Туризмді дамыту үшін сапалы жол қажет

Dalanews 30 окт. 2023 17:00 1025

Биыл Шығыс Қазақстан облысында аудандық және облыстық маңызы бар жолдар мен елдімекендердің көшелерінде 28,4 млрд.теңгеге 97 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 392 шақырымды қамтитын 90 жоба аяқталады.

Облыстық және аудандық маңызы бар 392 км жолдарды және елді мекендердің көшелерін жөндеуге 20,4 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде: ұзындықтағы Өскемен-Алматы автомобиль жолы бағытындағы Жібек жолы көшесінің 5,3 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыстың автомобиль жолдарының жалпы желісі 5265 шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 1238 шақырымды, облыстық жолдар 1587 шақырымды, аудандық жолдар 2440 шақырымды құрайды. Облыстық маңызы бар жолдардың 186 шақырымын, аудандық маңызы бар жолдардың 72 шақырымын, елдімекен көшелерінің 134 шақырымына жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

-«Облыстық және аудандық маңызы бар 242 шақырым жолдарға 7,7 млрд теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі жөндеу жұмыстары Өскемен-Тарғын-Самар (38 км), Күршім-Қалжыр (30 км), Сібір көлдері (25 км), Жаңа Бұқтырма кентіне кіреберіс (2 км), Ақжар (18), Зайсан-Шілікті (27,5 км), Ақжар-Шілікті (15 км) ауылдарына кіреберіс бағыттары бойынша орындалады, сондай-ақ, ірі елді мекендердегі басқа да кірме жолдар жасалады», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.


Сондай-ақ биылғы жылы "Омбы - Майқапшағай" а/ж асфальтбетон жабыны бойынша көлік жүргізіліп, 2024 жылы тас жолда қайта жаңарту жұмыстарының аяқталуы жоспарлануда. Бұл трассаны халықаралық деп атауға толық негіз бар. Өйткені ол үш елдің: Қазақстан, Ресей Федерациясы мен ҚХР-ның экономикалық және туристік дамуына серпін беруде. Шығыс Қазақстан облысы арқылы 231 шақырымы өтеді. 162,4 км-де жол-құрылыс жұмыстары аяқталған. "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ атап өткендей, бұл жолда жолаушылар үшін барлық жағдайлар жасалады.Мәселен бес демалыс аймағы (әр 50 шақырым сайын) орнатылады, олар жылы дәретханалармен, шағын архитектуралық нысандармен (беседкалар, орындықтар, урналар, эстакадалар және т.б.) және туристер мен жүк көліктеріне арналған басқа да керек-жарақтармен жабдықталады. Құрылысшылар барлық жұмыстар мерзімінде аяқталатынына сендірді. Қазір нысанда 300-ден астам жол техникасы мен қажетті адам саны еңбек етуде. Пайдалануға берілгеннен кейін рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығы 110 км/сағ құрайды, ал болашақта жүк көліктері үшін ақы алуды енгізу жоспарлануда.

Мамандар атап өткендей, "Омбы - Майқапшағай" тас жолындағы жұмыстардың сапасын бірден 5 ұйым бақылауда ұстауда (Тапсырыс беруші, ұлттық сапа орталығы, бас мердігер, техникалық және авторлық қадағалау). Жол экономикалық әріптес елдерді байланыстыратын және Шығыс Қазақстанға келетін туристер санын едәуір арттыруға мүмкіндік беретін транзиттік дәлізге айналады.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысының автомобиль жолдарының жалпы желісі 5265 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар 1238 шақырым. Шығыс Қазақстанның жергілікті тұрғындары мен қонақтарының жолдардың сапасына қатысты сыни пікірлеріде әрине орынды. Ал бұл аймақтың имиджіне теріс әсер етері сөзсіз. Келер 2024 жылды облыс әкімінің тікелей бастамасымен ШҚО-да жолдар жылы деп жарияланып, жолдарды жөндеу бойынша ауқымды іс-шаралар жоспарлануда. Ол үшін қаржыландыруды екі есеге ұлғайту көзделініп отыр. Өз кезегінде Өңір басшысы бейінді басқармалардың басшыларымен және басқа да жауапты тұлғаларға, бірінші кезекте негізгі транзиттік маршруттарға, оның ішінде шекара маңындағы аудандар мен туризмді дамыту аймақтарының жолдарына назар аудару қажет екенін баса айтты. Ең бастысы жолдың сапасына аса мән берілмек. Бұған жауапты басқармалар, қалалар мен аудандардың әкімдері де назар аударуы тиіс. Шырайлы Шығыс Қазақстан облысында ғасыр құрылысына баланған 2021 жылы Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы қарқынды жүруде. Көпірдің ұзындығы 1316 , ені 12,2 метр, 2 жолақты болмақ. Көпір Күршім ауданы Құйған ауылының жанында салынуда. Бүгінде нысан құрылысына қолданып жатқан материалдар, Еліміздегі жол сапасына жауап беретін бірегей мекеме Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мамандарының тікелей бақылауында. Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы ойдағыдай аяқталса, пароммен қатынап жүрген тек Күршімдіктердің ғана емес, бүкіл өңір жұртшылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайына, тыныс-тіршілігіне оң әсер ететіні сөзсіз. Логистикалық қарым-қатынас жолға қойылып, туризмнің дамуына да тың серпін бермек. Күршімдегі көпір құрылысы 2024-ші жылдың қазан-қараша айларында аяқтаулы жоспарланып отыр.

Иә, Елімізде, өңірде жолдардың құрылысы қарқынды жүруде. Алайда қазіргі таңда осы салада маман тапшы. Әсіресе білікті кадрларға сұраныс жоғары. Бүгінде жол саласында еңбек етіп, асфальт төсеп, көпір салып жүргендердің орташа жасы шамамен 45пен 50 дің аралығында. Аталған мәселеге терең үңілген ұлттық жол активтері сапасы орталығы "2 мың мектеп" жобасын іске қосты. Мақсат аталған салаға қажетті кадрларды мектеп жасынан қызықтырып, осы мамандыққа құштар қылу.


-«Үшінші жыл қатарынан біз оқу орындарын аралап жүрміз. Елімізде оқушылармен 5 мыңнан астам кездесу өткізілді, оларға бұл мамандығының қаншалықты тартымды екенін түсіндіреміз. Жалақысы да жақсы. Жұмыста көп», - дейді Ұлттық жол активтері сапасы орталығының ШҚО филиалының директоры Ержан Усманов мырза.

Иә сапалы жол салу үшін білікті мамандар қажет. Жол мұрату жету. Бірақ қандай жолмен, сол маңызды бүгінде.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Рекомендовать
Последние новости