл мәселені ұлттық ғылыми кеңес шешетінін айтты. Оның сөзінше, жобаның нақты егжей-тегжейі өтінім қаралғаннан кейін белгілі болады.

Зерттеу процесіне бірнеше институт, соның ішінде физиология және география институттары тартылуы мүмкін. Әдістер әлі нақтыланбағанымен, сауалнамадан тыс тәсілдер қолданылып, мәселенің кешенді түрде қаралатыны айтылды.

“Әзірге тек өтінім берілді, ал зерттеу әдістемесі мен оны жүзеге асыру жолдары конкурс өткізілгеннен кейін анықталады”, – деп түсіндірді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Сенат кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтарға қалай әсер етіп жатқанына қатысты ғылым зерттеу жүргізілетінін мәлімдеген еді. 

Сонымен қатар наурыздан бері қазақстандықтар арасында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Кейбір өңір тұрғындары бұл тәсіл жұмыс істеуге, оқуға тиімсіз екенін де айтты. Ал күні кеше Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты мәлімдеме жасады.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның 5-ші уақыт белдеуіне көшуінің артықшылықтарын айтты. Ол UTC+5 уақыт белдеуі ел халқының 76 пайыздан астамы (15 миллион 240 мың адам) кіретін Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қосқанда, 67,5-тен 82,5 градусқа дейінгі бойлықты қамтитынын айтты.

"Ел аумағының басым бөлігі 5-ші уақыт белдеуінде орналасқан. Бұрынғы UTC+6 уақыт белдеуі алғаш рет 1930-1931 жылдары "Белдеу уақыты + бір сағат" формуласы бойынша декреттік уақытты қолдану арқылы енгізілді. UTC+5 - еліміз үшін жаңа уақыт белдеуі емес, керісінше тарихи негізделген уақытқа оралу", - деді министр Үкімет отырысы кезінде.

Министрдің айтуынша, 195 елдің 117-сі географиялық уақытты стандарт уақыт белдеуіне жақын таңдаған.

Шаққалиев Халықаралық табиғи уақыт альянсы (IANT) Үкіметтің орталық және шығыс облыстар үшін географиялық бойлыққа сәйкес келетін және халық үшін оңтайлы шешім саналатын UTC+5 уақыт белдеуін белгілеу туралы шешіміне оң қорытынды бергенін айтты.

"Әлемнің көптеген елі табиғи циклге мүмкіндігінше жақын уақыт белдеуін таңдады. Сондықтан табиғи күн цикліне сәйкес келетін UTC+5 уақыт белдеуіне ауысу жаңалық емес, табиғи уақытқа оралуды білдіреді. Уақыт белдеулерін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген, экономикалық тұрғыдан орынды және елдің тиімді жұмыс істеу мүддесіне сәйкес келеді. Петицияны қарау нәтижесінде стандартты уақыт белдеуіне барынша бейімделуге бағытталған нақты ұсыныстар берілді", - деді министр.

Премьер-министр Олжас Бектенов неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырды.

"Сауда министрі қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдер келтіре отырып, нақты жауап берді. Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі бесінші уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан бұл ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім", - деді Бектенов.


Рекомендовать
Последние новости